Қордың салымшылар мен алушыларға көрсететін қызмет тері жайлы
- author «Ақ жол»
- 23 сәуір, 2019
- 171
– Зейнетақы шотын ашу үшін не істеу керек? – Биыл 8 қаңтардан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (ары қарай БЖЗҚ) міндетті зейнетақы жарналарын (ары қарай МЗЖ) есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын (ары қарай ЖЗШ) ашу үшін жеке тұлғаға ЖЗШ ашу жөніндегі өтінішті рәсімдеу үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, оның ішінде Қордың веб-сайтына жүгінудің қажеті жоқ. Енді жеке тұлғаның МЗЖ есепке алу бойынша ашылған зейнетақы шоты жоқ болса, алғашқы жарна келіп түскен кезде зейнетақы шоты Қордың ақпараттық жүйесінде автоматты түрде ашылады. Бұл ретте жеке тұлға МЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (тегі, аты, әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі, туған күні) бойынша сәйкестендіріледі. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері бойынша қажетті мәліметтерді Қор мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алатын болады. – Инвестициялық табыс деген не және ол қалай есептеледі? – Инвестициялық табыс салымшылар мен алушылардың шоттарына күн сайын есептеледі. Оның көлемі шоттағы жинақ ақшаның сомасына, оған түсетін жарналардың мөлшеріне және олардың тұрақты аударылуына тәуелді. Инвестициялық табысты есептеу шартты зейнетақы бірлігінің (ары қарай ШЗБ) құнына байланысты. Әрбір жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары теңгеде және шартты зейнетақы бірлігінде есепке алынады. Зейнетақы шотына түскен әрбір зейнетақы жарнасының сомасын Қордағы шартты зейнетақы бірлігіне бөлу арқылы ШЗБ саны есептеп шығарылады. Мысалы, сіздің жеке зейнетақы шотыңызға 10 000 теңге көлемінде зейнетақы жарнасы келіп түсті делік. 2019 жылдың 20 ақпанына қарай ШЗБ құны – 748 теңге дейтін болсақ, сіздің шотыңызға есептелетін ШЗБ саны 13,4 бірлік болады (10 000 теңге/ 748 теңге). Ал 2019 жылдың 21 ақпанындағы жағдай бойынша ШЗБ құны 750 теңге болды делік. Бұл ретте шотқа есептелген инвестициялық табыс ескерілді. Енді осы күнгі ШЗБ санын есептеп шығару керек. Сіздің шотыңызға есептелген ШЗБ саны ШЗБ-ның ағымдағы құны негізінде былайша қайта бағаланады: 13,4 ШЗБ * 750 теңге = 10 050 теңге. Осылайша сіздің зейнетақы жинақтарыңыз 2019 жылдың 21 ақпанына қарай 10 050 теңге болады. Бұл ретте зейнетақы жинақтары инвестициялық табыстан (50 теңге) және есептелген жарналардан (10 000 теңге) құралады. Сонымен зейнетақы жинақтары инвестициялық табысты есептеуге байланысты көбейді. Соның арқасында ШЗБ құны 2 теңгеге артты (750 теңге – 748 теңге). Зейнетақы жинақтары мен инвестициялық табыстың мөлшері жарналардың сомасы мен аударылу кезеңіне тәуелді. Сондықтан жарналарды жеке зейнетақы шотына уақтылы және толық көлемде аудару өте маңызды. – Ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы шотын кімдер аша алады? – Қазақстанның кез келген азаматы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ерікті зейнетақы жарналарын аудара алады. Ерікті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды төлеу, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін жасау тәртібі шарт тараптарының өзара келісімі бойынша белгіленеді. Бұл ретте жарналардың мөлшерінен гөрі, олардың тұрақты аударылғандығы маңызды. Ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтар болашақта Қордан қомақты мөлшерде зейнетақы төлемдерін алуға септігін тигізеді. Жеке тұлға бұл жарналарды өз табысы есебінен төлейді және өз атына немесе үшінші бір тұлғаның атына аудара алады. Бұл ретте заңды тұлғалар да жеке тұлғалардың, яғни өз жұмыскерлерінің атына ерікті зейнетақы жарналарын аударуға құқылы. Мұны көп жағдайда өздерінің қол астындағы мамандарын еңбекке ынталандыру мақсатында жасайды. Кәмелетке толмағандар да ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаса алады. Бұл ретте шартта кәмелетке толмаған тұлғаның атынан оның заңды өкілі қол қояды. Салымшы ерікті зейнетақы жарналары есебінен шот ашу үшін Қорға өзі келген жағдайда жеке басын куәландыратын құжат тапсырады. Егер шарт үшінші тұлғаның пайдасына жасалатын болса алушы да Қорға келуі тиіс. Бұл ретте салымшының (алушының) заңды өкілі немесе оның орнына нотариат куәландырған сенімхат негізінде сенім білдірілген тұлға өтініш бере алады. Өз пайдасына ерiктi зейнетақы жарналарын аудару үшін салымшы (алушы) жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа) тапсырса, үшінші адамның пайдасына шарт жасау үшін алушы да жеке басты куәландыратын құжат (түпнұсқа және көшірме) тапсырады. Заңды тұлғалар үшінші адамның пайдасына шарт жасасу үшін тиісті құжаттар топтамасын ұсынады. Қажетті құжаттар тізімі Қордың enpf.kz сайтында көрсетілген. 2018 жылдың шілдесінде Қор сайтының Жеке кабинеті және «Электрондық қызмет көрсету» бөлімінде жаңа қызмет іске қосылды. Ол – «Ерікті зейнетақы жарналары есебінен (өз пайдасына) зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу қызметі» деп аталады. Оны пайдалану үшін электрондық цифрлық қолтаңбаның кілті қажет. Сол арқылы тіркеліп, тиісті жеріне қажетті деректер енгізіледі. Кейін осы электрондық цифрлық қолтаңбаның кілтімен қол қойылады. Бүкіл операция бірнеше минут уақытты ғана алады. Ерікті жарналар бойынша шотты сайт арқылы ашу – уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Бір айта кетерлігі, салымшылар Қор сайты арқылы шотты әзірге өз пайдасына ғана ашуға құқылы. – Зейнетақы төлемдері қалай рәсімделеді? – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 9 қазандағы қаулысы негізінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларын және зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы қаулысына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бекітілді. Осы күннен бастап зейнеткерлік жасқа толған азаматтар жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (ары қарай МКЗЖ) есебінен қалыптасқан зейнетақы төлемдерін алу үшін бірыңғай өтінім мен құжаттар топтамасын тек бір жерге – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырулары қажет. Зейнетақы төлемдерін рәсімдеу жөніндегі өтініш негізінде алушыға (үнсіз келісім бойынша) мемлекеттік кепілдік бойынша айырма сомасын (инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сомасы және нақты енгізілген МЗЖ мен МКЗЖ сомасы арасындағы айырма) төлеуге қатысты алдын алу қызметі көрсетіледі. Яғни бұл үшін бөлек өтініш берудің қажеті жоқ. Қазіргі уақытта БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтары есебінен төлемдерді алу жөніндегі өтініштер мына жағдайларда ғана қабылданады: шетелге тұрақты тұруға кетуге байланысты; I және II топтағы мүгедектік мерзімсіз болып белгіленсе; жерлеуге және мұрагерлікке байланысты біржолғы төлемді жүзеге асырғанда; ерікті зейнетақы жарналары есебінен құралған жинақтарды алу құқығы туындаған кезде; сақтандыру ұйымымен зейнетақы шартын жасасқан жағдайда. Сонымен қатар БЖЗҚ-ның міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан ай сайынғы зейнетақы төлемдерін есепке алу, есептеу және стратегиялық міндеттері өзгеріссіз күйінде қалады. – Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекет тарапынан қандай кепілдік берілген? – «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік берілетіндігі туралы бап 2003 жылы пайда болды. Бұл механизм 2009 жылдан бастап белсенді түрде жүзеге асырыла бастады. Өйткені осы кезеңде қаржы дағдарысы салдарынан зейнетақы активтерінің табыстылығы азайған болатын. Сонымен мемлекет зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепілдік береді. Мұнда мемлекеттік кепілдік бойынша біржолғы айырма төлемі есептеледі. Ол инфляцияны есепке ала отырып, зейнеткердің шотындағы бүкіл жинақтардың сомасы мен сол шотқа енгізілген бүкіл жарналардың сомасын өзара салыстырғанда айқындалатын айырма сомасы. Біржолғы айырма төлемін зейнеткерлік жасқа толған азаматтар, I және II топтағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар, шетелге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар және осы төлемді алуға құқығы бар адам қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлері алуға құқылы. Бұл ретте Қорда зейнетақы жинақтары бар, I және II топтағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар және шетелге қоныс аударған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар зейнетақы жинақтары есебінен төлемдерді алу үшін Қорға жүгінеді. Ал мемлекеттік зейнетақылар мен мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін бір өтінішпен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш береді. Ал зейнет жасына толған азаматтар 2018 жылдың қазан айында енгізілген Композиттік қызмет аясында мемлекеттік зейнетақылар мен Қор төлемдерін және мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін бірыңғай өтінішті тек бір жерге – осы Мемлекеттік корпорацияға тапсырады. Айырма төлемін алу үшін бөлек өтініш берудің қажеті жоқ. Мемлекеттік корпорация зейнеткердің жинақтары туралы Қордан алынған мәліметтерді оның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляцияны ескере отырып, осы кезеңде енгізілген зейнетақы жарналарының сомасымен салыстырып тексереді. Егер алушының зейнетақы жинақтарының инвестициялық табысты қоса есептегендегі жалпы сомасы инфляцияға тең және одан жоғары болса, айырма сомасы төленбейді. Ал егер инфляциядан төмен болса, мемлекеттік корпорация айырма төлемін есептейді. Бұл сома біржолғы төлем ретінде республикалық бюджет есебінен алушының банк шотына 10 жұмыс күні ішінде аударылады.
«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді