Құрылыстағы жобалық-сметалық құжаттардың жайы пысықталды
- author «Ақ жол»
- 18 сәуір, 2019
- 276
Құрылыс саласы экономиканың қаражат көп жұмсалатын, яғни бюджетке әжептәуір салмақ түсіретін бір буыны болғандықтан, үнемдеу саясатын берік ұстанбасаң ұтылатының анық. Мәселен, былтыр облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен көптеген құрылыс жобалары қатаң сараптаудан өткені белгілі. Мысалы, аядай ғана ауылдың екі қабатты мектеп ғимараты жобасына жобалаушылар лифт (жедел саты) енгізіп жіберген. Ауыл мектебіне жедел сатының қандай қажеті бар десеңізші! Жобаларды сүзгіден өткізу ісінің нәтижесі көңіл көншітерліктей. Осының есебінен былтыр салаға бөлінетін қазына қаржысынан 10 миллиард теңгеден астам ақша үнемделген. Алдыңғы күні облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен әкімдіктің аппараттық кеңесінде бұл мәселе тағы бір мәрте пысықталды. Бұл жолы 2013-2018 жылдар аралығында өңірдегі құрылыс нысандарына жасалған жобалық-сметалық құжаттардың жай-күйі талқыланды. Мұнда да үнемдеу саясаты басты әңгіме арқауы болып өрілді. Жиында облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова хабарлама жасады. Ол 2013 жылдан бері жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, жүзеге асуы түрлі деңгейде тұрған 368 жобаның ішінен әзір болғанына, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылуына және сатып алу жолымен нысан қажеттілігі мәселесі шешілгеніне байланысты 147 жоба тізімнен бөлектеп алынғандығын айтып өтті. Енді әкімдік алдында осы 147 жобаға егжей-тегжейлі талдау жасап, бақылауға алу мәселесі тұр. Бұның ішіндегі 46 жоба бүгінде іске асқан. Ал жүзеге асып жатқаны – 14, оның алтауы республикалық бюджетке енгізілсе, қалған сегізі облыстық бюджет қаражатына ұсынылған. Жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, мелекеттік сараптамадан шығып қойғандықтан 16 жобаның ендігі аяқ алысы алаңдатарлық емес. Бірақ осы 147-нің ішінен 10 жобаның жобалық-сметалық құжатының мерзімі өтіп кеткен. Ол құжаттарды дайындауға 8,7 миллион теңге жұмсалған екен. Тоқ етерін айтқанда, сол тоғыз миллион теңгеге жуық қаржы желге ұшты деген сөз. Оның үстіне денсаулық сақтау және ветеринария салаларына қатысты осы он жобаның құрылысы қолға алынатын болса 160 миллион теңге керек. Бірақ дайын ғимараттарды сатып алу арқылы 10 жобаның мәселесі 70 миллион теңгемен шешілген. Яғни былтыр бекітілген регламентке сәйкес биылғы тазалаудан 90 миллион теңгедей қаржы үнемделіп отыр екен. – Жалпы, құрылыс жобаларының тиімділігі мен олардың жүзеге асырылуы барысын пысықтап, тиісті шешім қабалдаудағы бар мақсатымыз – бюджет қаражатын үнемдеу. Облыс әкімінің тапсырмасымен былтыр 2013 жылдан бері жүзеге асып жатқан жобаларды талдау жұмыстарын бастағанбыз. Бұл ретте жобаларды дайындағанда олардың құнына аса үлкен мән беріліп отыр. Мәселен, мектеп құрылысын алатын болсақ, бір оқушыға арналған орташа құны есептеліп шығарылған. Құрылыс жұмыстары содан аспай жүргізілуі тиіс. Былтыр жобалық-сметалық құжаттарға қатысты арнайы регламент бекітіп, сол бойынша әрбір құрылыс нысанының шекті құнын белгіледік. Сол межеге сәйкес жұмыс жүріп жатыр. Нәтижесінде былтыр қыруар қаржы үнемдедік. Биылғы жылғы жұмысымыз барысында да үнемдеуге басымдық беріп, оның да нәтижесін алдағы уақытта көреміз деген ойдамыз, – дейді облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев бізге берген сұхбатында. Қарапайым ғана тағы бір мысал. Жуалы ауданындағы 80 орындық Алатау орта мектебінің осы күнге дейінгі құны 650 миллион теңге болса, бүгінгі таңда 320 миллион теңгеге түсіріліпті. Яғни қаржы 50 пайызға дейін үнемделді. Сондай-ақ Мойынқұм ауданының орталығында 280 орындық балабақша нысаны жобаланған. Шын мәнінде былтыр жасалған білім саласына қатысты картаға қарасақ, аталған елді мекенде балабақшаның қажеттілігі жоқ екен. Керісінше, дефициттен гөрі профицит басым. Яғни Мойынқұм ауданының орталығына балабақша емес, бала керек. – Мұның бәрі – кезінде дұрыс талдау жасалмағанының салдары. Сол себепті осындай жобалар бізге қажетті жобалардың тізімінен алынып тасталды. Ал бұдан кейінгі, яғни 2019, 2020 жылдарға дайындалып жатқан жобалар қатаң түрде әр сала бойынша бекітілген картаға сәйкес іске асады. Яғни балабақша немесе медициналық пунктті тиісті салалық басқарма картасына енгізіп, қажет деп тапса ғана ол жоба бекітіліп, қаржы қарастырылады, – дейді Е.Дауылбаев. Қажеттілігін жоғалтқан 147 жобаның кейбірі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында, кейбірі сатып алу арқылы шешілген. Ал кейбір жобалардың 2017 жылы жобалық-сметалық құжаттары жасалып қойған екен. Бірақ ол сметадағы шығынды былтыр сатып алынған, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған ғимараттардың құнымен салыстырсақ, екі-екі жарым есе қымбат шыққан. Сол себепті бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ол жобалар әзірге тоқтатылған. Рас, кейбір жобалар, ауылдың ақсақалдары, я болмаса сөзі өтімді халық қалаулылары арқылы өтіп кетіп жатады екен. Ал тиісті басқармалар өз картасында ол жобаларды растамайды. Қысқасы, жиыннан ұққанымыз – бұдан былай жоба басқарма картасында болмаса, құрылысына қаржы қарастырылмайды. Асқар Исабекұлы жиын соңында күн тәртібіндегі мәселеге қатысты тиісті тұлғаларға түйткілдерді тез арада әрі сапалы шешу мақсатында аудандармен де жұмысты күшейтуді жүктеді. Дегенмен Еркебұлан Дауылбаев кейбір аудандардағы құрылыс бөлімінде маман жетіспейтіні, жиі ауысатындығы қажетті ақпаратты дер кезінде алып, жұмысты жедел әрі жүйелі жүргізуге көп кедергі болып жатқанын жасырмады. Әсіресе Тараз қалалық құрылыс бөлімінің кадр ісінде мәселе көп. Сондай-ақ өңір басшысы жүзеге асқалы тұрған құрылыс нысандары жобаларының ішінен маңызды әрі ауқымдыларын тез арада іріктеп, биыл бекітілетін республикалық үшжылдық бюджетке енгізу жұмыстарын жеделдетуді жүктеді. Күн тәртібінде қаралған мәселе өзекті әрі күрделі болғандықтан, Асқар Исабекұлы жақын күндері бұл тақырыпқа қайта оралу керектігін, соған сай құрылыс жобаларының әкімшісі болып отырған тиісті басқарма басшыларына тыңғылықты дайындалып келуді ескертті.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді