«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауылды көтерудің бір жолы – кооперативтер құру

Ауылды көтерудің бір жолы – кооперативтер құру
ашық дереккөз
Ауылды көтерудің бір жолы – кооперативтер құру

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов кеше жұмыс сапарымен Т.Рысқұлов ауданында болып, аудандағы өндіріс ошақтарының, әлеуметтік және білім, денсаулық сақтау салаларының жұмыс барысымен танысты. Өңір басшысының ауданға жұмыс сапары Ақыртөбе ауылдық округінде орналасқан «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрама жем дайындау зауытының жұмысымен танысудан басталды.

2016 жылы ашылған зауыт бүгінде 11 пайыз қуаттылықта жұмыс істеп тұр. Мұнда сағатына – 15, тəулігіне – 300, жылына 12 мың тонна өнім шығарылуда. Зауыт толық жүктемесімен жұмыс жасаған жағдайда жылына 109 мың тонна мал азығын дайындауға қауқарлы. Қазіргі таңда 5 маман зауыт жұмысын қашықтықтан басқаруда. Олардың орташа айлық жалақылары 92 000 теңгені құрайды. Сондай-ақ кәсіпорын базасында ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жағдайы және шаруашылықтарды құнарлы мал азығымен қамтамасыз ету жайы сөз болды. Жалпы өздерінде атқарылып жатқан жұмыстарға серіктестіктің директоры Александр Линник жан-жақты тоқталып өтті. Келесі кезекте өңір басшысы Көгершін ауылдық округі әкімшілігі ғимаратының жай-күйімен танысты. 1956 жылы іргесі қаланған ғимарат бүгінде апатты жағдайда. Осыған байланысты əкімдікке – жаңа ғимарат, ал ауылдықтарға – мəдениет үйі, балабақша жəне мектепке күрделі жөндеу жүргізілуі керектігі жөнінде ұсыныстар айтылды.

Бұдан кейін Асқар Исабекұлы Көкдөнен ауылдық Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті. Аталған жиынға көпбалалы аналар, ардагерлер мен қоғамдық кеңестерінің өкілдері қатысты. Мұнда да ардагерлер тарапынан Көгершін ауылында Мəдениет үйінің жоқ екені, сондай-ақ 60-шы жылдары салынған мектеп үйін күрделі жөндеуден өткізудің қажеттігі көтерілді. Осы тұрғыда өңір басшысы «Аталған ауылда жаңа ғана болып, Мəдениет үйінің жай-күйімен де таныстық. Оның иесі тозған Мəдениет үйінің ғимараты үшін 110 миллион теңге сұрап отыр. Бұл өте қымбат. Оны алған соң, күрделі жөндеуден өткізу үшін тағы да қыруар қаржы бөлу керек болады. Қазір 80 миллион теңгеге де Мəдениет үйін салуға болады. Ойлап көріңіздерші, мұның қайсысы тиімді? Ал мектеп мəселесіне тоқталатын болсақ, былтыр облыста біз бірінші кезекте салынатын білім саласына қатысты нысандардың 3 жылдық жоспарын жасап, оған 48 нысанды кіргіздік. Егер сол жоспарда сіз айтқан мектеп бар болса, салынады. Сондай-ақ ауылдық округ əкімінің кеңсе -ғимаратын да көріп, таныстық. Барлық жағдайда бюджетке қол сала бермей, бұл мәселені демеушілердің күшімен, басқадай жолдарын қарастыра отырып шешуге болатын сияқты. Осыны аудан əкіміне аудандық деңгейде қарастыруды тапсырдық. Басқосуда Жақсылық, Луговой, Жаңатұрмыс, басқа да ауыл тұрғындары таза ауызсу, газ, ағын суға канал салу, мал жайылымы, тұрғын үй салу үшін жер телімін беру, медициналық пункт пен спорт кешенін соғу, жолдарды жөндеу, жол белгілерін қою, басқа да қордаланған күрделі мəселелерді ортаға салды. Бүгінде ауданда 3492 көпбалалы отбасы бар. Ал атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны – 527 отбасыны (1350 адамды) құрайды екен. Оның 250-і – көпбалалы аналар. Кездесуде өңір басшысы көпбалалы аналар мен аз қамтылған, жалғыз басты аналардың тұрғын үймен қамтылуы мəселесін демеушілердің күшімен шешуді қарастыру туралы ұсыныс тастады. Қазіргі таңда аудандағы өзекті мəселенің бірі – мал жайылымы. Жақсылық ауылының тұрғыны осы мәселеде мал жайылымының тарылуына байланысты ауылдық жерде мал ұстау қиындап кеткенін жеткізді. Бұған бір жағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дəлізіндегі мал өткелінің дұрыс салынбауы, екінші жағынан жеміс-жидек алқабының тап ауыл іргесіне орналасуы себеп болып отыр. Сондықтан тұрғындар ауыл маңындағы егістік жерлерді мал жайлымына беру жайы қарастырылуын қалайды. Асқар Исабекұлы жұртшылық өкілдері тарапынан қойылған сұрақтардың барлығына да жан-жақты жауап қайтарды. Кейбір сұрақтарға байланысты орынбасарлары мен басқарма басшылары түсіндірме берді. Бұдан кейін өңір басшысы осындағы Мəдениет үйінде орналасқан ақпараттық орталықта болды. Мұнда тұрғындардың «Азаматтарға арналған үкімет» порталынан анықтамалар алу мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін орталық қызметін алуға барлығы 118 адам қайырылыпты. Асқар Исабекұлы «SV Aгрo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарқынды алма бағында да болып, көшет отырғызу жұмыстарының жай күйімен танысты. Серіктестік 2017 жылы құрылып, 1000 гектар алқапқа жеміс-жидек отырғызуды жоспарлаған. Бүгінгі күні 528 гектар алқапқа алма, шие көшеттерін орналастырыпты. Кəсіпкер алдағы уақытта бір гектар алма бағынан – 50, шие бағынан 20 тонна жеміс-жидек жинауды көздеп отыр. Сонымен қатар 10 мың тонналық қойма салып, 244 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлауда. Ал 472 гектар жер жеміс-жидек бағын егуге жарамсыз болып шығуына байланысты мемлекетке өткізілген. Осы орайда серіктестік директоры Мейірлан Бейбітқұлұлы өзіне қарқынды алма бағын егіп, өсіруге қолайлы 700 гектар жер телімін беруді сұрады. Кəсіпкердің бұл сауалына аудан əкімі Ерболат Садырқұлов жауап беріп, кәсіпкер өтінішіне орай қолайлы жер қарастырылып жатқанын жеткізді. Одан әрі өңір басшысы аудандық орталық ауруханада болды. Бұдан кейін Асқар Исабекұлы бұдан екі жыл бұрын ғана іске қосылған «Астана» шаруа қожалығының сүт өнімдерін өндіретін шағын зауытына арнайы атбасын бұрды. Зауыттың жобалық құны 80 миллион теңгені құрайды. Тәулігіне 5, жылына 1500 тоннаға дейін өнім өндіру әлеуетіне ие. Мұнда арнайы ыдыстардағы сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, йогурт өнімері шығарылуда. Оған қажетті құрал-жабдықтар Ресейден әкеліп орнатылған. Қожалық жетекшісі Әбді Әбубәкір қосымша шикізат көзін ауыл тұрғындары мен аудан көлемінде құрылған сүт бағытындағы кооперативтер құрап отырғанына тоқталып өтті. Сондай-ақ ол шаруашылық жұмысын жүйелеуде қаржы тапшылығы мәселесі біраз қолбайлау болып отырғандығын жеткізді. Өңір басшысы аталған шаруашылық базасында ауылдық округ əкімдері мен шаруа қожалықтары жетекшілерімен кездесіп, еркін форматта әңгімелесу өткізді. Оның «Егін сеуіп біттіңіздер ме? Жанар-жағармай жеткілікті ме? Биыл қант қызылшасын қанша гектар алқапқа еккелі отырсыздар?» деген сауалдарына орай аудан шаруалары егіс жұмыстарының жалғасып жатқанын тілге тиек етті. Ал қант қызылшасы былтырғыға қарағанда аз егілмек. Оған ағын судың тапшылығы мен қант зауытының қарызы себепкер болып отырған сыңайлы. Асқар Исабекұлы осыған байланысты сұрақтарға жауап бере келе, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудың артықшылықтарын да жете түсіндіріп өтті. Аудан кəсіпкерлері «Ауылды көтерудің бірден-бір жолы ауылдық кооперативтер құру» деген ортақ тоқтамға да келді. Облыс әкімі А. Мырзахметовтің ауданға жұмыс сапары аудандық М.Өзбеков атындағы Мәдениет үйінде түйінделді. Онда Асқар Исабекұлы ауданның белсенді жастарымен кездесті.Жастар жылына орай ауданда ауқымды шаралар қолға алынған. Биыл 718 жасты жұмыспен қамту жоспарланса, алғашқы тоқсанда 192 жас жұмыспен қамтылыпты. Ал өткен жылы «Zhas Projeсt» жастар корпусын дамыту жобасы аясында 24 жоба ұсынылып, оның 12 ісі грант иегері атанған. Бүгінде оның 4-еуі нақты іс жүзіне асырылған. Бүгінгі күні аталмыш жобаға қатысуға 243 өтініш келіп түсіпті. Оның 112-ісі арнайы сертификат алғандар. Олардың əрбірі 3 миллион теңгеден үміткер. Бірақ бұл қаржы барлығына жетпейтіні айтпаса да түсінікті. Осы мақсатта биыл жоба аясында 15 миллион теңге бөлінген. Енді жастардың сұранысына қарай бюджеттен қосымша 21 миллион теңге бөлу сұралып отыр екен. Кездесуде қойылған сұрақтардың дені кəсіпкерлікке қатысты болды. Құлан мал дəрігерлік колледжінің студенті Нұрсұлтан Берікбаев «Жастарға қандай мамандық таңдауға кеңес бересіз, қандай мамандыққа сұраныс жоғары?» деген сауал қойған еді. Асқар Исабекұлы бұл сұрақ төңірегінде тебірене ой қозғап, əрбір жастың алдына бірінші кезекте «Болашақта кім болғым келеді?» деген сауал қойып, сол мақсатына жету жолында талмай тер төгуі керектігін, жүрек қалауымен таңдаған кəсіптің баянды болатынын айтты. Басқасуда жастармен басқа да мәселелерге байланысты еркін пікір алмасылды.

Марат Құлибаев

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар