Қордайда жұмыс көп

Қордайда жұмыс көп
ашық дереккөз
Қордайда жұмыс көп

Ауданның қай түкпіріне барсаң да жаңа құрылыс алаңдарын көптеп көруге болады. Соңғы жылдары бірнеше мектеп пен балабақша, дәрігерлік, әлеуметтік, спорттық нысандар, өндіріс орындары пайдалануға берілген болса, қазір салынып жатқандары да аз емес. Мәселен, Алға ауылында 180 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталды, бұған дейін апатты жағдайдағы ескі мектепте оқып келген ауыл балаларын жаңа оқу жылында екі қабатты сәулетті ғимараттың су жаңа парталар қойылған кең де жарық сынып бөлмелері күтіп тұр.«Балапан» бағдарламасымен Сортөбе ауылында салынып жатқан 280 орындық балабақша да осы айда пайдалануға беріледі. Биылғы жылға екі дәрігерлік амбулаторияның және бес медициналық пункттің құрылысына 378,7 миллион теңге бөлінген. Оның бірі – Сарыбұлақ ауылындағы отыз келушіге арналған амбулатория пайдалануға берілді. Құрылысы бітіп қалған дәрігерлік нысандардан Арал ауылындағы жаңа емдеу мекемесін атауға болады. Күніне жиырма адам қабылдайтын ФАП-тың құрылысын жергілікті мердігер «ПМК-48» ЖШС биылғы сәуір айында бастаған болса, қазір үйдің төбесі жабылып, терезелері әйнектеліп, ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Нақ осылай Күнбатыс, Алға, Шарбақты, Соғанды ауылдарында медпункттер құрылысы қолға алынды.

Қақпатас ауылында өткен ғасырдың елуінші жылдары саман кірпіш пен қамыс қаркастан салынған ескі мектептің бұзылатын күні жақын. Биылғы мамыр айында мұнда 250 орындық жаңа мектеп салына бастады. Оған қажетті 454 миллион 403 мың теңге бөлініп, «КА строй LTD» ЖШС іске қызу кірісті. Мердігер құрылысқа кірпіш пен құм шағалды жергілікті материалдардан пайдаланып, ал сапалы цемент пен арматураны арнайы Алматыдан алдыруда. Жұмысқа басым бөлігі жергілікті тұрғындар болып табылатын қырықшақты адам жұмылдырылған. – Жаңа жылға дейін үш қабатты ғимараттың қабырға­ларын көтеріп, шатырын жауып үлгереміз. Ал, келесі жылдың күзінде пайдалануға беруді көздеп отырмыз, – дейді құрылыстың прорабы Е. Сәрсенбаев. Айтпақшы, нақ осы компанияның тағы бір бригадасы Красный партизан ауылында да 300 орындық үлкен мектеп салып жатыр. «Қолжетімді баспана -2020» бағдарламасы аясында аудан орталығында тұрғызылып жатқан 50 пәтерлік бес қабатты тұрғын үйді биылғы жылдың басты құрылыс нысандарына жатқызуға болады. Оған бір гектар жер телімі бөлінген. Үйдің құрылысын мердігер-компания «Арқат» ЖШС (директоры Е. Беделбаев) жүргізуде. Барлық мемлекеттік сараптаулардан өткізіп, жоба құжаттарын әзірлеу үшін қаржы аудан қазынасынан бөлінсе, жалпы құрылыс республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Бұл ең алдымен мемлекеттік бағдарламаның «Жалдамалы баспана» бағытына қатысушы болып табылатын әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған. Баспанаға аса мұқтаж қарапайым отбасыларға арналған осындай тағы бір көппәтерлі үйдің құрылысы келесі жылы басталады. Қазір оған лайықты жер таңдалуда. Мемлекеттің қатысуымен жүргізілетін осындай іргелі құрылыстардан бөлек, тұрғындардың өз күшімен салынып жатқан сәулетті құрылыстар қаншама. Қай ауылға барсаң да бірінен бірі өткен тұрғын үйлер көбейіп, жаңа көшелер бой түзеуде. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл аудан құрылыс алаңына айналған.

Құрманбек Әлімжан,  «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар