«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тараз көлік жолы» сапарға шақырады

«Тараз көлік жолы» сапарға шақырады
ашық дереккөз
«Тараз көлік жолы» сапарға шақырады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына ену үшін өндірісті өркендетіп, қажетті материалдарды өзімізде өндіру міндетін қойып отыр. Бұл бағытта Тараздағы «Тараз көлік жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Кәсіпорын облыс және еліміздің аумағында автомобиль жолын жөндеумен шұғылданады.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Таукент ауылында сағатына 56 тонна асфальт бетон шығаратын зауыт орнаттық. Серіктестік соңғы бес жылдың бедерінде «Күйік-Қарабастау-Жаңатас-Саудакент» автомобиль жолының 40 шақырымынан астамын күрделі жөндеуден өткізді. Биыл «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» автомобиль жолының 76-95 шақырымында орта жөндеуді қолға алдық.

Заманауи үлгідегі қуатты техниканы шоғырландырып, қажетті материалды өзімізде өндіргенде ғана жоғары еңбек өнімділігіне қол жеткіземіз. Мұны біздің кәсіпорын көп жылдан бері іс жүзінде дәлелдеп келеді. Өндіріс базасындағы үш асфальт бетон зауыттарында сағатына 100 тоннадан астам өнім шығарылады. Өзіміздің құм-тас өндіретін карьеріміз және оны уатып, сұрыптайтын зауытымыз бар. Бетон әзірлейтін желі де науқан кезінде үздіксіз жұмыс істейді. Өткен жылы жол белгілерін жасайтын цехты іске қостық. Сондай-ақ, поребрик, бордюр, темірбетон сақина шығарылады. Біз бүгінде жол жөндеу үшін битумды ғана Павлодардан сатып алудамыз. Қалған қажетті құрылыс материалының 90 пайызы өзімізде өндіріледі. Біз тапқан табысымыздың 20 пайызын жыл сайын тұрақты кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын жаңартуға жұмсаймыз. Соңғы 3 жыл мерзімде мұнда жаңадан алпыстан астам техника сатып алынды. Жол салатын техника саны 200 бірлікке жетті. Соның нәтижесінде тұрақты жұмыс істейтіндердің қатары 300-ден асты. Жазда мұнда 500 адамға дейін жұмыс істейді. Орташа айлық-жалақы – 75 мың теңге. «ИСО -9001» халықаралық сапа менеджменті жүйесі енгізілген және экологиялық сертификаттар бар. Өндірілген өніміміздің барлығы зертханаларда тексеруден өткізіледі. Серіктестіктің жылына 2 миллиард теңгенің құрылыс жұмысын жүргізе алатын әлеуеті бар. Біз үстіміздегі жылы қатысқан мемлекеттік сатып алу конкурстарында «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» облыстық мәндегі автомобиль жолымен қатар «Түркістан-Арыстанды» автомобиль жолында 13,5 шақырым, Жамбыл ауданының Аса ауылындағы Б. Момышұлы көшесінде 2,150 шақырым, Жамбыл ауданының Аса ауылындағы Жетітөбе көшесін 2,310 шақырым және Төле би көшесінде 3,3 шақырым, Жаңатас қаласындағы Жібек жолы көшесіндегі кіреберіс жолды және Жаңатастағы Әулиеата көшесіндегі жолды орта жөндеуден өткізу жұмысын ұтып алған болатынбыз. Өзімізге жүктелген тапсырманы орындауға мамыр айында кірістік. Кесте бойынша оларды үстіміздегі жылдың қыркүйек айында пайдалануға беруге тиіс едік. Қазірге дейін Жаңатастағы Әулиеата және Жібек жолы көшесінде және Жамбыл ауданы Аса ауылындағы Төле би көшесіндегі орта жөндеу жұмыстары бір ай бұрын толық бітіп, мемлекеттік комиссия қабылдап алды. Сапасына жақсы баға берді. Қазір қалған нысандарда белгіленген жұмыс қызу жүргізілуде. Бұл тірлікті де кестедегіден бір ай бұрын бітіруді көздеп отырмыз. «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» нысанының орта жөндеуі кесте бойынша келесі жылы бітеді. Әр нысанда атқарылып жатқан жұмыс сапасына айрықша көңіл бөлінеді. Техникалық қадағалаушылар ірі нысандар басынан тұрақты табылады. Серіктестікте маман тұрақтамаушылығы жоқ. Еңбек өтілі 20 жылдан асқан білікті мамандар шоғырланған. Олардың алаңсыз және өнімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасауға күш салудамыз. Жолшылар үш мезгіл тегін тамақпен, алыс нысандарда істейтіндер жатын орынмен, теледидар, кондиционер және душпен қамтамасыз етілген. Арнайы жұмыс киімдері тұрақты беріледі.

Луиза Батчаева, «Тараз көлік жолы» ЖШС директоры.

Ұқсас жаңалықтар