немесе Сөз сәулесін аңсау
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="97315,97316,97317,97318"]ейде... ейде, иә, далада жүріп даланың қадірін білмейміз. Қалада жүріп қаланың қадірін білмейміз. Адамдардың арасында жүріп адамдардың да қадірін білмейміз. Тауда жүріп тауға, бауда жүріп бауға да немкетті қараймыз. Гүлді еңкейіп иіскеуді ұят көреміз. Сол сияқты таланттарды да танығымыз келмейді. Шетке қағамыз. Аяқтан шаламыз. Тұлпарларды тұқыртып байлап тастап, жабылардың үстіне жібі алтын жабу жабамыз. Өнер деген – үлкен ұғым. Оның ішінде театры бар (опера және балетін қосқанда), әні бар, күйі бар, бейнелеуі бар, сазы бар дегендей, ал әдебиеттің өзі поэзия мен проза боп адымы қысқаларға алынбас бір биік боп ол да маңғаз жатыр. Осы өнердің төңірегінде небір таланттар жүр. Соларды да тани алмаймыз, көре білмейміз. Көретіндер бар, бірақ некен-саяқ. Тараз қаласында, мен білетінде, таланттардың қуанышын бөлісуге рухы жететін бірнеше парасат иесі бар. Олардың бірі белгілі ақын Күләш Ахметова, екіншісі, белгілі журналист-публицист Мейрамбек Төлепберген, үшіншісі мен төртіншісі Қаржау Кемелов пен Қырғызәлі Тілеуов деген азаматтар. Әнін тыңдаса әншісіне, әңгімесін оқыса жазушысына, жырына сүйсінсе ақынына риза болып, пікірін білдіріп жатқандары. Бұл – біздің қаламызда өнерді түсінбейтін, проза мен поэзияны оқымайтын зиялы қауым өкілдері мүлде жоқ деген сөз емес. Бар, бірақ сол баяғы немкеттілік, «е, мұны мен де жаза алам ғой» деген өре таяздығы жеңіп кете береді. Өзгенің табысына өзінің табысындай қуану жағы кемшін түсіп жатыр да. Бұл мәселе айналайын Алматыда шешіліп қойған. Айтайын дегенім, арман қуып Алатаудың бөктеріндегі әсем шаһарға кеткеннен сол жақта қалып қойған Қали Сәрсенбай туралы. Жақында театртанушылар арасында «әкемтеатр» атанып кеткен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында эстет-қаламгер Қали Сәрсенбайдың «Сөз сәулесі» деп аталатын шығармашылық кеші өтті. Сөз өнерін ұлықтауға арналған осы кешке інілерді ілтипатымен іңкәр ететін, пікірлерімен парасат иесіне айналдыратын кіл мықтылар жиналды. Аттарын айтсаң-ақ кім екендері атойлап тұрған Әбдіжәміл Нұрпейісов, Серік Қирабаев, Ілия Жақанов, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Бексұлтан Нұржекеев, Смағұл Елубаев, айтып отырмын ғой, кіл мықтылар деп. Көңілімді босатып, көзімді жасауратқаны «ескінің көздері» атана бастаған осы ақылман ағалар жақсының қадірін білетін, таланттың шығармашылық табысын танитын ұлағатты ұлықтардың сарқыты екенін көрсетті. «Жиын-тойын» дара дарындардан жасырын өткізіп, онысына өзі тақылеттес жабыларды ғана шақырып, тарпаң мінезді талантты інілерінен анадайдан қарадай тұра қашып жүретін ағайындарға бұл бір ғибрат енді. «Сөз сәулесі» деген аттың өзі алпыс жылдық ғұмырын тек жазу өнеріне арнаған қаламгердің талайлы тағдырымен қандай үйлесім тауып тұр. Қалидайын қара сөздің шеберіне арналған шығармашылық кештің аты осылай болса керек-ті. Осы кештің үстінде қаламгердің құрметіне шығарылған «Эстет» деген кітаптың тұсауы кесілді. «Кескен кім?» дейсіздер ғой, айтайын, олар: Әбдіжәміл Нұрпейісов, Серік Қирабаев, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаевтар... Ал кешті қазақ тележурналистикасының мэтрі Нұртілеу Иманғали жүргізді. Қалың кітаптың (27,5 баспа табақ) ішіндегі Қалидың талғамы мен тақырыбы, шығармасы мен шеберлігі, кісілігі мен кішілігі туралы сүйсіне, тамсана, таңдана қалам тербеген жазушылар мен ақындардың ішінде Мұзафар Әлімбаев, Шерхан Мұртаза, Қадыр Мырза-Әліден бастап небір қазақ сөз өнерінің корифейлері жүр. Дүкенбай Досжаныңыз да, Мархабат Байғұтыңыз да, Темірхан Медетбек те, Бақыт Сарбалаұлы да, Нұртөре Жүсіп те, бәрі-бәрі осы «Эстеттің» ішінде сөз сәулесі жайлы қоңыр кештегі қоңыр әуендей қоңырқай бір сыр шертеді. Бәрі елу шақты автор. Бәрінің айтқаны сәулеге айналып келіп ұлы Абай жазған қара сөзге нұрын төгіп тұр. Сәуле алпыс екі тамырыңды иітіп, жүлге-жүлгеңді жібітпей қойсын ба, Қалидың өзі де шығармашылық кешінде жүзінде нұр ойнап, ерекше көңіл-күйде жүрді. Айпақшы, «Эстет» демекші, қазақтың сері мінез сырбаз ақыны, өмірден ерте кеткен ханзада мінезді, бекзат болмысты Нарша Қашағановтың Қалимен достығы тым ерекше еді. Сол Нарша ақын маған бірде «Қали – эстет!» деген. Аға теңеуіне риза болған мен оны іле Қалиға жеткізгем. Нарша ағаның алдында арым таза болсын деп айтып жатқаным ғой. Міне, біреудің шығармашылық табысына қуанып, баға берудің үлгісі! Қайтадан айналып айналайын Таразыма келейінші. Жасымыз бар, жасамысымыз бар, айналдырған аз ғана әдебиетшілер екенбіз. Бірақ неге бір-бірімізді оқымаймыз, оқысақ неге бір-бірімізді көтеріп, көтермелеп пікір айтпаймыз?!. «Елен Әлімжановты оқыдым, керемет екен!», «Несіпбек Дәутаевты оқып шықтым, қалам сілтесі бөлек қой, шіркін!», «Пернебай Дүйсенбин шығармаларының пайымы қандай терең!», «Шырын Мамасерікованың соңғы топтамасы қандай жақсы жазылған!», «Айша Көпжасарова көптен бері газеттен көрінбей кетіп еді, жақында жырларын оқып бір жасап қалдым!», «Құланда тұрып жатқан Қуандық Шолақтың өлеңдері тұнып тұрған лирика, бояуы қанық сурет қой, қандай ғажап!» деп, неге бір-бірлеріне тамсана, таңғала пікір айтпайды біздің зиялы қауым?!. «Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, Тірісінің жамандықтан аманы жоқ». Бес күн жалғаннан бақиға озған игі жақсының жаназасын шығарып тұрған имамның «Марқұм қандай адам еді?» деген сауалына сенің «Жақсы адам еді...» деп өтірік күбірлегенің (Астапыралла, күбірлеуге де рухы жетпейтіндер бар екен-ау) кімге керек?! Айтсақ, бүгін, қазір айтайық та! Ол үшін ешкім ақы сұрап, салық салмайды ғой, ағайындар-ау! Өткен аптада оқырмандардың қолдарына ертең тиетін газетті түн жарымында қарап отырып, тамаша ақын, журналист Табиғат Абаилдаевтың облысымызда дүрілдеп өткен республикалық айтыстан жазған мақаласын түгел оқып шықтым. Оқып отырып, әй, бір қуанып, әй, бір риза болғаным-ай! Тура ойымнан шыққан дүние екен. Менің қуанғанымды қойшы, ертең сонау алыстағы ауылдардағы сөздің қадірін білетін оқырмандарымыздың қуанышын айтсаңызшы! Бөлек қой ол қуаныш! Дәл сол күнгі нөмірге кезекші боп өзі де газет оқып отыр екен, орнымнан тұрып, кабинетіне арнайы барып қолын құшырлана қысып, рахметімді айттым. Ағалық ілтипатпен (редакторлықты, басшылықты жиып қойдым) шығармашылық табысын бөлістім. Бес жылдан бері қызмет етіп келе жатыр ғой, талай жақсы мақала жазды, ал мына жазысының өзі үшін емес, елі-жұрты үшін жазылғанын жеткіздім. Есіме түссе әлі де қуанам. Міне, ат төбеліндей аз ғана қаламгерлер бір-бірімізге көзіміздің тірісінде неге өстіп құрмет көрсетпейміз? Керісінше, озып бара жатқанды неге аяғынан шалып, неге кекетіп қалу, мұқатып қалу, одан қалса сыртынан саусақ шошайтып мырс-мырс күлуге келгенде мәстірміз (шеберміз). Өсек-аяң мен пыш-пышқа келгенде неге Құлагердей көсіліп, Батыраштардың нысанасына дөп келгенше қамшы салдырмаймыз? Қысқасы, Қалидай қаламгерге арналған «Сөз сәулесінен» ойланып қайттым. Көп нәрсені ойға түйіп қайттым. Бір-бірін сөз сәулесімен жылытып, рухтандырып, ұлықтап жүру дәстүрі орыс әдебиетінде о бастан бар. Қазақ әдебиетінде де жоқ емес. Енді сол жақсы дәстүр өңір зиялылары арасында да қалыптасса екен дейім де. «Отыз елдің қатарына қосылайық», «Өркениет көшіне ілесейік» деп жүргеніміздің де бір парасы осы сөз ғой.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Алматы-Тараз-Алматы.
Суреттерді түсірген «Алматы ақшамы» газетінің фототілшісі Самат Серікбайұлы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді