Кино көруге келіңіз!

Кино көруге келіңіз!
ашық дереккөз
Кино көруге келіңіз!
Облыс орталығындағы ҚР Тұңғыш Президенті саябағындағы амфитеатрда төртінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткізіліп отырған «Кино әлемі» акциясының биылғы маусымы «Ер Төстік пен Айдаһар» анимациялық фильмімен ашылды. Міне, содан бері облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына қарасты облыстық кино орталығы мекемесі қала тұрғындары назарына «алтын қордағы» отандық кино өнімдерін, сондай-ақ, Ресей және үнді фильмдерін ұсынып үлгерді. Кинокөрермендер Ильмира Талимжанова, Тұмарым Күлтаева, Зейнеп Бейсенова, Сайра Нұржанова, Сандуғаш Тілеуова, Мадияр Әшірханов, Аягөз Ережепова ашық аспан астында кино көрудің ғанибет екенін айтады. Олар, сондай-ақ, бір күнді балалар үшін анимациялық ертегі фильмдер көрсетуге арнаса, өскелең ұрпаққа берер тәрбиесі, тағылымы мол, төл тарихымызды түсіндіріп, насихаттайтын фильмдер көптеп түсірілсе, жастар көретін заманауи кинотуындылар да қамтылса, тіпті күнде кино қойылып тұрса деген тілекте. – Жалпы, қалада ашық аспан астында кинотуындыларды үлкен форматта көру мүмкіндігі жасалуының өзі айрықша іс. Көрермендердің өтініштеріне орай, енді мұнда сейсенбі мен сенбі аралығында кешкі сағат 21.00-де отандық кинофильмдер тегін көрсетіле бастады. Мұндай іс-шаралар басқа аудандар орталықтарында да жүзеге асырылуда, – дейді облыстық кино орталығының директоры Есен Рымқұлов. Акция үстіміздегі жылдың 30 тамызына дейін жалғаспақ.

Баймаханбет АХМЕТ, 

«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар