Бүгінде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жолын бөгеу үшін тиісті тексеруші-бақылаушы органдар қаншалықты қырағылық танытып отыр? Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде қалай жетілдіруге болады және нәтижесі көңіл көншіте ме? Осы мәселелер төңірегінде Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің ұйымдастыруымен семинар-кеңес қажет. «Мемлекеттік аудит саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» тақырыбында өткен бұл жиынға мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының басшылары қатысты. Бүгінде мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау ісін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылатын Есеп комитеті, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың тексеру комиссиялары, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органдардың (ішкі мемлекеттік аудит комитетінің облыстық департаменттері), орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ішкі аудит қызметтері атқарып келеді. Аталған тараптарға жүктелген міндеттер мен өкілеттіктер тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит нысандарының тізбесіне (жоспарына) сәйкес жүзеге асырылуы керек. Осы орайда қандай да бір мекемені тексеруде қайталануды болдырмау мақсатында тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит нысандарының тізбелері мен өзгерістерге байланысты жоғарыда аталған органдар өзара келісіп алулары қажет. Семинар-кеңесті жүргізген Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Алмас Дүйсенбаев осы мәселеге тоқталды. Ол өзі басқарып отырған департамент басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, мемлекеттік бюджет қаражатының, мемлекет активтерінің пайдаланылуын, атап айтқанда бюджет қаражатының мақсатты және тиімді пайдаланылуының Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкестігін бақылауды қамтамасыз ету бойынша шараларды жүзеге асыратынын жеткізді. «Департамент өз өкілеттілігі шеңберінде өткен жылы 186 аудиторлық іс-шара өткізді, оның ішінде 2-еуі мемлекеттік аудит нысандарының тізбесі бойынша (жоспарлы) және 184-і – жоспардан тыс, 40-ы – жоғары тұрған органның тапсырмасы, 130-ы заңды және жеке тұлғалардың өтініштері, 14-і құқық қорғау органдарының сұрауы бойынша жүзеге асырылды. Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың 150-інде 23 582,4 миллион теңгенің бұзушылықтары бары анықталды. Оның ішінде 2 827,9 миллион теңгесі қаржылық, 20754,5 миллион теңгесі рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар. Жалпы 72 тексеру бойынша 19 670,8 миллион теңге көлемінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың бұзылуы орын алған. Жиында сөз сөйлеген аталмыш департаменттің бөлім басшысы Гүлнар Салиева аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша 54 лауазымды тұлғаға 10,6 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынғанын, 8,0 миллион теңге бюджет кірісіне қайтарылғанын, 2,4 миллион теңге өтелмеген соманың қалдығы сот орындаушыларына мәжбүрлеп орындауға берілгенін және 147 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын жеткізді. Департаменттің негізгі өкілеттіктерінің бірі – камералдық бақылауды жүргізу. Өткен жылдың қорытындысы бойынша департамент тарапынан мемлекеттік сатып алу бойынша камералдық бақылаумен 195 286,1 миллион теңгеге 25118 лот қамтылыпты. «Камералдық бақылау нәтижелері бойынша 2893 лот бойынша 52 495,8 миллион теңге сома көлеміндегі бұзушылықтар анықталды, бақылау нысандарына бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар жіберіліп, олар толық көлемде орындалды», – деді департаменттің бөлім басшысы Ләйлә Сапаралиева. Бұл ретте жиналғандар тарапынан ұсыныстар мен сұрақтар ортаға салынып,жұмыс барысындағы көптеген мәселелер талқыланды.
Қарлығаш Есбергенова
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді