«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тұлпарсазда» туған әуендер

«Тұлпарсазда» туған әуендер
ашық дереккөз
«Тұлпарсазда» туған әуендер

Осыдан тұп-тура елу жыл бұрын бұрынғы Көктерек ауданы негізінде, алайда, аумағы әлдеқайда ұлғайтылған Мойынқұм ауданы құрылған-ды. Облыс орталығынан шалғайда жатқан өңірге өркенді өзгерістер әкелуді, ер көңілді адамдарының арман-тілегін алға апарып, тұрмыс-тіршілігін жақсартуды мақсат еткен осы оқиғаға орай өткізілген үлкен басқосуда «Кешегі шөл жерге қарашы, Бас иді Бетпақтың даласы. Шу бойын жайнатты, қайнатты, Бүгінгі малшының баласы», – деп келетін «Мойынқұм жастары вальсінің» тұсауы кесіліп, оны жиынға қатысушылардың тік тұрып салтанатпен шырқағаны да есте. Сол жолы «Анама» әнін де көп адам көзіне жас алып тыңдаған-ды. Бұл әндердің авторы бар-жоғы жиырма бір жастағы Сәкеңнің, Садық Құнанбаевтың жемісі мен жеңісі мол, сәттілікке толы ән сапары осылай басталған еді. Сол жас жігіт тоқтаусыз зырылдаған уақыт дөңгелегіне іркілмей ілесе отырып, қазіргі күндері көшелі кісіге, сабырлы, салмақты, парасат-пайымы мол, ақылы арнасын асықпай тапқан азаматқа айналыпты. Бірақ, қолына сырнайын алғанда, болмаса күйсандыққа отырғанда әлі күнге дейін бойын бір селдей жөңкіген сезім билеп, баладай елпілдеп, желпілдеп кететіні бар... Мұны да бір музыканың құдіреті деуге болар. Иә, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Садық Құнанбаевтың өмір жолына үңілсек, ғұмыр бойы еңбектенген, ізденген, алға ұмтылған, қиындықтан ықпаған, әр ісін де нықтаған, ауырлықтан қашпаған, жамандыққа баспаған қайсар жанның бет-бейнесі көз алдымызға келеді. Шөлейтті өңірдің қиян алыс бір түкпіріндегі Талдыөзек ауылында 1944 жылғы шіліңгір шілдеде дүние есігін ашқан нәрестенің келешегі сырлы сазбен, әсем әуенмен байланыса өріледі деп кім ойлаған, кім болжаған? Әйтеуір, қағылездеу қара бала бір тылсым күштің ықпалымен өнерді өзіне етене жақын санап өсті. Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болды, ауыл ақсақалдарының талай батасын да алды. Сол кезде-ақ, ол Абайдың «Сегіз аяқ», Кененнің «Бозторғай» әндерін үзілдіре шырқайтын. Алайда, оның бұралаң, бұрылысы мол өмір жолдарынан өтуіне тура келді. 1958 жылы Садық ауылдағы бар-жоғы жетіжылдық мектепті бітіргеннен соң, отбасы жағдайына байланысты алысқа ұзап оқи да алмай, амал жоқ, үш жылдай колхоздың қара жұмысына жегіледі. Шөп те шапты, мал қорасын да салды... «Орта мектепті де бітірмей қарайып қалмасын» деді ме, қамкөңіл анасының ақылымен, соңыра аудан орталығы Бірлік ауылындағы кәсіптік-техникалық училищеге барып оқиды. Дәл осында, иә, дәл осында балаң жігіттің алдағы өміріне күрт өзгеріс әкелген жағдай болды. Ол аудандық мәдениет үйінің директоры Таубай Әбешбаевпен жолығуы еді. «Іздегенге сұраған» дегендей, аға-іні, ұстаз-шәкірт, шебер музыкант – талапкер әнші бір-бірін жаңылмай тапты. Енді Садықтың аңсары тастай суық темір техникаға емес, ыстық лебімен жанын теңіздей толқытатын музыкаға біржолата ауды. Таубай ағасы бір кішкене сырнайын біржола өзіне беріп қойды, ол қолынан мүлдем түспейтін болды, күндіз-түні, ертелі-кеш тартады да жатады. Таубайдың соңында жүріп талай концерттерге қатысып, малды ауылда, қырман басында, дала қостарында да болғаны бар. – Таубай аға ерекше жан еді, – дейді Сәкең ой көзімен өткен күндерді шола отырып. – Бар болғаны алты айлық баяншылар курсын бітіргенімен, біздің көзімізге үлкен өнер адамы дерліктей көрінетін, шын мәнінде де солай еді-ау. Әрі жақсы сазгер-тұғын. Ауыл жастарының аузынан «Келші баққа», «Аңсағаным бір өзің» әндері түспейтін. Маған Жамбылға барып оқуға кеңес берген де сол ағам еді. Сөйтіп, аудан құрылған сәттен бастап-ақ жас сазгер есімі ел аузына ілікті, басшылардың, өнер саласы мамандарының көзіне түсе бастады. Көпшілік жиналған жерде «Мойынқұм жастарының вальсі» міндетті түрде айтылатын. Садық басқа әндерін де жалықпай жазып жатты. Мойынқұм шөл және шөлейтті өңір болғанымен, оның да табиғаты тамылжыған әдемі аймақтары аз емес. Хантауының қойнауы, Шу өзенінің аңғары сияқты жерлері малға да, аңға да толы еді кезінде, демалуға да жайлы болатын. Ал, «Тұлпарсаз» жайлауында небір дүбірлі тойлар мен малшылар слеті өтті ғой. Садықтың да талай әні осы жайлау төрінде туған еді. Талантты жастардың басын қосқан «Мойынқұм» ән-би ансамблінің құрылғаны да осы тұс. 1978 жылы мойынқұмдықтардың Мәскеуге жолы түсіп, орталық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі алаңында өнер көрсетті. Сонда Садықтың «Сенің бейнең», «Жүгеріші қарындас» әндері орындалып, аталған көрменің қола медалін кеудесіне тақты. Бір қызығы, әлгі медальдің реттік саны 1000-шы екен, мұны Сәкең де, әріптестері де сол кезде жақсылыққа жорыған. Бұл сапарлары шынында да құтты болып, келесі жылында «Мойынқұм» ансамблі алыстағы мұхит жағалауындағы Португалиядан бір-ақ шығып, айға жуық шетел аспанында қазақтың әсем әуенін қалықтатты. Ол жаққа өнер ұжымы құрамында Сәкең де барып, біраз әндерін күміс көмей әнші Зинакүл Қаймақова нәшіне келтіре шырқаған-ды. Бұл жөнінде кезінде «Правда» газеті «Браво, Мойынкум!» деп айқайлата жазды да. Сәкеңнің тағы бір қасиеті, барға қанағат етіп тып-тыныш отырмайды, әрдайым ізденісте жүргені. Әлі де үйренсем, білсем, жетсем, көрсем деуден жалыққан емес. Оған 1976 жылы Алматыдағы П. Чайковский атындағы музыка училищесін, 1986 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіргенін дәлел ретінде айтар едік. Иә, өмірін өнерге арнаған оның қаламынан бүгінге дейін бас-аяғы 150-дей ән, жеті аспаптық шығарма, екі өлеңдер кітабы туыпты. Оның бірнеше әні әйгілі әнші Нұрғали Нүсіпжановтың репертуарынан түспей әлі күнге дейін айтылумен келеді. Сондай-ақ, сазгер туындыларын кезінде Ғазиза Жұмакенова, Талғат Күзембаев және Ермек Әбілдаев сияқты әншілер де орындаған-ды. «Тараз» үштігі әнқоржынында да біраз әндері бар. Тағы бір қызығы, Сәкеңнің заманның зәйілімен еліміздің бірқатар өңірлерінде қызмет істеуіне тура келіпті. Мәселен, Алматыдағы музыка училищесін тәмамдаған соң, Торғай облысы оқу бөлімінің шақыруымен, Арқалық аудандық музыка училищесінде төрт жылдай ұстаздық еткен. Келесі кезекте Талдықорған өңіріндегі атақты Н. Алдабергеновтің ауылынан бір-ақ шығып, жаңадан музыка мектебін ашуға атсалысқан. Мұнан кейін Күрті ауданы басшыларының сұрануымен сол жердегі музыка мектебін басқарды. Дегенмен, Алматыға жақындасам деген ойы көңіл түкпірінде жататын үнемі. Бүгінде оның сол тілегі қабыл болып, Алатау баурайындағы оңтүстік астанада тұрып жатыр. –Құдайға шүкір, – дейді Сәкең толғана сөйлеп, – жұбайым Сәуле Тілеубайқызы екеуміз үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Бәрі де үйлі-баранды. Үлкен қызымыз Ардақ өз таңдауымен өнер жолына түсті, бүгінде танымал әнші. Ұл-қыздарымыздан 13 немере сүйіп отырмыз. Ендеше, біз бақытты емей, кім бақытты! Сырлы сазымен, жанының жазымен, өнегелі ісімен, өнердегі күшімен жетпіс жастың биігіне шығып отырған Садық ағамыз алда да ел-жұртын қуанта береді деп сенеміз.

Берікбай ҚАДЫҚОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар