«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаздың жылы жаңбырындай...

Жаздың жылы жаңбырындай...
ашық дереккөз
Жаздың жылы жаңбырындай...
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="97245,97246"]

Оның жүрегі жырмен де, әнмен де егіз. Саз бен сөздің үйлесімін кеудедегі жұдырықтай етке сыйғыза білген композитор көп әріптестеріне қарағанда бақыттырақ. Өйткені ол сиқырлы сазға сөзді өзі жазады. «Мынандай буын, мынандай дыбыс керек еді. Анау жолда қатаң дыбыс қажет емес», деп мәтіншіл ақынның артынан салпақтамайды. Мәтіннің нәзік ньюанстарын айшықтап, безендіріп, бір-бірімен тұтасқан әдемі дүниені өзі шығара береді. Көкдөненнен көлденең шыққан талант жоқ. Әйгілі «Келші айым» әнін жазған Мэлс Өзбеков, уытты әзілі күлдіріп отырып жылататын сықақшы Басқар Битанов, әндері жүрекке жеткен Жаңбыршы Үсейінов осы Көкдөнентаудың жұпар ауасын жұтып, өнерге жаздың жылы жаңбырындай жылылық әкелді. Алғашқы екеуінің аты көп жерде аталып, аудан үшін бренд атауға айналғанымен, Жаңбыршының есімі ұмыт қалғандай көрінетін. Сол олқылықтың орны толғандай болды. Мэлс Өзбеков атындағы аудандық Мәдениет үйінде композитордың шығармашылығын насихаттауға әрі Жастар жылына орайластырып, «Әнім саған, аманат!» атты ән байқауы ұйымдастырылды. Әнді сүйген Жақаңның байқауын мәнді етіп өткізуді аудан әкімдігінің білім бөлімі мен білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті мойнына алыпты. Екі кезеңнен тұратын өнер додасында оқушылар және 40 жасқа дейінгі ұстаздар топқа түсіп, кім мықтыны анықтады. Олар «Менің сырым – әнімде» атты бірінші кезеңде композитор Жаңбыршы Үсейіновтің әнін шырқаса, «Әуелеген ән болып» тақырыбындағы екінші кезеңде облыс композиторларының туған жер туралы шығармаларын орындады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған өнер байқауына елімізге белгілі әншілер Гаухар Мырзахметова, Көпшіл Ертаев, Назкен Қошқарбаева және аудандық білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаров, облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Эльмира Дүтбаева, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Айнұр Баймұратова қазылық етті. Бұл күні өнер иесінің «Ағайындар», «Соғыстан қайтқан әкелер», «Құдаша», «Нұркелді», «Әбілқайыр» секілді тамаша әндері залға жиналған жұртшылықтың жүрегін тербеді. Оқушылар әнді нақышына келтіре бебеулеткенде өнерсүйер қауым ризашылықпен қошемет көрсетіп жатты. Өнер байқауының жүлдегерлеріне қаржылай сыйлықты композитордың қызы, әріптесіміз Ардақ Үсейінова тағайындаса, екі аталым бойынша жеңімпаз атанған өнерпаздар облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұсынған қаржылай сыйлыққа ие болды. Байқау қорытындысында «Жас талант» номинациясы бойынша бірінші орынды өнер мектебінің оқушысы Әденай Прәлиева иеленіп, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тағайындаған 50 мың теңгелік сертификатқа ие болса, екінші орын Бірлес орта мектебінің түлегі Шолпан Садатқызына (30 мың теңге), 3-орын оқушылар арасында М.Төлебаев атындағы саз мектебінің шәкірті Рамазан Ілесов пен А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушысы Шұғыла Мақұлбайға бұйырды. «Үздік өнерпаз» аталымы бойынша аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының қызметкері Жазира Есболова үздік деп танылды. Өнер аламаны аяқталғаннан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаров сөз сөйлеп, композитордың мұрасын насихаттауда белсенділік танытқан қызы Ардақ Үсейіноваға алғысын білдірсе, Жаңбыршы Үсейіновтің досы, замандасы Тәліпбек Шақбаев бауыры туралы жылы естелігімен бөлісті. Облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Эльмира Дүтбаева жылы лебізін арнап, марқұмның жары Бақыт Айтжановаға облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы атынан сый-сияпатын тапсырды. Соңынан әділқазылар алқасының мүшелері, белгілі әншілер Гаухар Мырзахметова Жаңбыршы Үсейіновтің «Нұркелді», Назкен Қошқарбаева «Ағайындар», Көпшіл Ертаев «Құдаша» әндерін орындаса, байқау қатысушылары автордың «Сағыныш» әнін қосылып шырқады. Осылайша ән мен жырға шөліркеген жұртшылық сыршыл композитордың сырға толы әндерімен сусындап, жаны жадырады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен өнер байқауы мұнымен тоқтап қалмас. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған байқауға алдағы уақытта жүрегі өнер деп соққан демеушілер қолдау көрсетсе, конкурс ауқымын кеңейтуге мүмкіндік мол болатыны сөзсіз. Тіпті бұл байқауды ауданға жаңадан тағайындалған басшы Ерболат Садырқұлов өз қамқорлығына алып, іс-шаралар жоспарына енгізіп жіберсе де болатындай.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар