«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Адамзат ақыл-ойының алыбы

Адамзат ақыл-ойының алыбы
ашық дереккөз
Адамзат ақыл-ойының алыбы

ХІХ ғасыр алты алашқа данышпанын тарту етті. Әлбетте, өзге бірқатар елдер үшін XVIII-XIX ғасырлар әдебиеттегі күміс ғасыр саналса, қазақ үшін алтын ғасырға пара-пар еді. Ибраһим Құнанбайұлын өмір пәлсапасы, қоршаған орта, адами болмыс, адами психологиялардың қарама-қайшылығы, тағы өзге синкреттік характерлер өте қатты толғандырды. Адамның өмір сүру формасының мәні, мазмұны неде? Әлбетте, уақыт пен кеңістіктің заңдылығына мойынсұнған тіршілік иелерінің барлығы да ғұмыр кешеді. Тамақтануды, жемтік іздеуді аң да құс та біледі. Ал, төрт аяқтылардан айырмашылығы орасан адам баласының, Жан иесінің бұл өмірдегі миссиясы не? Ас ішіп, аяқ босату ма? Әрине, жоқ. Абай ілімінде, пәлсапалық туындыларында жан иесінің өмір сүру мақсатын, фабуласын, діттеген мұратқа жету жолындағы айқасын, адами болмыстың ішкі мазмұны мен рефлексін ашып көрсетуді өзіне мақсат етті.

Жүрек тазалығы

Рух үдерісін дамыта отырып жетілу – тағдыр иесінің негізгі критерийі екенін де қадап айтты ұлы ақын. Жетілудің де санқилы мазмұны бар. Түрлі жетілулер бар. Жетілу сөзін қалталық форматпен, яғни, баю миссиясымен ұштастыруға болмайтынын, оның негізгі формасы ретінде рухани өсуді, ілім-ғылымға әуес болу арқылы моральдық тұрғыдан өсуге болатынын да Абай философиясы арқылы білеміз. Адамзатқа ортақ ұғымға айналған Абайдың тұжырымы арқылы жанның жүректе орын тепкенін таныдық. Ол тән иесінің тіршілігін, қандайда бір қимылын жүрек арқылы басқарады. Яғни, жүректің негізгі функциясы басқарушылық. Анығы сол, тәндегі жан жетілмесе, онда адамның іс-қимылы да мүкіс тартады. Ішкі әлемінің қалауы жетілген адам ғана өмір философиясын мықтап меңгереді. Абай тұжырымының басты ұстанымы – жүректің тазалығы. Сонда адам жаны таза болады. Мұндай пәлсапаға Абай араб, парсы, шығыс әдебиетін оқу, тану арқылы байлам жасайды. Абай байырғы заман философтары Сократ, Платон, Аристотель, сондай-ақ, Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби мұраларымен де етене таныс болды. Батыс Еуропа философиясын, дәлірек айтқанда Р. Декарт, Б. Спиноза, Г. Спенсер, Л. Фейербах еңбектерін оқыды. Сол арқылы ол өзінің рационалдық философиясын түзді. Ол Ч. Дарвиннің даму теориясы мен анатомиялық ілім негіздерін білді. Абайдың жаратылыстану ғылымындағы білімінің кеңеюіне орыстың материалистік психологиясы, нақтырақ айтқанда И. М. Сеченов пен К. Д. Ушинский еңбектері маңызды қызмет атқарды. Одан да басқа факторлардың әсері мол болды.

Пушкинмен ішкі үндестік

Әлбетте кез-келген қаламгер өз шығармасын жазу үшін алдымен өзгелерді оқиды. Ешкім бірден қаламгер статусына ие бола салмайды. Абай шығыс әдебиетінен бөлек, орыс әдебиетінің өкілдерін көп оқыды. Олардың шығармаларынан керемет ойларды таба білді. Ол орыс әдебиетіне ден қойғанда алғашқы үңілген ақындарының бірі – Александр Пушкин еді. Содан болар, қос елдің дара ақындарының өлеңдерінде үндестік аңғарылады. Әрине, Абай мен Пушкин хақында әңгіме қозғала қалса, жұртшылық алдымен «Евгений Онегин» романын сөз етері анық. «Евгений Онегин» романында Пушкин орыс халқының сол замандағы халық тағдыры мен екі жастың арасындағы шынайы махаббатты асқан сезімталдықпен суреттеді.Кейіннен Пушкиннің «Евгений Онегині» Абай көңілінде ерекше орын қалдырды. Орыс халқының мәдениетін қасиеттеген, ұлы Пушкинді құрмет тұтқан Абай оның әдебиеттегі асыл мұраларының бірі – «Евгений Онегинді» ерекше сүйіспеншілікпен аударды. А. С. Пушкин шығармаларынан «Евгений Онегинді» таңдап алып, романнан аудармалар жасауы Абайдың ұлылығы мен кемеңгерлігін танытады. Абай «Онегиннің сипаты», «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Татьянаның сөзі», «Онегиннің ойы», «Онегиннің хаты», «Ленскийдің сөзі» үзінділерін тәржімалаған. Сиқырлы сөздің сазына, ырғағына айрықша ден қойған Абай мен Пушкин «Евгений Онегин» романы арқылы танысты, табысты. Қос алып ақынның ішкі сезім үндестігі мен шығармашылық тандемі жұртты сүйсіндірді. Мұны Мұхтар Әуезов өзінің өмірінің соңына таман жазған «Қазақ халқының ұлы ақыны» атты мақаласында «Абайдың Пушкинге көзқарасында бүтіндей бір өзгешелік бар», – деп аса байқағыштық танытады. Онегин мен Татьяна образынан алаш ақыны екі жанның арасындағы сыйластықты, махаббатты, бірақ тіршілік толқынының себептерімен қосыла алмай, опық жеген трагедиялық байланысты байқады. А. С. Пушкиннің «Письмо Татьяны к Онегину» өлеңіндегі: «Я к Вам пишу — чего же боле? Что я могу еще сказать? Теперь, я знаю, в вашей воле Меня презреньем наказать. Но вы, к моей несчастной доле хоть каплю жалости храня, Вы не оставите меня. Сначала я молчать хотела поверьте: моего стыда Вы не узнали б никогда, Когда б надежду я имела Хоть редко, хоть в неделю раз, В деревне нашей видеть вас», – деген жолдарды Абай аудару арқылы қазақ халқындағы осы тектес тағдырлардың жоғын жоқтап, мұңын мұңдады. Татьяна сөзі қазақ даласына ән боп тарады. «Амал жоқ – қайттім білдірмей, Япырмау, қайтіп айтамын? Қоймады дертің күйдірмей, Не салсаң да тартамын. Талайсыз, бақсыз мен сорлы, Еріксіз аттап ұяттан, Қорлыққа көндім бұл құрлы, Байқалар халім бұл хаттан», – деп Абай Пушкин өлеңдерін сөзбе-сөз тәржімаламаса да, оның негізгі мәйегін, қыз жүрегінің тұмадай тұнық мөлдір іңкәрлігін қазақтың танымына, ұғымына сай жеткізді. Бұл жолдарда Татьянаның түпсіз терең сезімнің тұңғиығына батып, сүйгеніне ғашықтық сөзін жеткізе алмай, алас-күлес күй кешіп, жан мехнатын сезінгені барынша шынайы бейнеленеді. Пушкин шығармаларын қазақшаға аударып, қазақтың болмысына сай сайратып жіберген Абайды өлең-сөздің құдіреті демей көр енді...

Онегиннің «мінездемесі»

«Как рано мог лицемерить, Таить надежду, ревновать, Разуверять, заставить, верить, Казаться мрачным, изнывать. Являться гордым и послушным! Как томно был он молчалив Как пламенно красноречив! В сердечных письмах как небрежен!»

«Жасынан түсін билеп, сыр бермеген, Дәмеленсе, күндесе білдірмеген. Нанасың не айтса да, амалың жоқ, Түсінде бір кәдік жол алады деген. Кейде паң, кейде көнгіш орныменен, Кейде елеусіз, кейде ынтық формыменен. Кейде үндемей жүрсе де, сөзге баяу, От жалындай жауапкер құрбыменен». Бұл да Абайдың шебер аудармасы. Абай аудармалары негізінен екі сипатқа бөлінеді. Дәл және ерікті аударма. Абайдың жасаған аудармаларының дәл не еркін болуы әр түрлі тарихи жағдайлардың жемісі. Мәтінді дәл аударудан дұрыс мағына шықпаған, не мәтіннің жай мағынасын бергенімен, ойындағыдай көркемдікке қол жеткізілмеген жерлерде Абай түпнұсқа мәтінінен алыстап барып, оның идеялық- көркемдік мағынасын дәл беруге тырысады. Қос елдің ұлы ақындары махаббат тақырыбында жиі үндестікке ұшырасады. Пушкин «Я вас любил» өлеңін махаббат тақырыбына арнады. Ол жай қатардағы өлең сөздері емес, ғашықтық дертке шипа боларлық өлең. Бұл – бір кезде ғашық болған әйелге деген терең сабырлылық пен үлкен адами достыққа, сыйластыққа толы үндеу десек те боларлықтай. «Я вас любил, любовь еще быть может, В душе моей угасла не совсем; Но пусть она вас больше не тревожит, Я не хочу печалить вас ничем, – десе, Абай: Сүйсіне алмадым, сүймедім, Сүйегім жасып, сор қалың. Сүйісіп саған тимедім, Бола алмадым сенің жарың, – дей келе, сүйгенінің жары болмағанына өкінеді. Абай өзі сүйе білген, өзін де сүйгізе білген, табиғаты, болмысы бірегей, «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» дегенді дұғадай сан қайталаған.

7Әдебиетте үндесу деген жиі қайталанатын құбылыс. Ұлылардың шығармаларының өзінен көп жағдайда әдеби үндестік аңғарылады. Бұл бір-бірін жиі оқығандықтан болар. Бұдан бөлек бүгінде біз жиі қолданатын эксперимент сөзі Абайдың дәуірінде де белең алған сияқты. Ақталатын эксперимент, ақталмайтын эксперименттің болатынын бәріміз білеміз. Иә, эксперимент қай дәуірде де болған. Бірақ, Абай сол экспериментке мәжбүрлі түрде барды. «Изузи – раушан, көзі гауһар, Лағилдек бетүші ахмар. Тамағы кардан һәм биһтәр, Қашың құдірет, қоли шәгә...» деген сарындағы өлеңдері сол кездегі молдалардың әліпбиінің форматында жазылған болатын.

«Физули, Шамси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Қожа Хафиз – бұ хәммәси, Медет бер, я шағири фәрият» деген араб, парсы, шағатай ақындарына сыйынып бастаған өлең жолдары да өзін-өзі ақтамайтынын жедел түсініп, сол дәуірдің үніне сай, қазақтың жанына дәлме-дәл келетін өлеңдерді жазуға кірісті. Абай поэзиясы, қара сөзі – қанша уақыт өтсе де ескірмек емес. Өйткені ол – өмір сүрудің философиясына айналып кеткен.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар