«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кітап оқу газет оқудан басталады

Кітап оқу газет оқудан басталады
Автор
Тараз қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында Мемлекет басшысының қолдауымен қолға алынған «100 КІТАП» ұлттық сауалнамасы аясында зиялы қауым өкілдері мен жастардың кездесуі өтті.

Шараның мақсаты – жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және зияткер ұлт қалыптастыруға атсалысу. Кездесуге Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман, белгілі журналист және қоғам қайраткері Жаңабай Миллионов, облыстық мәслихаттың депутаты, «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт және өңірге белгілі өнер адамдары мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Олар сауалнама аясында ұсынылған кітаптардың мазмұны, көркемдік ерекшелігі мен бүгінгі ұрпаққа берер тағылымы жайлы ой бөлісті.

Жиында белгілі журналист және қоғам қайраткері Жаңабай Миллионов «100 КІТАП» ұлттық сауалнамасы – өте өзекті әрі дер кезінде қолға алынған жоба екенін тілге тиек етіп, бұл бастама жастардың рухани дамуына, ұлттық құндылықтарды тануына, тіл мен әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыруға үлкен серпін беретінін атап өтті.

– Кітап оқу газет оқудан басталады. Әрбір жас алдымен газетті іздеуі керек. Кітап – адам мен қоғамды байланыстыратын алтын көпір. Әдебиетті оқыған бала – өз халқының тарихын, тілі мен мәдениетін тереңірек түсінеді. Ал мұндай кездесулер жастар мен зиялы қауым арасындағы рухани байланысты нығайтып, ой алмасуға мүмкіндік береді, – деді Жаңабай Миллионов.

Ал, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімінің кеңесшісі, ақын Хамит Есаман «100 КІТАП» ұлттық сауалнамасы – жастардың рухани әлемін байытуға бағытталған тамаша бастама екеніне жіті тоқталып, жоба арқылы жас ұрпақтың көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың дүниетанымын кеңейтіп, ойлау қабілетін тереңдетуге жол ашатын мол мүмкіндік екенін баса айтты.

Сондай-ақ, кеш қонақтары кітап арқылы ұлт санасын жаңғыртып, жастардың таным көкжиегін кеңейту – осындай кездесулердің негізгі өзегі болып отырғанын жеткізіп, кітап оқу мәдениетін дамыту бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар