Ірі өнеркәсіп орындары әлеуетін арттырудың алғышарттары
- author «Ақ жол»
- 11 сәуір, 2019
- 213
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың былтырғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуға тиіс. Үкімет өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән беруі қажет» деп атап көрсетілгені белгілі. Атап өтерлік жайт, біздің ауданымызда да экономиканы өркендетудің негізі саналатын шағын және орта бизнес нығайып келеді. Ірі өнеркәсіп орындары әлеуетін арттырудың алғышарттары жасалуда. Осы ретте Меркі ірімшік зауытының аты ауданымыздан тыс аймақтарға да жақсы танымал екенін екінің бірі біледі. Бұл кәсіпорын негізінен аудандағы қант зауытымен тұспа-тұс, 1934 жылы құрылған. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында «Меркі ірімшік зауыты» ААҚ болып аталды, ал қазіргі уақытта «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС болып қайта тіркеуден өтіп, үзіліссіз жұмыс істеумен келеді. Кәсіпорынды білікті де іскер азамат Дастан Айтөленов басқарады. Қазіргі таңда зауыт «Костромдық», «Голландық», «Ресейлік», «Меркілік», «Ойталдық» ірімшіктерін, сондай-ақ ерітілген «Янтарь» айран, қаймақ, қатты ірімшіктер, сары май және тағы басқа да 40-тан астам сүт өнімдерін шығарады. Мұнда биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларында жалпы сомасы 186 миллион теңгені құрайтын 433 тонна дайын өнім өндірілді. Әлбетте, кәсіпорын сәтті жұмыс істеуі үшін, оны қажетті мөлшерде жоғары дәрежелі шикізатпен қамтамасыз етіп тұру керек. Сәуір-қыркүйек айларында малдың жайылымдықтарда жайылуы есебінен өндірілетін сүт көлемінің ұлғаюына байланысты жұмыс пен өнім көлемі де артатыны белгілі. Ал күз, қыс айларында шикізат тапшылығы айқын сезіліп қалады. Қазіргі уақытта осы мәселе зауыттың жұмысына аздап кедергі келтіруде. Сондықтан кәсіпорын өкілдерінің ең бірінші кезекте сүт тапсырушылармен жұмысты жандандыру қажеттігі алдан шығады. Шикізаттың тапсырылуы мен өндірушілермен дер кезінде есеп айырысу кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуінің де кепілі болып табылады. Бүгінде сүт тек қана Меркі ғана емес, сонымен қатар Т.Рысқұлов, Жуалы, Шу аудандарынан, басқа да аймақтардан жеткізілуде. Зауытта барлығы 122 адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың дені – көпжылдық еңбек өтілі, тәжірибесі бар, біліктілігі жоғары мамандар. Мамандардың көп уақыты өндірілетін өнімнің сапасын арттыру ісіне бағытталумен келеді. Осы ретте ірімшік өндіретін бөлімшелердің іші-сырты күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа пластикалық әйнектерден жасалған есік, терезелер орнатылып, жылу, газ, су құбырлары жүйелерінің техникалық қайта жаңғыртылуы жүзеге асырылды. Жалпы өндірілетін өнім сапасының жоғары деңгейге жетуінің тағы бір басты себебі, ол өндірісте ешбір химиялық және өзге де қоспаларсыз тек қана экологиялық тұрғыда таза шикізаттарды пайдалану болып табылады. Сондықтан нарық айналымына тараптардан зауыт өнімдеріне деген сұраныс өсуде, оның ішінде Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Байқоңыр қалаларының да тұтынушылары бар. Талмай-қажымай атқарған жұмыстың нәтижесі өндіріліп жатқан өнімнің сапасының артуына да септігін тигізді. 2005 жылы халықаралық «Food Экспо – 2005» көрмесінде алты бірдей жүлдемен марапатталып, жоғары сапалы «Костромдық», «Янтарь», айран, қаймақ, ірімшік өнімдерін өндіргені үшін дипломын иеленді. Осы тектес жәрмеңкелер мен көрмелерге қатысудың нәтижесінде зауытты еліміздің көптеген компаниялары мен фирмалары да танып, біліп, біріге жұмыс істеуге ниет білдіруде. 2005 жылы зауыт халықаралық сапа стандарттарды енгізуді бастады. Соған сәйкес халықаралық тәуелсіз сарапшылар келіп, барлық сапа көрсеткіштерін түпкілікті тексеріп, ірімшік өндірісін халықаралық деңгейге шығаруды растайтын USO-9001-2000 атты сертификатымен куәландырған. Яғни бұл сертификат халықаралық нарықта сауда жасауға толық құқықтар береді. Зауытта жұмысшылардың кәсіптік біліктілігін арттыруға байланысты аттестациялар жүргізіліп отырады және өзінің біліктілігін шетелдерде арттыруға да мүмкіндіктері бар. Зауыт басшылығы ауданда ең бірінші болып жұмысшыларының жалақысын көтеріп, ай сайынғы жалақының үстінен берілетін сыйақының мөлшерін белгілегенін де атап өтуге тиіспіз. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың еңбекақыны екі есеге көтеру тапсырмасы бойынша мұнда да тиісті шаралар атқарылды. Жұмысшыларға барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Зауыт аумағында арнайы асхана жұмыс істейді. Онда зауыт жұмысшыларына қандай болмасын тағам түрі 50 пайыздық жеңілдікпен беріледі. Жыл сайын жұмысшылардың балалары жазғы демалыстарында Тараз, Бішкек қалаларына, оның ішінде аквапарктерге кәсіпорынның қаражаты есебінен жіберіліп отырады. Зауыттың тарихына және жұмысына өте үлкен үлестерін қосқан ардагер азаматтардың құрметіне жыл сайынғы қарттар күні мерекесінде үлкен дастархан жайылып, оларға арнайы сыйлықтар беріліп тұрады. «Меркі ірімшік зауытының» бүгінгі күні қол жеткізген табыстары да ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Зауыттың алдында тұрған маңызды міндеттің бірі – қазіргі заманның талаптарына сай келетін жаңа құрал-жабдықтарды лизинг тәртібімен алу. Сондықтан бүгінгі таңда осындай жетістіктерге жету үшін кәсіпорын ұжымы аянбай еңбек етуде. Биыл «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін қолжетімді несиелендіру мақсатында, мемлекеттік қолдау жобасы бойынша республикада бірінші болып «Даму» кәсіпкерлікті дамыту АҚ арқылы 16 миллион теңге көлеміндегі несие қаражатын 7 жыл мерзімге 14,95 пайыздық өсіммен осы «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС алды. Оның 6,95 пайызын мемлекет, яғни «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры өтейтін болады. Бұл қаржыға «Меркі ірімшік зауыты» сүт өндірісі бойынша кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып, өндіріс желісін жаңғыртқалы отыр. Ірімшік зауытының жұмыс өнімділігі 10-12, өңделетін өнім мөлшері 10-15 пайызға артқан. Бюджетке жыл сайын 40 миллион теңгеден астам салық аударымдарын жасау әлеуетіне де ие. Биыл техникалық материалдық базаны жаңартуға зауыттың жеке қаржысы есебінен 74 миллион теңге жұмсау жоспарланып отыр. Бұл зауыт өнімдерін 200-300 тоннаға дейін арттыруға негіз қалайды. Өз мүмкіндігіне орай «Меркі ірімшік зауыты» ауданда төрт, Жуалы ауданында үш, Т.Рысқұлов ауданында екі сүт өндіру бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға, сүт қабылдау пункттерін ашуға ұзақ мерзімде өтеуге болатын құрал-жабдықтар бойынша көмек көрсетіп, игілікті істің бастамашысы болып отыр. Кәсіпорын өнімдерін зауыт бағасымен саудалайтын аудан аумағындағы екі дүкен болса, биыл олардың саны тағы 1 бірлікке артпақ. Зауыттықтар «100 сауда орны» акциясы аясында Тараз қаласынан төрт сауда орнын алып, онда да дүкендер ашуды ойластырып отыр. Бұл талпыныс пен алға қойылған жоспарлардың барлығы да зауыт өнімділігін арттырудың алғышарттары болмақ. Жалпы ауданымызда бұдан басқа балық, қант, мұнай өңдеу зауыттары жұмыс істеуде. Әрбір өндіріс орнының басшысы жұмысшыларының табысы мен тұрмыс сапасын арттыруға үлес қосып, өндіріс ауқымын ұлғайту, аудан тұрғындарын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету жөніндегі өз жоспарлары мен мақсаттарын дәйектілікпен жүзеге асыру үстінде. Тоқетері, ауданда жеке кәсіпкерлік ісімен айналысып, еңбек етемін, табыс табамын деушілер үшін барлық жағдайлар жасалған. Тек ерінбей еңбек етіп, алға ұмтылса ғана жұмыс ілгерілейді, нәтижесі көрінеді. Ірі өнеркәсіп орындары әлеуетін арттыру жолындағы жемісті қадамдар да соның бір нақты айғағындай.
Мейірхан ӨМІРБЕКОВ, аудан әкімі.
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді