«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Астықты ауданда ауқымды тірліктер атқарылуда

Астықты ауданда ауқымды тірліктер атқарылуда
ашық дереккөз
Астықты ауданда ауқымды тірліктер атқарылуда

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында «Қарапайым заттар экономикасын» қалыптастыру жөнінде келелі ой қозғап, оны дамытудың қажеттігін баса айтқан болатын. Сондай-ақ Жолдауда азық-түлік өнімдерін, киім-кешек пен басқа да күнделікті тұтынатын заттарды өзімізде өндірмейінше, халықтың тұрмысын жақсарту мүмкін еместігі де жан-жақты зерделенген-ді. «Қарапайым заттар экономикасының» халыққа тигізер пайдасы қандай? Аталмыш жоба шеңберінде аудан бойынша қанша тұрғын несие алды? Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының «Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Т.Рысқұлов аудандық бөлімшесінің басшысы Ерғали Юнисовпен арадағы сұхбат, міне, осы және басқа да мәселелер тұрғысында өрбіген еді.

– Ерғали Райымжанұлы, «Қарапайым заттар экономикасы» жөнінде қарапайым жұрт аса көп біле бермейді. Сондықтан бұл жоба туралы кеңінен тарқата айтып берсеңіз... – Ең әуелі қарапайым заттар өндіру үшін тым қымбат құрал-жабдықтың, керемет инновациялық технологияның және өте жоғары деңгейлі кадрлардың қажеті жоқ екендігін айтқым келеді. Мәселен, ауданымызда сауда ісін дамытуға – 36, компьютерлік қызметті дамытуға – 2, монша қызметін дамытуға – 3, жеңіл өнеркәсіп – 2, өндірісті дамытуға – 2, қоқыстарды қайта өңдеу – 1, сүтті өңдеу зауытына – 1, автомобиль қызметіне – 1, наубайханаға – 1, сән салонын дамытуға – 1, туризмді дамытуға 1 адам несие алуға ниет білдірген. Мен атап өткен кәсіптің барлығы «қарапайым заттар экономикасының» тізбегіне жатады. Қазіргі уақытта аудан бойынша «қарапайым заттар экономикасы» бойынша бизнесті дамыту шеңберіндегі несие алатындар саны 51-ге жетіп, Үкіметтен жеңілдетілген несиенің сұратылған сомасы 652 миллион 500 мың теңгені құрап отыр. Ауданда өткен жылдың қараша айынан бастап «Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының» аудандық өкілдігі «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша жоспарлы түрде жұмыс жасау үстінде. Нақтырақ айтсақ, аудандағы 15 ауылдық округте орналасқан 42 елді мекеннің тұрғындарына қарапайым заттарды, атап айтқанда, сауданы, өндірісті және әртүрлі қызмет түрлерін дамыту үшін Үкіметтен ұсынылған жеңілдіктер бойынша хабарландырулар таратылып, республикалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының бөлімшесінде екі күндік жиналыс ұйымдастырылды. – Яғни сіздердің басты мақсаттарыңыз аудан аумағында шағын және орта кәсіпкерлікті ілгері дамыту ғой. Солай ма? – Дәл солай десе де болады. Бүгінгі таңда әртүрлі сала бойынша жеке кәсіппен айналысқысы келетін 51 адам «Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының» аудандық өкілдігінде тіркелген. Осы тұлғаларға несие алып беру мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, «Береке-3», «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары арқылы «Халық банкі» АҚ, «Центр Кредит» АҚ, «Форте банк» АҚ сынды екінші деңгейлі банктерге сүйене отырып, ұсыныс білдірген тұлғалардың несие алуларына қолғабыс етіп отырмыз. Сондай-ақ биылғы жылдан бастап, «МФО-Тараз» шағын несиелік ұйымымен тығыз қарым-қатынас орнатпақшымыз. Бұл ұйым бір жылдан асқан кәсібі бар тұлғаларға мал шаруашылығы және сүтті қайта өңдеу зауыттары бағыттары бойынша 6 пайызбен 5 жылға 20 миллионға дейін несие береді.

Тілші түйіні:

Осы орайда аталмыш бағдарлама бойынша алғашқылардың бірі болып несие алғалы отырған Кәмшат Молдақасымовамен әңгімелескенімізде ол: – «Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының» аудандық өкілдігінің тікелей атсалысуы бойынша 20 миллион теңге алу үшін «Халық банкі» акционерлік қоғамына қажетті құжаттарды жинап ақпан айында өткіздім. Бір айлық банктің тексерісі бойынша барлық талаптардан өттім. Жақын арада қажетті соманы қолыма аламын деген үміттемін. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-ның елу пайыздық грантымен 85 пайыздық кепілдігі бойынша жеке өзімнің 3 миллионға бағаланған жылжымайтын мүлкімді кепілге қоя отырып, 5 жылға 7 пайыздық жылдық үстемемен 20 миллион теңге алып, 60 бас бұқаны бордақылап, етін сатумен айналысуды жоспарлап отырмын. Бүгінгі күнде арнайы мал бордақылау орындары дайын, – деді.

Марат Диханбай, журналист.

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар