«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауда жерді барынша игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керектігі атап көрсетілген-ді. Ал былтырғы жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Елбасы «Бастықтар 27 жыл бойы басып алған жерлерді кері қайтарсын. Себебі маңызды бөліктерді алып, оны еш кәдеге асырмай отырсыңдар. Мысалы, Қытайда жерді неғұрлым тиімді пайдаланған адамға көбірек гектар беріледі» деп алдымызға жерді игеруге және тиімді пайдалануға қатысты жаңа міндеттер қойғаны баршаға мәлім. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қолда бар жер қорын тиімді пайдалануға және жер ресурстарын ғылыми негізде басқара білуге тікелей байланысты екендігі даусыз. Басты байлығымыз жер қорларын тиімді пайдалану – мемлекеттік стратегиялық мақсаттардың бірі болып табылады. Бүгінде жүзеге асырылған жер реформасы мен аграрлық саланы дамыту жағдайында жердің меншік иелері мен пайдаланушыларының қатары едәуір артып отыр. Жалпы облыстың жер аумағы 14 миллион 426 мың гектарды құрайды. Оның 72 пайызы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге қолайлы жерлер санатында. Дәлірек айтсақ, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 4,5 миллион, егістік жер 760 мың гектардан асып жығылады. Суармалы жердің көлемі 182 мың гектарды құрап отыр. Өңірімізде 18693 шаруа қожалығы, 225 акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 34 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері тіркелген. Олар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің – 74,3, егістіктің 81,5 пайызын пайдалануда. Қожалықтардың 63,7 пайызының жер көлемі 50,0 гектардан аспайды. Облысты дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасында жер қатынастары саласы бойынша пайдаланусыз жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді экономикалық айналымға тарту көрсеткіші индикаторлық көрсеткіш ретінде белгіленген-ді. Бұл облыс рейтингісіне әсер ететін көрсеткіштердің бірі болып табылады. Бағдарламаға сәйкес өңірде 70 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді қайта айналымға тарту көзделіп отыр. Тағы бір айта кететін нәрсе, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік мақсаттағы жерлерді сұранысқа сәйкес анықтау ауыл әкімдеріне жүктелген. Нәтижесінде 2018 жылы 941 ауыл шаруашылығы жеріне, 440 кәсіпкерлік мақсаттағы жерге сұраныстар түскен. Сондай-ақ жер нарығын қалыптастыруда өткен жылы жер телімдеріне құқықтар тапсыру бойынша 19 конкурс, 38 аукцион ұйымдастырылып өткізілді. Конкурс арқылы 216,6 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері жалға беріліп, аумағы 57 гектарды құрайтын жер телімдері аукцион арқылы кәсіпкерлік саласына сатылыпты. Сатылымға шығарылған жердің жалпы сомасы 134,8 миллион теңгені құраған. Жер кодексіне енгізілген өзгерістер бірінші кезекте елде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталып отыр. Кез келген кәсіпкер нысандарын жер телімдеріне орналастыру үшін орталық, жергілікті атқарушы әкімдіктердің интернет-қорларында, тиісті аумақта таратылатын мерзімдік басылымдарда берілген хабарламаларға сәйкес аукциондарға қатыса алады. Сонымен бірге шаруашылық ісін жүргізу үшін конкурстарға қатысып, жер телімдерін жеке меншікке немесе жалға алуларына толықтай мүмкіндіктері бар. Кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай тудыра отырып, аумақтың инвестициялық ахуалын арттыру бойынша өңірдің жер қорларының интерактивті (электронды) картасы жасалды. Ал жерді қашықтықтан зондтау мақсатында облыс аудандарында «Геопортал» жүйесі іске қосылып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің игерілуі бақылануда. Ғарыштық түсірілімдер арқылы бүгінде облыс деңгейінде 42,3 мың гектар егістік жердің игерілмей отырғаны анықталды. Аудан әкімдері берген есепте ол 15 мың гектарды құраған болатын. Осыған сәйкес иелігіндегі егістік жерлерін игермей отырған жер пайдаланушыларға салық мөлшерлемесін 10 есеге көтеру туралы нұсқаулық жер инспекциялары мен аудан әкімдіктеріне таратылып берілген. Облыстың жер қорларының әлеуеті ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік ісін дамытуға және ірілі-ұсақты инвестициялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер береді. Аграрлық салаға инвестициялар тарту мақсатында 293 мың гектар ауыл шаруашылық жерлері белгіленді. Облыста инвестициялық жобаларды іске асыру үшін барлығы 827,5 гектар жер бөлініп отыр. Елбасының жер қорына кешенді түрде түгендеу жүргізу туралы тапсырмасын орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған жер қатынастары саласындағы міндеттерді жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес ағымдағы жылы орман, су және босалқы жерлерін құжаттамалық түгендеуден өткізу жүргізілуде. Жер қорын түгендеу және құжаттамалық тексеру қорытындыларына сәйкес мемлекеттік жер кадастры базасын өзектендіру арқылы жер есебі нақты жағдайға сәйкестендірілмек. Сонымен қатар босалқы жерлерге жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде, егінге жарамды 24,9 мың гектар босалқы, 33 мың гектар жайылымға ауыстырылған жерлер белгіленіп, картаға түсірілді. Аудандарда құрылған жұмыс топтары күшімен жайылымға ауыстырылған егістік жерлердің егін шаруашылығына жарамды бөлігі анықталу үстінде. Бүгінде картаға түсірілген осы санаттағы 33,0 мың гектар егістік жерді айналымға қосу жоспарлануда. Анықталған жерлерді экономикалық айналымға тарту арқылы егістік жерлер көлемін 58 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік туып отыр. 2018 жылы суармалы алқаптар көлемін 5,2 мың гектарға ұлғайту межеленіп, 9 ауданда тәлімі егістіктер қосымша суландырылды. Облыстың жер қорында 9 414,5 мың гектар жайылым бар. Оның 3 620,5 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымында, 368,9 мың гектары елді мекендердің аумағында, 2 918,1 мың гектары орман қоры жерінде орналасқан. Мұның сыртында 1 332,6 мың гектар жайылымдық – босалқы жерлер санатында. Бүгінде басқарма алдағы уақытта атқарылар жұмыстарды жоспарлы түрде ұйымдастырып, орман, су, босалқы жер қорларына құжаттамалық түгендеу ісін жүргізуді одан әрі жалғастырмақ ниетте.
Бақтияр КӨПБОСЫНОВ, облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді