Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Жамбыл филиалының мәжіліс залында өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдеріне филиал директоры Евгений Шарыгин өңірдегі инфляция деңгейінің бүгінгі ахуалы жайлы айтып берді. Оның айтуынша, Қазақстан Ұлттық Банкі Үкіметпен бірлесе отырып биыл макроэкономикалық саясатты үйлестіру шаралары жөніндегі келісімге қол қою бастамасын көтеріпті. Бұл шара бағаның тұрақтылығын, қаржы нарығының орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Қаржы реттеушісі үйлестіріп отырған ақша-несие саясаты бірқатар қағидаттарға негізделіпті. Бұл тұрғыда инфляция деңгейін біртіндеп төмендету, қалыпты деңгейде ұстап тұру, инфляциялық таргеттеу режімін, теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамын, ырықты валюталық заңнаманы сақтау, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қолдау, тәуекелдерді бағалауға және теңбе-тең реттеу шараларына қалыпты бақылауда ұстап тұру көзделген. Елдің бас банкі 2019-2021 жылдар аралығындағы кезеңде инфляция деңгейін 3-5 пайызға дейін төмендете отырып, 4-6 пайыз шегінде ұстап тұруды діттеуде екен. Жалпы еліміз бойынша ағымдағы жылдың ақпанында жылдық инфляция 4,8 пайызды құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама төмен көрсеткіш көрінеді. Әрі ол Ұлттық Банктің биылғы жылға белгіленген 4-6 пайыздық арнаулы дәлізіне дәлме-дәл сәйкес келеді. Ал өңірдегі жылдық инфляцияның деңгейі ақпан айында 5 пайыз көлемінде қалыптасқан. Республика және облыс бойынша азық-түлік тауарлары едәуір мөлшерде, ал азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер тиісінше 6,1 және 1,7 пайыз аралығында қымбаттағаны да байқалуда. Жоғарыда айтылған келісімшарт шеңберінде Үкімет пен Қазақстан Ұлттық Банкі жүзеге асырылуы тиіс бірқатар міндеттерді айқындап отыр. Соның бірі – тиімді ақша-несие саясаты, инфляцияны бақылау және 3-3,5 пайыз шегіндегі оңтайлы базалық мөлшерлеменің деңгейін ұстап тұру міндеті алға қойылуда екен. Ал инфляцияның белгіленген арнаулы дәлізі шегінен шығу тәуекелдері күшейген кезде ақша-несие саясаты одан әрі қатайтылуы мүмкін. Бүгінгі күні базалық мөлшерлеме +/-1 пайыздық мөлшерлемелер дәлізімен 9,25, өтімділікті ұсыну және алу операциялары бойынша мөлшерлеме 10,25 және 8,25 пайыз аралығын құрайды. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2019 жылғы 15 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 17:00-де жарияланатын болады. Баспасөз мәслихатында облыс бойынша екінші деңгейлі банктер филиалдары тарапынан берілген несиелер көлемі үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,3 пайызға өсіп, 33,9 миллиард теңгені құрағаны да айтылды. Оның ішінде барлық несиелер ұлттық валютада берілген. Жеке тұлғаларға берілген несиелер 21,8 миллиард теңгені құрап, 25,3 пайызға артқан, заңды тұлғаларға берілген несиелер 2018 жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 83,3 пайызға артып 12,1 миллиард теңгені құраған. Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында шағын кәсіпкерлік нысандарына берілген кредиттердің көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге жуық немесе 141,3 пайызға артып, 11,1 миллиард теңгеге жетіпті. Өңірімізде халыққа 11 екінші деңгейдегі банк филиалдары, 27 уәкілетті ұйым мен «Қазпошта» АҚ-ның 103 айырбастау пункті қызмет көрсетуде. Наурыз айының 29 күнгі мәлімет бойынша шетел валютасының ресми бағамы: бір АҚШ доллары –380,06 теңге, еуро – 427,72 теңге, Ресей рублі – 5,86 теңгені құрапты. Сондай-ақ өңірдің айырбастау пункттерінде сатып алудың және сатудың орташа бағамы сәйкесінше 1 АҚШ доллары үшін 377,96 және 382,30, бір еуро – 424,87 және 430,83 теңге, ал 1 Ресей рублі – 5,79 және 5,94 теңге аралығында айырбасталуда. Қазақстан Ұлттық Банкі бұрынғысынша «Нұрлы жер» және «7-20-25» тұрғын үй бағдарламаларын қаржыландырып отырған бірден-бір белсенді ұйым болып қала береді. Бүгінде «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық бағдарламасы бойынша облыстың серіктес банктері 1,19 миллиард теңгені құрайтын 149 өтінім қабылдапты. Қазіргі кезде 611,4 миллион теңгені құрайтын 75 өтінім мақұлданса, 536,5 миллион теңгенің несиесі 64 өтініш берушінің қолына тиіп, баспаналы болған.
Тараз қаласы.
Марат Құлибаев
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді