«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Азық-түлік қауіпсіздігі айрықша маңызға ие

Азық-түлік қауіпсіздігі айрықша маңызға ие
ашық дереккөз
Азық-түлік қауіпсіздігі айрықша маңызға ие

Елбасы өзінің былтырғы жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында «Негізгі міндет еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейтіп, мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет» деп атап көрсеткені белгілі. «Достық» үйінде өткен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілердің форум-кеңесінде, міне осы халықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету үшін импортты экспортпен алмастыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында қолданылып жатқан ғылыми жаңалықтарды облысымызда да кеңінен енгізу мақсаты көзделген-ді. Оған Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының өкілдері мен облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуші кәсіпорындардың, шаруа қожалықтарының басшылары қатысты. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев ашып, жүргізіп отырды. – Қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 210 кәсіпорын жұмыс істеуде. Оның ішінде сүт өнімін тереңдете өңдеумен 18, ет өнімдерін тереңдетіп өңдеумен 21 кәсіпорын айналысады. Сондай-ақ өңірімізде іске қосылған үш бірдей ет комбинаты экспортқа ет шығаруда. Өткен жылы сүт бағытындағы 4 кәсіпорын 1 миллиард 700 миллион теңгеге, ет бағытындағы 4 кәсіпорын 535, 2 миллион теңгеге жарақтандыру жұмыстарын жүргізді. Осының нәтижесінде облыстағы ет өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесі 19-дан 35,6 пайызға, сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктелімі тиісінше 47-ден 56 пайызға дейін өсті, – деп атап өтті ол. Бұдан кейін сөз тізгінін алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев бұл шараның берері көп екеніне тоқтала келе: – Елімізде халықтың әлеуметтік жағдайын, табысы мен тұрмыс сапасын арттыруға байланысты ауқымды жобалар жүзеге аса бастады. Өйткені нарықтық қатынастардың заңдылықтарына төтеп беру үшін бәсекеге қабілеттілікті арттыру аса маңызды. Елбасының былтырғы жылғы Жолдауын нақты іс жүзіне асыру жолында ауыл шаруашылығы саласының алдында елеулі міндеттер тұр. Соның ішінде инновациялық технологияларды енгізу саланы дамытудағы басым бағыттардың біріне айналып отыр. Агроөнеркәсіп өндірісінде ең көп тараған инновация жолы – кәсіпорындарды тиімді басқару, ұйымдастыру, егін, мал шаруашылығы, механикаландыру, өндірісті автоматтандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспорттау екені белгілі. Сондықтан технологиялық үрдістердің жемісі саналатын дайын және жартылай дайын жасанды өнімге ойысып бара жатқан бүгінгідей жаһандану дәуірінде ауыл шаруашылығы саласын ғылыммен ұштастыра жүргізу аса қажет. Халықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету үшін импортты экспортпен алмастыру – заман талабы десек, бүгінгі форумның басты мақсаты да осыған саяды. Өнімдер өндіріліп жатыр. Алайда олардың қайта өңделуі кемшін. Өңіріміздің ауыл шаруашылығында астық өнімінің сапасы мен мал саны да өсуде. Кенжелеп тұрғаны – тек қайта өңдеу саласы. Міне, осы мәселені жерлесіміз Асан Бекешұлы басқаратын ғылыми-зерттеу институты ұжымының дөп басып, бірқатар отандық сапалы өнімдер тізбесін жасап, ұсынуы әбден құптарлық іс деп санаймын. Бұл – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі, – деп форум жұмысына сәттілік тіледі. Ал Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, академик, техника ғылымының докторы Асан Оспанов ұйымдасырылып жатқан шараның басты мақсаты аграрлық ғылымды қаржыландыру көздеріне өңірлік бизнес өкілдерін көптеп қатыстыруға бағытталып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, «Ғылым қорының» 2016 жылдан басталған зерттеу нәтижелерінің жүзеге асырылуы ісінде Жамбыл облысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуші кәсіпорындар аса белсенді емес. Мысалы, олар 2016 жылы екі, ал 2017-18 жылдары тиісінше бір-бірден ғана грант алған. «Ғылым қорының» биылғы жылдың мамыр-маусым айлары аралығында кезекті үш жылдық жоспарына сай грант үшін байқауы басталады. Оған қатысудың өзіндік шарттары да бар. Нақтырақ айтсақ кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасы, жері, малы болуға тиіс. Бұл жағы міндетті түрде тексерілуден де өтеді. Жалпы гранттық қаржы игеріліп, технологиялар енгізіліп, үш жыл ішінде жоба толықтай өзінің қуаттылығына жетуі керек. Үш жыл бойына жоғарыда аталған институттың ғалымдары мен мамандары шаруашылық ауқымын ұлғайту ісінің ұдайы басы-қасында болады. Бұл жобалар шаруаны түптің түбінде пайдаға да кенелтеді. Одан әрі тапқан табысы есебінен жыл сайын 15 пайыз көлемінде ғылым қорына аударып тұруға мүмкіндік тумақ. Тиісті тараптармен жылына 5 пайыз көлемінде қорға аударым жасап тұру жөнінде 10 жылға келісім жасалуы да мүмкін. Басқа да нұсқалар қарастырылады. Бір айта кетерлігі, биылдан бастап гранттың 10-20 пайызы қаржы сұраушылардың өз есебінен шығарылуға тиіс. Бұл кепілдік есебіне де кіреді. Бұдан кейін Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының мамандары тарапынан ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге «Ғылым қорының» мүмкіндіктерін, ет және сүт өнімдерін өндіруге арналған жаңа технологиялар мен биоэкологиялық жеміс-көкөніс шырындарын қалдықсыз өндірудің инновациялық технологиялары және ауыл шаруашылығы жануарлары мен балықтар үшін дайындалатын жиынтық қоспалар мен құрама жемдер шығару бойынша баяндамалар жасалды. Форум барысында инновациялық тағам түрлері – сиыр, түйе, бие, ешкі сүттерінен жасалған йогурттар, жеміс-жидекпен байытылған нан өнімдері, шырындар таныстырылды. Жиынға қатысушыларға олардың дәмін татып көруге де мүмкіндік жасалды. – Институмыз – Алматы қаласында, сондай-ақ Астана, Семей қалаларында филиалдарымыз бар. Бүгін институт ғалымдарының соңғы бес-алты жыл ішінде әзірлеп, дайындаған экологиялық таза да сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін әкеліп көрсетіп, өнеркәсіп пен қайта өңдеу салаларындағы патенттелген жасалымдармен, жаңалықтармен таныстырудамыз. Осынау өнімдеріміздің қандай да бір түрін ұнатқан өндірушілердің биыл «Ғылым қоры» жариялайтын байқауға қатысып, өздерін үш жүз миллион теңгеге дейінгі грантқа үміткер ретінде ұсынып, біз әзірлеген технологияларды қолдана отырып, түрлі өнімдер өндіруіне мүмкіндіктері бар. Бүгінгі таңда экологияның айтарлықтай ластануы, жас-кәрінің аурушаңдығының белең алуы күнделікті тұтынатын шетелдерден жеткізілер ас-тағамдардың құрамында зиянды элементтердің, ферменттердің, бояушы заттардың молдығымен де байланысты. Бізде, мысалы, қант диабетінің алдын алуға байланысты құрамында қант жоқ нан-тоқаш өнімдері дайындалуда. Неше түрі бар. Күнделікті пайдаланылып жүрген шұжықтар құрамының да 40-50 пайызында соядан жасалған еттер болады. Оның барлығы адам ағзасына зиянды. Еліміздегі адам жасы ұзақтығының орташа деңгейде болуы да осы тағам сапасының төмендеуімен байланысты. Қазір біздегі тағамдарға қосылар ингредиенттер, қоспалар көп. Бәрі де шетелдерден әкелінеді. Сүт өнімдері бойынша да шетелге тәуелдіміз. Олардың да 40-50 пайызын сырттан аламыз. Неге оларды өзімізде жасамасқа? Жалпы, азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мәселелер тиісті деңгейде қойылып жатқан жоқ. Ұлттың қауіпсіздігі азық-түлік қауіпсіздігінен басталады. Қалай болғанда да осы істі жолға қоюымыз керек. Елімізде, оның ішінде Жамбыл өңірінде де түйе, бие сүттерін кептіріп, ұнтақ жасауға талпынушылар бар. Алайда бұл үшін қажетті жабдықтар өте қымбатқа түседі. Осы мәселені шешу үшін құрамын түзіп, йогурттар жасап шығарып отырмыз. Өте арзан, жасқа да, кәріге де ағзасын тазалауына мол мүмкіндік береді, – деді бұл тұрғыда журналистерге берген сұхбатында Асан Оспанов. Қысқасы, еліміздің ғалымдары тарапынан өзімізде өндірілетін экологиялық тұрғыдан таза, адам ағзасы үшін пайдалы өнімдердің құрамы мен дайындалу жолдары зерттелініп, алғашқы легі тұтынушыларымен де қауыштырылуы қуантарлық жайт болды. Ендігі жерде кәсіпкерлеріміз осынау игілікті істі іліп әкетіп, жер-жерде мол өнім өндіруді жандандырар болса, құба-құп болар еді. Нәтижесінде халқымыз байып, бұрнағыдан да бақуаттана берері, денсаулық жағдайлары да жақсара түсері анық. Бұл – еліміздегі, оның ішінде өңіріміздегі қайта өңдеу саласының еншісіндегі іс.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Баймаханбет Ахмет

Ұқсас жаңалықтар