Мәдениет
Жыр алыбын жырлады сап бар күшін, Шөліркеген жұрт тың алып алғысын!
- author «Ақ жол»
- 8 сәуір, 2019
- 387
Жыр алыбын жырлады сап бар күшін, Шөліркеген жұрт тың алып алғысын!
«Жамбыл - менің жай атым, халық - менің шын атым!» республикалық аламаны мәресіне жетті Әлқисса [gallery bgs_gallery_type="slider" ids="96751,96752,96753,96754,96755,96756,96757,96758,96759"]
Айтыстың әуелден синкреттік өнер екені көпке аян. Ондағы лирикалық сарын бүгінде самалдай жаныңды желпіп өтсе, астарлы юмор күлдіріп отырып, ой салады, толғандырады, тіпті кейде тұңғиыққа батыратыны бар. Енді бірде таланты артық болса да, дауысы мен домбыра қағысы кем түсетін ақындар ойын өрнектеп жеткізе алмай қалатынын білеміз. Ал айтыста бес қаруың сай болуы керек. Ел болған соң ер болады. Тұлпар мініп ту ұстаған ұлдары көп Әулиеата өңірі – айтыстың алтын кені. Салмақты сөз бен жан-жақты ой халықтың жаны болса, айтыс – тамырда тулаған қаны. Әуелден-ақ зияткерлік танымы, қабілет-қарымы талайларды тамсандырған Мұхамеджаны, әуенімен жүректі баурап, ақындық әдебімен көңілді аулаған Әзімбегі бар Жамбыл жері сөз зергерлерінен кенде болған емес. Синкреттік өнердің сәнін келтірген Шорабек Айдаров бір өзі бір театр болатын.
Қазір ше? Таланты талабынан кем түспейтін аш бөрі секілді жас перілеріміз шүкір, баршылық. Алайда көптеген республикалық аламан айтыстарда жамбылдық жыр жампоздары үзеңгіге аяқ салғанымен, жыр-тұлпардың үстіне қарғып міне алмай қалатын тұстарын көз көрген кездер ұшырасты. Ондайда «ағайынның аты шапқанша, көршінің тайы озсын» дегенді жүрегімізге орнықтырып алғанымызбен, ағайынымызға да әредік ренжіңкіреп қоятынбыз. Тіпті қылыштай өткір қызыл тілді қайраққа салу үшін сынап та, сыбап та алғанбыз. Нәтиже бар секілді. Әйтеуір ізденістің ізіне түскен Қанат Мырзахан, Дархан Әбдіманат, Нұрлыбек Құрманов, Әсет Дүйсебаев секілді айтыскерлеріміз «Жамбыл өңірінің айтысы «қайтыс» болғанын» жоққа шығарғысы келгендей, республиканың әр қиырынан жүлделі оралып жатты. Бастысы, суырып салма айтыстың сүлейлеріне еліктеген жастарымыз интеллектуалдық танымдарын да толықтырып, қарсыластарын зорықтырып кеткенін көз көрді. Шүкір. Енді «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» айтысына келейік.
Айтыс – алаң жұрттың рухын асыруы тиіс. Содан да болса керек, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған ақын атындағы жалғыз облыс орталығында өткен жылдан бері «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты ақындар аламаны ұйымдастырыла бастады. Биыл бұл доданың жаңаша форматта өтуіне облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі мүдделілік танытты. Нәтижесінде әкімі ақынын қаладан емес, даладан іздеуді тапсырды. Барлық аудандардың ауылдарында жүрген талапты азаматтар сөз сайысының іріктеуінен өтіп, облысқа жолдама алды. Облыстық айтыста да жаңа есімдер анықталды. Олардың санатына Ербол Елшат, Шапағат Әбдір, Медеу Мырзатайды қосуға әбден болады. Әрине, аудандарда өткен жыр додаларында кілең сөзі алтын, ойы күміс ақындар шықты десек, өтірік болар. Онда да өлеңшілер ұшырасты. Әйтсе де ел ішінен шыққан аз да болса жүрегінде жыр оты маздаған таланттарға риза болыстық. Қысқасы, «ауыр артиллерияның» орнын «жас гвардиялар» баса бастады. Буын алмасу процесі де келіп жеткен сыңайлы. Әлбетте, бұл алдыңғы толқын аға-әпкелер «зейнетке» кетті деген сөз емес... Сөз бастау қиын ба, қол бастау қиын ба? Жұртшылық асыға күткен айтыс аламаны Баласағұн атындағы орталық концерт залында басталды. «Жүрсіннің жүйріктері» жиналған жыр додасын ақын Жүрсін Ерманның өзі жүргізіп отырды. Ол айтысқа қатысушы ақындарға сәттілік тіледі. Бұдан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз алып, ақпан айына жоспарланған сөз сайысы сол кезде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты кейінге шегерілгенін айтып өтіп, сөз зергерлерінің ұтымды ой, әдемі шумақтар өруіне тілектестігін білдірді. Сөз барымтасына екі дүркін «Алтын домбыра» иегері, қызылордалық Мұхтар Ниязовтың, «Айтыстың ақтаңгері» төсбелгісінің иегерлері, қостанайлық Айбек Қалиев пен қарағандылық Дидар Қамиевтің, көптеген айтыстарда атой салған павлодарлық Аспанбек Шұғатаевтың қатысуы бәсеке көркін қыздыра түсті. Қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев төрағалық етсе, композитор, Қазақстан және Қырғыз Республикаларының Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, айтыскер ақындар Бекарыс Шойбеков, Бауыржан Халиолла, ақын Қайырбек Асанов, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбеков топқа түскен тарланбоздардың әділ бағасын берді.
Сөз бастаудың қол бастау секілді қиын екені рас. Осыны ескергендіктен айтыс аламанын ашып беретін алғашқы жұпқа оңай тимейді деген ойда болғанбыз. Жоқ, олай емес екен. Облыс намысын қорғаған жас пері Дархан Әбдіманат пен павлодарлық арынды ақын Аспанбек Шұғатаев сұлу сөзден мұнара тұрғызуға күш салды. Сөз сайысын жерлесіміз, талантты ақын Дархан Әбдіманат бастады.
«Жалғасқан ғұннан ғұрып, сақтан қалып,
Алдаспан қазақ жауға шапқан халық.
Керей мен Жәнібегі басын қосып,
Қазығын хандығының қаққан халық.
Көтеріп Абылайды ақ киізге,
Арманға жетеміз деп аттандадық»,
– деп ой өрбіткен Дарханның шумағынан өлең-сөздің техникасын мықты меңгергенін, ішкі-сыртқы ұйқасты әдемі үйлестіре білгенін байқадық. Дархан ә дегеннен елімізде орын алып жатқан түрлі оқиғаларды өлеңіне арқау ете келіп:
«...Басынан айырылған хан еді ғой,
Халықтың басындағы бақты аңғарып.
Ассалаумағалейкум, сәлем бердім,
Кененің құр денесін жапқан халық,
Қолына басшы болған қолбасшының,
Басына қолы жетпей жатқан халық», –
деп Кенесарының ерлігі мен өрлігін әдемі теңеумен әрлеп бергені көрерменнің делебесін қоздырды. Сондай-ақ оның: «Таразда көтерейін Аспанбекті, таразының бір шетін басып тұрып» деп жырлауынан қонаққа деген құрметті байқадық. Қарсыласына: «Орамал тағып шығып бір кездері, жалаңбас қыздарға да үлгі болған», – деп әзілдеуі де көңілге қонды.
Өз кезегінде Аспанбек те өрнекті жыр жолдарымен айтысқа шөліркеген елге мейірін төкті.
«Бисмиллә, топқа кірдік мініп тарлан,
Ақынның кеудесінде ұлыпты арман.
Кешегі Сүйінбайлар сөйлегенде,
Соққан жел аққан селден тұрып қалған.
Жамбылдың жырыменен рухтанған,
Жауынгерлер ажалға күліп барған.
Қара шалдар қолына домбыра алса,
Қаратаудың қабағы бұлттанған.
Тараздың төріне кеп біз жайғастық,
Топырағыңа ән мен жыр сіңіп қалған.
Бұл жердің алақандай ауылынан,
Шығыпты отыз ақын, қырық палуан», –
деп жырлаған Аспанбек Тараздағы қайғылы оқиғаға көңіл айта келгенін жеткізді. Екі ақын жыр алыбы Жамбылдың ұлт руханиятындағы мол мұрасын таңдайдағы тәтті өлеңмен образға орап берді. Мұнда әзіл де, әдемі теңеулер де ұшырасты. Әсіресе Аспанбектің «бала» деп бағалағанына қарсылық білдірген Дарханның: «Баяғыда бір маса айтқан екен, бойымда Шыңғысханның қаны бар деп», – деген өлең жолдарымен үн қатқаны тартымды шықты. Қысқасы, қос ақынның керемет сөз саптауына жұртшылық ризашылық білдіріп жатты. Дегенмен қарсыласынан кем түспеген жас талант Дархан бірыңғай он ұпай иеленсе, Аспанбек жерлесімізге бір ұпай айырмасымен есе жіберді.
Мұнан соң сахна төріне тағы бір жерлесіміз, Жуалы ауданының тумасы Қанат Мырзахан мен алматылық Шұғайып Сезімхан көтерілді. Айтысты бастаған Шұғайып аз ғана амандасудан кейін бірден шабуылға көшті.
«Оқушылар айтысында оқушы боп,
Жүлдесін алдын ала «пландайсың»,
Студенттер айтысында студент боп,
Қарындасқа шүйлігіп қаршығадай,
Інілерді шаққанда жыландайсың.
Құрдастарың отырса қазы болып,
Жап-жаспын деп ұялмай жыр арнайсың.
Кесенің ортайғанын білгенменен,
Көсенің қартайғанын біле алмайсың», –
деп замандасын сын тезіне алды. Сондай-ақ ол Жүрсін Ерман талай айтыста құтқарушың болып, құлағыңнан сүйреген дегенді айтып, Қанаттың құлағына ота жасалғанын тіліне тиек етіп: «Аузыңменен әрекет жасамасаң, құлағың құтқармайды бүгін сені» деп мысқылдады. Мысқылға көндіге қоятын Қанат жоқ. «Таразым, менен басқа ұлың көп қой, ал менде туған жер жоқ сенен басқа» деп толғаған жерлесіміз әрмен қарай жырын былай жалғады:
«Жүкеңнің көмекшісі сен емес пе ең,
Осылай бәрімізден озғандайсың.
Сонда да өкпелетіп бұл ағамды,
Бізден гөрі Жүкеңді аз қолдайсың.
Жүкеңнің бір айқайын естімесең,
Жұмсаған жеріне де тез бармайсың.
Ерманов құлағынан сүйрейді деп,
Қанатқа қай бетіңмен сөзді арнайсың,
Ал сенің сүйрейтін де құлағың жоқ,
Құйрығыңнан теппесе қозғалмайсың», –
деп әдемі жауап бере білді. Қарсыласының барлық қалжың-қағытпасына орамды ойлармен үн қата білген Қанаттың нағыз бабына келген кезін байқадық. «Класс жетекшілігімді алсаң да, Сағатыма тиме деп» Үшінші жұп болып айтысқан жерлесіміз Нұрлыбек Құрманов пен шымкенттік Нұрлыбек Мейірманов та әдемі айтыса білді. Олар жыр алыбы Жамбылдың тұлғалық болмысын тың теңеулермен, орнықты оймен ашып, жақсы сөз сайысын көрсетті. Қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды да жырға арқау етті. Бұдан соң сахна төріне облыс намысын қорғаған Асхат Қылышбек пен қызылордалық Ержеңіс Әбді көтерілді.
Сөз сайысты бастаған қылыш тілді Асхат Қылышбек қарсыласының мектепте математика пәнінің мұғалімі екенін тілге тиек етті. Ол аз ғана кіріспеден соң ұстаздар қауымының мехнатын да жырына арқау қылды.
«Директоры қинап байқұсты,
Ұмыттырды айтысты.
Анаған да сүйрелеп,
Мынаған да сүйрелеп.
Беріп отырған сағатым,
Қысқарып қалмаса екен деп,
Оқушыдан да именед(і).
Жоғарыдан шоқитын,
Шоқушыдан да именед(і).
Ерекеңді көрсем бір әзіл,
Есіме менің жиі келед(і).
Бір мұғалім кештетіп,
Мектептен қайтса үйге деп.
Қарақшы ұстап алыпты,
Пышағы бар түйремек.
Сағатыңды бер депті,
Әлгі ұры кимелеп.
Жалыныпты мұғалім:
«Айналайын, шырағым,
Класс жетекшілігімді алсаң да,
Сағатыма тиме деп».
Асхаттың осы бір әзіл жолдары залға жиналған жұртшылықты ду күлдірді. Ержеңіс қарсыласының ойын құптап, мұғалімнің қоғамдағы рөлі төмендеп бара жатқанын өткір сын тезіне алды. Түйіп айтсақ, бұл жұптың да айтысы жұрттың көңілінен шыққаны анық. Асхат пен Ержеңістен соң тараздық Шапағат Әбдір мен Түркістан облысынан келген Нұрлан Есенқұлов сынға түсті. «Аңшы атады екен деп, аш жатпайды бөлтірік» деген Шапағаттың теңеуі елдің есінде қалатыны анық. «Асқаров жасап кеткен жақсылықты, Асқар ағам еселеп қайтарады» деп облыста атқарылып жатқан жұмыстарды бір-ақ ауыз сөзбен тұспалдап жеткізген Нұрланның тосын теңеулері де жұртшылықтың көңілін аулады, жүрегін баурады.
Алтыншы болып сөз қағыстырған батысқазақстандық Бауыржан Шимерден мен ақтөбелік Қайнар Алагөзов те елдің көңілін дөп басқан айтыс өткізіп, жұрттың ризашылығына бөленді. Бауыржан Қайнардың еліміздің белгілі әншілері Төреғали Төреәлі мен Ерке Есмаханның әндеріне сөз жазғанын, сөйтіп айтыстан біршама алыстап қалғанын сын тезіне алып: «Жұлдыз» қылғыш Қайнарды жұлдыз қылған, бір шапалақ соғып қой Ермановқа», – деп қарсыласын түп-түбірін не айтыстан, не эстрададан табуға шақырды. Өз кезегінде Қайнар қарсыласын сөзбен қағытып:
«Әнге жазған сөзімнен қате тауып,
Әдетіңді білмеппін мін тізетін.
Менің апам іздеп жүр Төлегенін,
Шиедей ерінінен сүйгізетін.
Жайықта жүргеніңді айтпады деп,
Ойым жоқ күдеріңді үздіретін.
Оған сенің жағдайың жете қоймас,
Бір қыста алты шуба кигізетін,
Жансая Мусинаның жерлесі едің,
Ай сайын халық жүлде ілгізетін.
Айтыста «плотник» жігіт іздеп,
Халықты қыран-топан күлгізетін.
Сен дұрысы Жансаяға үйленіп ал,
Айтыстан автокөлік мінгізетін», –
деді. Жалпы бұл жұпта айтысқан Бауыржан да, Қайнар да мәнді, дәмді сөздер айта білді. Мұнан соң «Айтыстың ақтаңгері» төсбелгісінің иегері, қарағандылық Дидар Қамиев пен Түркістан облысынан келген Қажымұқан Абзалов бақ сынады. Қажымұқан бұл айтысқа анасы дүниеден озған Алтынкүл Қасымбекованың орнына қатысты. Әзімбек Жанқұлиевтің мақамына салған Дидар өрнекті ойларымен айтыс жанкүйерлерінің көңілінің кілтін тапты. Бұл екі ақын юморға құрылған айтыс жасап, елдің көңілін аулады. Дидар қашанда есті сөз айтатын ақын ғой. Бұл айтыстың жаңалығы – додаға тосыннан қосылған Қажымұқан. Ол «Тек қана Қажымұқандар толтыратын, Алтынкүлдің орыны кең екен ғой» деп елді бір шулатса, «Қысқасы бұл айтыстың тізімінде, жоқ жерден қосылғандар жоқ екен ғой. Ойда жоқта топ етіп төрден шыққан, Тоқаевтан кейінгі мен екен ғой» деп елдегі дұрыс саяси шешімді де әзілмен жеткізе білді.
Бірінші айналымның екінші бөлігінде аға мен інінің арасындағы сыйластықты, татулықты, бірлікті танытқан айтыс жерлесіміз, айтыс әлемінің енді есігін қаққан Ербол Елшат пен Алаштың аяулы ақыны, «Айтыстың ақтаңгері» төс белгісінің иегері, қостанайлық Айбек Қалиев арасында өрбіді. Айтыс соңында Айбек інісіне ақ батасын беріп, сәттілік тіледі. Мұнан кейін «Алтын домбыра» айтысының екі дүркін жеңімпазы, қызылордалық Мұхтар Ниязов пен Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғаған түбі жамбылдық Олжас Отар топқа түсті. Бұл сөз барымтасында Мұхтардың мысы басым екені айқын аңғарылып тұрды. Әр сөзін шегелеп, нықтап айтқан Мұхтарға Олжас та барынша лайықты қарсылас болуға тырысты. Айтыстың бірінші айналымын батысқазақстандық Талғат Мықи мен жерлесіміз, жаңа есім Медеу Мырзатай қорытындылады. Бұдан кейін сегіз ақын ақтық сынға жолдама алып, финалдық бәсекенің көркін қыздырды. «Қазағымның шапанын кие алмасаң, Қасиетің жоқ екен Гена құрлы» Финалда бірінші болып сахнаға жерлесіміз Асхат Қылышбек пен түркістандық Қажымұқан Абзалов шықты. Екі достың арасында өрбіген айтысқа қазылар алқасы ұпай көтерген жоқ. Дегенмен әзілге жаны құмар Қажымұқан қарсыласына қарағанда қарымдылау көрінгені жасырын емес. Өзінің бұл жыр аламанына ойда жоқта қосылғанын сөз еткен Қажымұқан халыққа алғысын айта келе: «Осылай кете берсе қорқып тұрмын, жаяу кеп көлік мініп қайтам ба деп» деу арқылы өзінің жүлдеден дәмелі ақын екенін байқатты. Екінші жұпта Айбек Қалиев пен Дидар Қамиев кездесті. Олар аға мен іні арасындағы әдемі сөз сайысын жасап, сыйластықтың туын көтерді. Бұдан соң Бауыржан Ширмединұлы мен Шұғайып Сезімхан сөз сайысқа түсті. Шаппа-шап айтыста екеуі де шын шебер екендіктерін танытты.
Жұрт асыға күткен айтыс аты алашқа мәлім қызылордалық Мұхтар Ниязов пен Жуалының жұпар ауасын жұтып өскен Қанат Мырзахан арасында өрбіді. Талай аламандарда қатарынан оза шапқан Мұхтардың мықты екені рас. Алайда бұл күні Қанат қарсыласынан басым түспесе кем түскен жоқ. Салған жерден қарсыласының осал тұсын таба білді. Тіпті айтыстың басында айтқан «Жүрегінің түгінің тең жартысы, иегіне сақал боп шыққан адам» дегені де елдің езуіне күлкі үйірді. Қанат Мұхтарды кәдімгідей састырды. Сахнаға шапансыз шыққан қарсыласын қыспаққа алған жуалылық жампозға жұрт риза болысты. Әсіресе «Екі алтын домбырасы бар адамның, бір шапаны жоқ дегенге кім сенеді?» деп тапқырлық танытқанына тәнті болдық. Әрине, Мұхтар лайықты жауап беріп отырды. Дегенмен біздің Қанат қанатты құстай самғап, ұстаған жерден жібермеді. Осы сәтте Қанат:
«Мен сені ақын десем ең алымды,
Байқатпадың не жоғың, на барыңды.
Шапансыз костюм киіп шықтың деп ем,
Моншақтап маңдайыңнан тер ағылды.
Бес балалы болғанда ұғасың деп,
Үйдегі бес баланы «тема» қылды.
Геннадий Головкинді білесің ғой,
Көк көзді боксшымыз ең арынды.
Шапанмен атой салып шаршы алаңда,
Әперді небір белбеу, медаліңді.
Костюмнен мың есе артық шапанымды,
Осылай Лондон, Париж, Вена білді.
Сен болсаң неше түрлі сылтау айтып,
Қайта-қайта басасың «педаліңді».
Қазағымның шапанын кие алмасаң,
Қасиетің жоқ екен Гена құрлы», –
деп үн қатып еді, тауып айтқан балаға залға жиналған көрермен шапалақтан тау тұрғызды.
Осылайша Тараз төріндегі жыр аламаны мәресіне жетті. Рухани құндылыққа шөліркеген жұрт көңілі жыр шәрбатымен сусындады.
Айтыс қорытындысында қазылар алқасының төрағасы Аманжол Әлтаев сөз сөйлеп, доданы ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді. Соңынан айтысқа қатысқандардың барлығы марапатталды. Жүлдеге ілікпеген таланттар да қаржылай сыйлықтан құр қалған жоқ. Аспанбек Шұғатаев, Қайнар Алагөзов, Дархан Әбдіманат ынталандыру сыйлығын қанағат тұтты. Қазылардың шешімімен төрт бірдей үшінші орын жерлесіміз Асхат Қылышбекке, Қажымұқан Абзаловқа, Нұрлан Есенқұловқа, Мұхтар Ниязовқа бұйырса, Шұғайып Сезімхан, Айбек Қалиев, Бауыржан Ширмедин екінші орынға ие болды. Дидар Хамиев бірінші орынды ( миллион теңге) қанжығасына байлады. Бас жүлде «Hyundai Accent» автокөлігі жерлесіміз, Жуалы ауданының тумасы Қанат Мырзаханға бұйырды. Автокөліктің кілтін облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков тапсырды.
Төкпе өлең төгілген жыр бәсекесі жоғары деңгейде өтті. Мұнда еліміздің сара жолға түскен салиқалы саяси-әлеуметтік мәселелермен қатар Жамбыл өңіріндегі тындырымды тірліктер тілге тиек болды. Ақындар елдікті, ерлікті, бірлікті жырлады. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың бейнесін асқақтатты. Осылайша жамбылдық айтыссүйер қауым тоғыз сағат бойы тамаша айтысқа куә болды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Aq jol».
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Пікірлер тоғысы «Жамбыл жерінде жас ақындар өсіп келеді» Жүрсін ЕРМАН, «Халықаралық айтыскерлер мен жыршы-термешілер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: – Жамбылдың қасиетті топырағы қашанда таланттарға кенде болған емес. Айтыста да солай. Бір кездері жарқылдап Аяз Бетбаев, Шорабек Айдаров, Әзімбек Жанқұлиев, олардың ізін жалғап Мұхамеджан Тазабеков, Ахметжан Өзбеков шықты. Алтынкүл Қасымбекова, Айнұр Тұрсынбаева, Күміскүл Сәрсенбаева секілді айтыскер қыздары да бір төбе. Аталған алдыңғы толқынның айтысқа сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпай, кезі келгенде айтып, бағалап отыруға тиіспіз. Рас, кейінгі 4-5 жылда Жамбылдың айтыскерлері республикалық деңгейден шеттеп, қаға беріс қалып жүрген. Бірақ мұнда ол олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыс атқарылуда. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі айтысты жүрегімен түсініп, кеңінен қолдау көрсетіп отыр. Осында айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков басқаратын «Руханият» орталығы және біздің одақтың өкілдігі ашылды. Нәтижесінде бүгінгі «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» айтысында жамбылдық бірнеше жас айтыскер жарқырап көрінді. Асхат Қылышбектің есімі бұрыннан белгілі, ол – жақсы ақын. Ал бүгін Дархан Әбдіманат пен Қанат Мырзаханның шабысына жерлестері әбден сүйсінді. Бұл екі жас айтыскер – республикалық айтыстың бас жүлдесіне лайық өнерпаздар. Жүз жыл жырлаған Жамбыл бабамыздан жалғасқан өнер көшінің үзілмегеніне мен де қуаныштымын. Айтысқа жанашыр болған Жамбыл жұртына ризашылығымды білдіргім келеді. «Өңір айтысының өркендегеніне қуандым» Бименде САДУАҚАСОВ, кәсіпкер, Тараз қаласының тұрғыны: – Әрине, жыр алыбы Жамбыл бабамызға арналған айтыстың Таразда дәстүрлі түрде өтуі жолға қойылғаны қуантады. Облыс әкімінің айтысқа жанашырлығына риза болдық. Бұл шара атамұра айтыс өнерінің ешқашан ескірмейтінін, жаңарып, дамып, жасай беретінін байқатты. Мен айтысты ала таңнан кешке дейін тапжылмай отырып, қызыға тамашалаған көрермендерге ризамын. Бұл Жамбыл жұртының айтысты сағынғанын, сөз сайысының халықты тәрбиелеудегі орнын, жоғары бағасын көрсетеді. Мен айтысты жақсы көретін, қызыға тамашалайтын кәсіпкермін. Бұл жолғы сөз сайыстары да толық көңілімнен шықты. Жерлесіміз Дархан Әбдіманат пен павлодарлық белгілі айтыскер Аспанбек Шұғатаевтың сөз сайысы көңілден шықты. Дарханның ұзаққа сілтейтіні, болашақта айтыстың нағыз тұлпары болатыны көрініп тұрды. Ашығын айту керек, қарағандылық Дидар Хамиев пен қостанайлық Айбек Қалиевқа көңілім толды. Екеуін арнайы барып, құттықтап, ризашылығымды білдірдім. Осындай нағыз дүлдүлдердің біздің өңірде айтысуы жұртшылықтың аузында жылдар бойы айтылып жүретін оқиға деп білемін. Қанат Мырзахан жерлесіміз жарады. Ол кейінгі жылдары әр айтыста көзге түсіп жүрген еді. Бұл жолы нағыз бабында екенін байқатты. Бабы мен бағы қатар шапты. Қанатпен айтысқан Шұғайып Сезімханды немесе Мұхтар Ниязовты жерлесімізден кем түсті деп айта алмаймыз. Бір-бірінен мүмкін бірер шумағы артық болған шығар. Бірақ осы айтыскерлер негізінен тең. Бір-бірінен кем түспеді, тең түсті дер едім. Әсіресе Мұхтар Ниязовтың жерлесімізге жолын бергені, өз жерінде құрметтегені жарасып тұрды. Шұғайыпты да, Мұхтарды да құттықтап: «Сендер айтыстың үлкен өкілісіңдер. Бүгін де азаматтық жасадыңдар» деп жанкүйер ретінде алғысымды айттым. Бұл айтыс өнерге деген жанашырлықтың жемісі, нәтижесі болатынын көрсетті. Қазаққа, Жамбыл жеріне айтыс керек екенін әйгіледі. Атамұра өнерге деген қолдау осылай жалғаса берсе екен деймін. Біздің облыста да белгілі кәсіпкерлер бар. Сол азаматтар бас болып, облыстық, республикалық айтыстарға қолдау білдіріп тұрса деген тілегімді айтқым келеді. Біздің өңірдің айтысы өркендей беретініне көзіміз жетті. «Бәсеке бар жерде өнер қанат жаяды» Ахметжан ӨЗБЕКОВ, «Халықаралық айтыскерлер мен жыршы-термешілер одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы, облыстық Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі: – Бұл айтыс қасиетті Жамбыл топырағының мүмкіндігі мол екенін, ел барда ер де, атамұра өнердің көшін алға тартатын айтыскер де туатынын байқатты. Жамбылдық айтыскерлердің соңғы жылдары республикалық деңгейде жарқырап көріне алмай жүргені де рас. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің айтысқа жанашырлығы осы кемшін тұсымыздың орнын толтырды. Қанат Мырзаханды, Дархан Әбдіманатты айтыстың жанашыры Жүрсін Ерман республикалық айтыстардың бас жүлдесіне лайық айтыскерлер деп бағалады. Асхат Қылышбек пен Нұрлыбек Құрманов та ешкімнен кем емес. Додаға алғаш рет қосылса да Шапағат Әбдір, Ербол Елшат, Медеу Мырзатай деген жас ақындар да болашағынан үміт күттірді. Әрине, бұл үшеуіне үлкен додаға түсу үшін біраз дайындық керек. Алайда талаптарының зор екенін көрсетті. Енді бізде үнемі жастар жүре ме, аға буын қайда деген мәселе де көтеріледі. Ербол Қамбатыров мен Айтмұханбет Исақов жастарды баптау жұмыстарында жүр. Алтынкүл Қасымбекова мен Күміскүл Сәрсенбаева әпкелеріміз айтыс додаларына түсіп, бұйырған жүлделерін иеленуде. Байзақта Рай Дөңбай, Құланда Аруна Керімбек, Айтбек Тұрсынбай, Шу ауданында Нұрлан Жұмабеков, Айым Көшербай секілді жастар қалыптасып келеді. Аға буынды да өкпелеткіміз келмейді. Жақында Күміскүл Сәрсенбаева Павлодарда өткен республикалық ретро-айтысқа, Есет Досалы Орал қаласында өткен «Азаттықтың ақ таңы» атты республикалық айтысқа қатысып, өнер көрсетіп қайтты. Айтыстың деңгейінің өскені қатысушыларға да, көрерменге де жақсы. Алдағы уақытта біздің облыстық айтыстарда жүлде алудың өзі үлкен бәсекеге айналатын түрі бар. Бәсеке бар жерде сапа болатыны, өнердің дамитыны белгілі. Айтпақшы, аудандарда өткен іріктеуге 90 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн. Олардан озған 30 айтыскер облыстық іріктеуде бақ сынады. Олардың бәрі де талабы мол өнерпаздар. Бұл – Құдай қаласа Жамбыл жерінде айтыс дами береді деген сөз. Айтысты жүрегімен түсінетін, асыл сөзді бағалайтын ақ пейілді көрермендер көп болғай! Пікірлерді жазып алған: Есет ДОСАЛЫ, «Aq jol».Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді