«Меркі ет комбинаты» ЖШС биыл осындай ұйғарым жасап отыр
«Меркі ет комбинаты» ЖШС шетелдерге тоқты және ірі қара етін жөнелтуді осыдан 3 жыл бұрын қолға алған болатын. Кәсіпорын өткен жылы Иранға – 380 тонна, Бахрейн мемлекетіне 300 тонна тоқты етін экспорттады. Сондай-ақ Қырғыз Республикасына 100 тонна ірі қара еті жөнелтілді. Биыл серіктестік Біріккен Араб Әмірліктеріне 500 тонна тоқты етін өткеруге келісімшарт жасап жатыр. Ресей және Ауғанстан мемлекеттерінен ірі қара етін алуға тапсырыстар түсуде. Жалпы, комбинат үстіміздегі жылы экспорт көлемін 1,5 мың тоннаға ұлғайтуды көздеп отыр.Әлбетте, бұл – айтуға ғана оңай. Осындай жетістікке «Меркі ет комбинаты» ЖШС директоры Берік Егембердиевтің үздіксіз ізденіс, табанды еңбегінің нәтижесінде қол жеткізілуде. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында жұмысын тоқтатқан комбинат ұзақ уақыт тұрды. Берік оны іске қосу үшін әуелі Мыханды ауылының маңында 3000 ірі қара бордақылайтын кешен ашты. Меркі, Шу және Т.Рысқұлов аудандарының мал базарларынан сатып алынған 1,5 және 2 жастағы өгізшелер осында алты ай семіртіліп, тірілей салмақтары 450-500 килограмға жеткен кезде комбинатқа жіберіледі. «Олжа» шаруа қожалығы іске қосылған 2008 жылдан бері серіктестікке 20 мыңнан астам бұқашықты бордақылап өткізіпті. Мұнда ірі қаралар қажетті салмақ қосқанша бір орында ұсталады. Шаруа қожалығында 15 адам жұмыс істейді. «Олжаның» 150 гектар жоңышқалығы бар. Сабақты мал азығының жартысын осы жерден әзірлейді. Екі «КамАЗ» жүк автомобилі, алты доңғалақты тракторы және шөп шауып, тайлайтын біраз техникасының арқасында жыл сайын бордақылау алаңының қасына 200 мың түк шөп және қажетті жем әзірлейді. Кешенде қол жұмыстарының 70 пайызы автоматтандырылған. Зоотехник Нұрмахан Егембердиев, мал дәрігер Сайлау Жолымбеков әркез өз міндеттеріне сергек қарайды. Бақташылар күнделікті үш мезгіл тегін тамақпен қамтылған. Оларға арнайы жұмыс киімі беріледі. Қазір мұнда 1,5 мың өгізше семіртілуде. Биыл «Олжадан» комбинатқа 600 ірі қара жіберілген. «Меркі ет комбинаты» ЖШС осыдан 7 жыл бұрын толық қайта жарақтандырудан өткізілді. Өндіріс басшысы оған 150 миллион теңге жеке ивестициясын жұмсады. Кәсіпорын бір күнде 150 мүйізді ірі қара және 1,5 мың қой сойып, бөлшектеу әлеуетіне ие. Бір мезгілде 300 тонна ет сақтайтын тоңазытқыштары бар. Олар етті – 40 градусқа дейін тоңазыта алады. Өткен жылы мұнда 3600 бас ірі қара сойылған. Серіктестік облыс аумағынан ірі қарамен қатар тоқтылар да қабылдайды. Тоқты өткізген шаруалардың әр килограмм таза етіне комбинат 1350 теңгеден төлейді. Мемлекет мал иесіне әр басқа 3 мың теңгеден субсидия береді. Ал базарда олар біршама арзан бағамен өткеріледі. – Серіктестік 50 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы 70 мың теңге. Зертханада білікті мамандар жұмыс істейді. Қол жұмыстарының дені автоматтандырылған. Өткерілетін өнімдердің барлығына сертификат беріледі. Ірі қара етінің дені Алматыға жөнелтіледі. Қазір өнімнің өзіндік құнын төмендетудің барлық жолдарын қарастырудамыз. Жақында қолжетімді бағаға мал таситын – екі, өнім жөнелтетін 2 рефрижератор сатып алу үшін қаржы қарастырудамыз, – дейді «Меркі ет комбинаты» ЖШС мал сою цехының меңгерушісі Абылай Райысов. // «Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейту». Елбасының: «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан. Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді