«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Трансшекаралық өзендер тағдыры толғандырады

Трансшекаралық өзендер тағдыры толғандырады
ашық дереккөз
Трансшекаралық өзендер тағдыры толғандырады

Өңір диқандарының ағын суға деген сұранысы бүгін ғана пайда болып отырған жоқ. Бұл мәселе біраз жылдардан бері көтеріліп келеді. Қарап отырсақ, облыстың егіс алқаптарына қажетті ағын судың басым бөлігін көрші жатқан Қырғыз елінің өзен суларынан алады екенбіз. Кеңес заманында Қазақстан мен Қырғыз елі арасында трансшекаралық өзендердің суын бөлу 1948 жылы, кейіннен 2002 жылы тараптар келісіміне сәйкес ереже бойынша жүргізіліпті. Аталған ережелерге сай еліміз судың 32, ал өзеннің басында отырған Қырғыз елі 68 пайызын пайдалану жайы келісілген. Бірақ бүгінде бұл талаптар сақталмауда. Соның салдарынан шекара аумағында орналасқан өңір диқандары егістік алқаптарын қажетінше толық пайдалана алмауда. Мәселен, Жуалы ауданындағы «Жаңаталап» шаруа қожалығының жетекшісі Жарылқасын Тәжіхан ауылдық округке егістік суының басым бөлігі көрші елдегі Талас өзенінің Күркіреу саласынан бастау алатын «Ақмолда», «Қаратақы» және «Төменгі Тамға» арналарынан келетінін айтады. Мұндағы суармалы егіс алқабы 1600 гектарды құрайды. Бұрын әскери кеңшар тұсында шаруашылықта ауыспалы егіс жүйесі қатаң сақталып, алқаптар ағын судан таршылық көрмейтін. Осы тәртіп бертінде біразға дейін сақталып келіпті. Су кейбір алқаптарға жетпей жатса, шаруашылық басшылары арғы бетке өтіп, оны өзара келісіммен реттеп келеді екен. Соңғы жылдары жоғарыда аталған каналдарға су мүлде түспегендіктен, табаны қаңсып қалған. Бүгінде соның салдарынан бау-бақша, егін еккен диқандардың тығырыққа тіреліп отырған жайы бар. Әсіресе «Жаңаталап», «Мұхиддин», «Абзал», «Ат», «Ара», «Арапат», «МААК» шаруа қожалықтары ағын судың тапшылығынан егістік жерлерін тиімді пайдаланып, тиісінше өнім ала алмауда. «Мұхиддин» шаруа қожалығының «Ақмолда» каналының бойына отырғызған 40 гектар алма бауы қурап кеткен. Бар болғаны 9 гектарға жуық жеміс бауы ғана сақталып қалыпты. Оның өзі қырғыз жағынан оқта-текте келетін ақаба суға тәуелді. Ал «Абзал» шаруа қожалығы қураған алма ағаштарын жұлып тастап, орнына арпа сепкен. Осылайша ағын судан тапшылық көрген Ақтөбе ауылдық округінің диқандары егінін сеуіп, тасаттығын беріп, көктен жауынның жаууын тілеуден басқа амалдары қалмапты. 2013 жылы арнаны іске қосатын болып, «Ақмолда» каналының 5,5 шақырымына күрделі жөндеу жүргізіліпті. Бірақ мұнымен де мәселе шешілмеген. Қырғыз байкелері Қазақстан тарапынан қандай әрекеттер жасалса да арнаны бұзып, су бағытын өзгертуден танар емес. Бұл мәселені толық шешу үшін «Ақмолда» каналы былтыр республикалық меншікке алыныпты. Әзірге одан өзгере қойған ештеме жоқ. Міне, диқан үшін қауырт шақ та туды. Дегенмен канал табанына әлі күнге бір тамшы су түспеген. Жалпы Қазақстан мен Қырғыз елі арасындағы 1 241 шақырымды құрайтын шекараны бөлісу туралы келісім 2009 жылы аяқталған-ды. Ағын су мәселесі үкіметтік деңгейде талқыланып жатқанымен, әзірге одан тиянақты нәтиже болмай тұр. Іргедегі Қызыларық ауылдық округінің егіс алқаптарын суландыратын Көксай арнасында қырғыздармен арадағы су дауы 2010-2012 жылдары қатты ушығып, келіссөз оншақты күнге созылған-ды. Сол тұста Қырғызды Талас облысы Қарабура ауданының бір топ азаматы Қазақстанмен арадағы шекара бөлінісі мәселесімен келіспей, ел аумағы арқылы өтетін «Көксай» су арнасын бұзып, ауылдық округтің егіс алқаптарына су жібермей қойғаны бар. Қырғыз азаматтары аумағы 4,5 мың гектарды құрайтын жерді өздеріне қайтаруды, шекараны арнаның бойымен өткізуді талап еткен. Жоғары деңгейде жүргізілген келіссөздерден кейін «Көксай» арнасына су беру қалпына келтірілген еді. Кейіннен ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасымыздың ықпал етуімен каналды өз жерімізден салу үшін республикадан қомақты қаражат бөліп, 2015 жылы бұл мәселе түбегейлі шешімін тапқан. Ал Ақтөбе ауылдық округіндегі мәселе мүлдем басқаша. Мұндағы егіс алқаптарына Көксай арнасынан бір тамшы су да бармайды. – Шекара өткелін жауып тастағалы бері ағын су келмейтін болды. Оның үстіне ауа райы күрт жылынып, қуаңшылық жайлау қаупі жылдан-жылға артып отыр. Картоптан, қызылшадан, арпа-бидай, жоңышқадан бұрынғыдай мол өнім ала алмаудамыз. Шекараның арғы бетіндегі су көзіне бару үшін бізге облыс орталығы арқылы Жалпақтөбе ауылындағы кеден бекетінен өтіп, 180 шақырым жол жүру қажет. Сондықтан шекараның ауылдағы тұсынан өткел ашып берсе, дұрыс болар еді. Сонда өз техникаларымызды арғы бетке өткізіп, су жүйелерін тазалауды өз күшімізбен атқарар едік, – дейді Ж.Тәжіхан. Егер осы арадан да кеден бекеті ашылса, бұл екі елдің арасындағы алыс-берістің, барыс-келістің жүйелі жолға қойылуына да ықпал етпек. Жарылқасын Тәжіхан аймақта құрылған Күркіреу шағын су алабы кеңесінің мүшесі ретінде таяуда Орталық Азияның алты мемлекеті өкілдерінің басқосуымен Бішкекте өткен су форумына да қатысып қайтыпты. Онда ол осы мәселені көтеріпті. Сондай-ақ осы тұрғыда Орталық Азия өңірлік экологиялық орталығының Астанадағы өкілдігіне хабарласқан екен. Өкілдік директоры Шынар Тойлыбаева былтыр аймақтағы су мәселесін зерттеуге арнайы келгенде сусап жатқан арықтардың жағдайын, Көксай арнасын өз көзімен көріп кетіпті. Бір көңіл демдейтін жайт, Орталық Азия елдерінің өзара ықпалдастығы аясында Талас-Ташкент арасын жалғайтын тас жол Жуалы ауданы арқылы салынады деген болжам бар көрінеді. Егер осы жол салынар болса, жоғарыда айтылған диқандар өтетін дәліз де ашылмақ. Бұрын ауылдың тұсында кеден бекеті бар кезде екі ел арасында біршама барыс-келіс болыпты. Шекараға тікенек сым тартылғаннан кейін қатынас мүлдем тыйылған. Шекараны бойлай тартылған тікенек сымға алғашында көз үйрете алмаған мұндағы тұрғындар көпке дейін тіксіне қарап жүрді. Қазір оған да бойлары үйреніпті. Бұл жайдан аудан, облыс әкімдері де хабардар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясы да мұны жақсы біледі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Берік Нығмашев Қырғыз Республикасынан келетін, Күркіреусу өзенінен бастауын алатын «Ақмолда» каналының мемлекеттік актісі мен техникалық құжаттары әзірленіп, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының теңгеріміне өткізілгенін айтты. Ал «Қаратақы» мен «Төменгі Тамға» каналдары – Ақтөбе ауылдық округінің теңгерімінде екен. Ол каналдарға күрделі құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы қарастыру үшін алдымен екі каналды республикалық меншікке өткізу қажет көрінеді. Осы аталған каналдардың құқықтық-нормативтік құжаттары дайындалып, республикалық меншікке өткізілсе, Қазақстан мен Қырғыз Республикалары арасындағы Шу-Талас комиссиясы Келісімінің 4 және 6-баптарына сәйкес трансшекаралық өзендерді жөндеу, пайдалану және күтіп ұстау жұмыстарына қаржы бөлінеді екен. Жалпы өзеннің басында тұрған елдердің жаңа су электр стансаларын салып, өзен суларын бөгеп жатқанын түсінуге болады. Бірақ өзеннің төменгі жағында отырған ел үшін ауыл шаруашылығына қажетті ағын су тапшылығының зардабы өте ауыр екендігі айтпаса да түсінікті. Дегенмен дәл қазіргі жағдайда тығырықтан шығаратын бір тәсіл, жергілікті ылғал көздері – қар, жауын-шашын, бастау мен бұлақ суын жинастыру арқылы жаңа су қоймасын салу қажет. Осы мақсатта округтегі Ақтоған ауылының үстінен тоған салу жұмысы қолға алынған екен. Бекітіліп қалған бұлақ көздері мен су жолдарын аршуға алып экскаваторлар қажет көрінеді. Ал бұл мәселені «Жаңаталап» шаруа қожалығы қал қадірінше шешуде. Осылайша ағын суға деген тәуелділікті шешу жолында қарекеттер жасалуда. Былтыр аталған шаруа қожалығы өңірде алғашқылардың бірі болып, 50 миллион теңгеге шетелден жаңбырлатып суару қондырғысын әкеліп орнатып, су үнемдеуге көшкен. Соның көмегімен қызылшадан, картоп пен егіс алқаптарынан мол өнім алыпты. Биыл да осы үрдісті жалғастырмақ ниетте. Мұның тиімді екенін көрген өзге шаруашылықтар да тоған салып, көрші елмен арадағы су мәселесі қашан шешіледі деп құр қарап отырмай, нақты іске көшеді деген сенімдеміз.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар