Агроөнеркәсіп кешені қоғам үшін айрықша маңызы бар өнімдер өндірілетін және орасан зор әлеуетке ие ұлттық экономикамыздың маңызды құрамдас бөлігі екені белгілі. Оның дамуы шешуші кезеңде экономиканың барлық саласының деңгейін, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі мен қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды анықтап та береді. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарды жандандыру, егіс алқаптары өнімділігін арттыру мейлінше өткір қойылып отыр. Алда-жалда статистикаға назар аударар болсақ, әрбір гектардан алынар астықтың орташа өнімділігі елімізде 13, ал жалпы әлемде 28,3, оның ішінде АҚШ-та – 56,8, Қытайда – 49,7 центнерді құрайтынына көз жеткіземіз. Елімізде қант қызылшасының гектар қайтарымы да мардымсыздау – бар-жоғы 200 центнер ғана. Ал бұл көрсеткіш өзге шетел мемлекеттерінде қандай көлемде десеңізші! Балтамырдың орташа гектар түсімі АҚШ-та – 489, Қытайда 493 центнерден айналуда. Бас шайқап, таңданасыз да қоясыз. Дегенмен мұндай өнімге бізде де қол жеткізуге әбден болады ғой. Қалай дейсіз бе? Айтайық. Өндіріс пен ауыл шаруашылығы жұмыстарын ұштастыра жүргізу арқылы. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен өндірімділігін арттыруда жалпы өсімді реттеуші препараттарды пайдаланудың маңызы зор. Өсімдіктердің өсу үдерістерінде қолданылатын құрамдарға уландыру әсерінсіз ықпал ететін аталған экзогендік синтетикалық және табиғи органикалық қосылыстар негізгі нәр көзі болып табылмайтынын да білгеніміз жөн. Осы ретте айта кетейік, қант қызылшасы, бұл біздің аймағымыздағы айрықша басымдыққа ие дақыл екені айтпаса да түсінікті. Оны егіп өсірудің әлеуеттік мүмкіндігі де өте ауқымды әрі экономикалық жағынан да тиімді. Сондықтан да осы саланы дамыту өте-мөте қажет. Бұл мәселе мемлекет тарапынан да толықтай қолдау тауып отыр. Биылғы жылы облыстың қызылша өсірушілері алдында мейлінше жақсы өнім алынуына күш салу міндеті тұр. Кез келген дақылдың болсын егіп өсіру кезінде шығымдылығы жақсы болуы бірінші кезекте ескеріледі. Бұл мәселеде дақылдың өсіп-жетілуін реттеудің маңызы зор. Міне, осыған байланысты өсімдіктердің өсуін ынталандыратын отандық KН-2, KН-2/AГ және AН-16 преператтарының қант қызылшасы құрамы мен өнімділігін арттырудағы тиімділігін анықтау бойынша екі жыл бойы жүргізілген зерттеулеріміз өзінің оң нәтижелерін беруде. Біздің зерттеу жұмыстарымыз 2017 жылы Жамбыл ауданындағы «Қызыл-Дихан қожалығы» өндірістік кооперативі базасында жүзеге асырылды. Ал былтыр отандық өсімдіктер өсуін ынталандырғыштар Байзақ ауданындағы «Тұреке-Б» шаруа қожалығы иелігіндегі суармалы алқаптарда қант қызылшасын өсіруде қолданылды. Өңіріміз бен аталған шаруашылықтарға тиесілі жер телімдері топырағының үстіңгі қабаты гумусының мөлшері – 2,0, ал төменгі қабатында – 1,52-ден 1,16 пайызға дейін. Жоғарғы бөліктегі фосфордың оңай сіңімді жылжымалы элементтерінің құрамы топырақта 1.95 және 1.46 мг/100 г, ал оңай сіңімді ауыстырылатын калий – 32.5-28.3 мг/100 г көлемінде болды. Аталған зерттеу аймағы үшін де агротехникалық шаралар жалпы қабылданған ережелерге сай жүзеге асырылады. Екі жағдайда да қант қызылшасының тұқымы масақты дәнді дақылдардан кейінгі сүдігер жырту кезінде себіледі. Дәнді дақылдар жиналып алынғаннан кейін алдын ала суару, содан кейін алқапты түбірлер мен өсімдік қалдықтарынан арылту үшін 8-10 сантиметр тереңдікте диск салынып, малалау ісі жүргізіледі. Егіс үшін алдын ала егу, топырақ дайындау, топырақтың тегістелуі және егін егу алдындағы қосымша беттік өңдеу міндетті түрде жүзеге асырылуға тиіс. «Қызыл-Дихан қожалығы» ӨК-інде өсімдіктің өсіп-жетілуі кезінде шабықтау, арам шөптерді отау, үш рет азот-фосфорлы минералды тыңайтқыштармен үстеп қоректендіру және алты рет вегетациялық суаруды өткізу міндетті шаралар болып табылады. Қант қызылшасы дақылының өсу қатарлары жабылғанда қатараралық қопсыту, жұмсарту жұмыстары атқарылмайды, тек суару жүргізіледі. «Тұреке-Б» шаруа қожалығында қант қызылшасының кештеу егілуі ескеріле отырып, егісті суару үшін бороздалау бір мезгілде соқа салу арқылы жүзеге асырылды. Алғашқы суару 3 маусымда өтті. Ал өскіндердің жетілуі кезеңінде олар үш рет жалпы 90 килограмм азот мөлшерінде аммоний нитраты бар үш қоспамен қамтамасыз етілді, арам шөптерді қолмен отау жүргізілді. Біздің зерттеу жұмыстарымыздың басым бөлігі келісімшарт негізінде іске асырылды. Бұл орайда Алматыдағы А.Бектұров атындағы химия ғылымдары институтымен ынтымақтастық әріптестік шарты негізге алынды. Отандық өсімдіктер өсуін ынталандырғыштарды пайдалану, бұл – өсімдіктерге әсер етудің кең таралған түрі, өсімдіктерді өсіру мен дамытуды бағыттық реттеу мүмкіндігі, сондай-ақ қолайсыз экологиялық құбылыстарға, жоғары және төмен температураларға, ылғал жетіспеушілігіне өсімдіктердің төзімділігі қабілеттілігін арттыру және өсімдіктің жақсы шығымдылығын қамтамасыз ету. «Қызыл-Дихан қожалығы» ӨК-нің егіс егу мерзімі 2017 жылы 10 мамырда басталып, 4,5 гектарға 45 сантиметр, ал «Тұреке-Б» шаруа қожалығында қант қызылшасы 2,0 гектарға 2018 жылы 70 сантиметр қатараралықта егіліп, тұқымдарын себу алдында ынталандырғыштармен – 0,001 пайыздық су ерітіндісімен өңделді. «Қызыл-Дихан қожалығы» кешеніндегі KН-2 су ерітіндісінің 0,0001 пайыз суымен 3-4 жұп шынайы жапырақ фазасында өңделіп, егістік алдында және өсу маусымына дейін жартылай құрғақ әдісінің су ерітіндісі қолданылды. Жалпы жүргізілген зерттеулер нәтижелері өсімдік ынталандырғыштардың әсері есебінен екі шаруашылықта да өсімдіктерді өсіруде жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрсетті. Сонымен бірге «Қызыл-Дихан қожалығы» ӨК-де егін жинау үшін танаптардың тығыздығы және өскіндердің тамырлану қарқыны өсімдік ынталандырғыштардың өңдеусіз бақылау нұсқасынан асып, 27,3-31,8 және 44,9-48,0 пайызды құрады, ал «Тұреке-Б» шаруа қожалығында бұл көрсеткіштер тиісінше 4,6-9,1 және 6,0-13,3 пайыз көлемінде анықталды. Қант қызылшасын жинаудың биологиялық және нақты есеп-қисабы өсімдіктердің өсуін ынталандырғыштар арқылы өңдеу нұсқасын қолдануда өсімдіктің өнімділігі мен кірістілігінің артуын көрсетті. Осылайша «Қызыл-Дихан қожалығы» ӨК-інде дақылдардың өнімділігі гектарына орташа есеппен 13,4-16,1-ден 5,6 тоннаға, яғни бақылау нұсқасымен салыстырғанда, тиісінше 56,8-68,2 және 18,2 пайызға, немесе өңдеусіз түсім жағдайында гектар қайтарымы 35,5 тоннаға артты. Осыған байланысты тұқымды өңдеу нұсқасында қызылшаның қанттылығы 1,3 пайызға өсіп, 17,2 пайызды құрады. Өсу кезеңінде 3-4 жұп шынайы жапырақты өсімдіктерге арналған KH-2-нің 0,0001 пайыздық ерітіндісімен жекелей өңдеу кезінде оның балтамыр дақылының өнімділігі мен қанттылығына әсері іс жүзінде байқалмады. 2018 жылы «Тұреке-Б» шаруа қожалығында жүзеге асырылған КН-2, KН-2/AГ және AН-16 өсімдік өсуін ынталағыштарының 0,001 пайыздық су ерітіндісі әрекетін тұқымды өңдеу мен егу кезінде сынап көру нәтижелері бақылау нұсқасымен салыстырғанда 8,9, 7, 3-тен 4,1 тоннаға, яғни 23,7, 19,4 және 10,9 пайызға артып, тәтті түбір түсімі гектарына 37,6 тоннаны құрады. Айтарымызды қорытындылай келе, өсімдік өсіру реттеушілерін пайдалануға жұмсалатын шығын аса көп те емес, әрбір гектарда шамамен 20 теңге көлемінде ғана екенін атап өткіміз келеді. Былтыр оларды пайдаланудың субсидиялаусыз өзін-өзі ақтауы мен табысы орташа есеппен алғанда, қант қызылшасының әр гектарында 73,0 мың-89,0 мың теңге аралығында болды. Бұл ретте өңіріміздің қызылша өсірушілері мол да сапалы өнім егіс алдында өсімдік өсуін реттегіштер қолданылуымен өңделген тұқымдардан алынатынын әр кезде де назарда ұстаса дейміз.
Аскер ТАЙЧИБЕКОВ, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді