«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бұрымдылар барлық салада белсенді

Бұрымдылар барлық салада белсенді
ашық дереккөз
Бұрымдылар барлық салада белсенді

Өмірде талас тудырмайтын тұжырым – ер мен әйелдің өз орны бар. Бірінен-бірін асырып айта алмайсыз. Ал әйел баласына ерекше құрмет көрсетіп, қамқорлық танытып жатса, сол қоғамның азаматтарының өресінің биік болғаны. Ерлердің ірілігі де аналар мен қыз-келіншектерге, қарындасына қорған болар іс-әрекетінен көрінеді. Өйткені елдік ұғым отбасында қалыптасады. Халықаралық аренада әйелдердің саяси көшбасшылығы – айқындалған мәселе. Қазақстандық қоғам да нәзік жандылардың іскерлік белсенділіктері мен саяси ықпалдастықтарына деген сенім бар. Ал қолдау көрсету әрі гендерлік саясат жүргізу жөніндегі жұмысты жандандыру міндеті Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияға жүктелген. Дерекке сүйенсек, елімізде қазіргі таңда темір жол саласында 33 мың әйел жұмыс атқарады. Басым көпшілігі – кассир немесе жолсерік. Үлкен және шағын стансаларды біліктілікпен басқарып отырғандар да бар. Жалпы, қай салада қызмет етпесін, әйелдер тиянақтылығымен, жүктелген міндетті жауап-кершілікпен атқарады. Сондықтан тұрақты жұмысы бар бұрымдыларды – жүрегіне мейірім тұнған мамандық иелері десек те, артық айтқандық емес. Табиғатынан жаны нәзік, жүрегі жұмсақ болғандықтан шығар, қыз баласы көп жағдайда мұғалім, дәрігер, медбике мамандықтарын таңдайтыны белгілі. Нақты статистика да соны көрсетеді. Мәселен, өңірімізде денсаулық саласында еңбек етіп жүргендердің 70 пайызға жуығы әйелдер. Ал білім беру ісінде бірте-бірте матриархаттық жүйе орнығып келе жатқандай. Бұл, әрине, қыз-келіншектер педагог болмасын деген сөз емес. Олардың жаратылысынан бала тәрбиесіне бейімдігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Облысымыздағы 22455 пән мұғалімінің 18140-ы нәзік жандылар екендігі – осы сөзіміздің нақты дәлелі. Бұл ретте пән мұғалімдері деп әдейі атап көрсетіп отырмыз. Өйткені жалпы педагогтер деп саралар болсақ, көрсеткіш бұдан да өсе түседі. Балабақша меңгерушілері, мектеп басшылары, әдіскерлер тағы да басқа мамандарды қоссақ, салада қызмет етіп жатқан әйелдердің үлесі 80 пайыздан асып жығылады. Қазақстан экономикасын тұтастай алсақ та, шағын және орта бизнесті айтсақ та әйелдер кәсіпкерлігін атап өтуге тиіспіз. Облысымыздағы кәсіпкерлердің 40 пайыздан астамы – busneswoman. Жамбылдық іскер әйелдерінің экономиканы дамыту, өңірді өркендетуге қосар үлесі жылдан-жылға артып келе жатыр. Олар қауымдастық құрып, қоғамдық жұмыстарға да белсенді атсалысып жүр. Бүгінде облыстық және Тараз қалалық, аудандық мәслихаттар құрамында 10-нан астам әйел депутат бар. Өңірдегі түрлі деңгейдегі ұйым басшыларының 43 пайызы – әйелдер. Бір сөзбен айтқанда, бизнесте де, билікте де бұрымдылардың үлесі артып келеді. Сол арқылы нәзік жандылар ел дамуына айрықша үлесін қосуда. Рас, қазақстандық қоғамда әйел мен ердің орны туралы түсініктер мен құндылықтар, соған байланысты стереотиптер мен әлеуметтік үрдістерге қатысты түйткілдер жоқ емес. Әсіресе көпшілік қазіргі тұрмыстық ахуалға алаңдаулы. Сондықтан Елбасы отбасылық жағдайлардан туындайтын және кей жағдайда жұрт үшін көрсетілетін қызметтердің қолжетімсіздігінен пайда болатын әлеуметтік теңсіздік мәселесін шешуді тапсырып отыр.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Ұқсас жаңалықтар