«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Туберкулез – қауіпті дерт

Туберкулез – қауіпті дерт
ашық дереккөз
Туберкулез – қауіпті дерт

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен 24 наурыз – туберкулезге қарсы күрес күні деп белгіленгені мәлім. Мұндай шешім 1993 жылы осы жұқпалы дерт ұлттық апат деп танылғандықтан қабылданған. Міне, содан кейін аталған ұйымның бұл тұжырымын 1998 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы ресми қолдаған еді.

Туберкулезге қарсы күрес – әлем үшін өте өзекті мәселе. Сол себепті Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ассамблеясы 2014 жылдың мамыр айында 2035 жылға қарай туберкулезге қарсы эпидемияны толық жоюға мүмкіндік беретін «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы туберкулезбен күресу» стратегиясын қабылдады. Ал былтыр 26 қыркүйекте «2022 жылға дейін БҰҰ-ның туберкулезге қарсы саяси декларациясының мақсаттарына жетуге менің де үлес қосатын уақыт келді» атты ұранмен Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының бас ғимаратында өткен жиында көптеген мемлекет және Үкімет басшылары 2022 жылға дейінгі туберкулез бойынша негізгі мақсаттарды айқындап алды. Соның ішінде бұған дейін баса көңіл бөлініп келген диагностикалау және емдеу, алдын алу шараларымен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жеткілікті және тұрақты қаржыландыру, стигматизация мен кемсітушіліктің барлық түрлерін тоқтату, жаңа қауіпсіз, тиімді, қымбат емес және қолжетімді вакциналармен қамтамасыз ету, көп салалық есеп беру механизмін әзірлеуді жалғастыру көзделген. Сондай-ақ жоғарыда аталған БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі кездесуінде 2022 жылға дейінгі туберкулез бойынша негізгі міндеттемелер белгіленді. Олар: туберкулездің диагностикасы, алдын алу және емдеудегі кемшіліктерді жою арқылы бүкіл халықты қамтуды қамтамасыз ету, дертке қарсы күресті әділдік, адам құқықтарын құрметтеу және адамның мүддесіне бағдарланған қағидаттар негізінде жүргізуді қамтамасыз ету, оны жоюдың жаңа өмірлік маңызды құралдарының дамуын жеделдету, қажетті қаражат құю, ғаламдық деңгейде күшті және жауапты көшбасшылықты қамтамасыз ету, соның ішінде БҰҰ есептерін ұсынуды және оларды тұрақты негізде қайта қарау бойынша өзіне міндеттеме алу. Жалпы дертке қарсы күрес белгілі бір кезеңмен шектелмейтіні белгілі. Десек те атаулы күнге орай жыл сайын облыстық денсаулық сақтау басқармасы және қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бірлескен бұйрығы негізінде ақпанның 24-інен наурыздың 24-іне дейінгі аралық осы дертке қарсы айлық болып жарияланады. Бір айлық іс-шаралар аясында акциялар ұйымдастырылады. Мәселен, жақында аталған департамент мамандары мен Жамбыл медициналық колледж студенттері бірлесіп, Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Туберкулезбен күресуге өз үлесіңді қосатын уақыт келді» ұранымен кең көлемді акция өткізді. Онда облыстық туберкулезге қарсы диспансердің жылжымалы флюорокөлігі 118 оқушыны тексеріп, фтизиатр, фтизиопедиатр мамандары оқушыларға тегін дәрігерлік кеңес берді. Сондай-ақ 24 наурыз күні Тараз қаласындағы «Ауыл-береке» базарында да кең көлемді акция ұйымдастырылды. Соның арқасында базар қызметкерлері мен базарға келушілерге тегін флюорографиялық тексерістен өтуге мүмкіндік туды. Жалпы саны 180 адам қамтылды. Бір сөзбен айтқанда, дерттің алдын алу үшін ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізілді. Мамандар бұл мақсатқа БАҚ құралдарының әлеуетін де толық пайдаланып келеді. Еліміздегі туберкулезге қарсы шаралар «Қазақстан Республикасында туберкулезбен күресу жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 мамырдағы №597 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Жоспарда туберкулезге қарсы ұйымдардың төсек қорын кезең-кезеңмен оңтайландыру және қаржыландыру механизмін жетілдіру, қайта құрылымдау көзделген. Соған сәйкес біз бүгінде дертті ерте диагностикалаудың және жаңа препараттармен емдеудің жедел әдістерін енгізу, мамандарды үздіксіз оқыту, сондай-ақ консультативтік-диагностикалық көмекті жақсарту үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын кезең-кезеңімен учаскелік фтизиатрлармен нығайту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы мақсатта биыл қаңтар айынан бастап облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің диспансерлік бөлімі Тараз қаласындағы алғашқы медициналық санитариялық көмек көрсету ұйымдарына толықтай берілді. Соңғы 10 жылда туберкулезге қарсы іс-шаралар кешенін іске асырып, барлық тиісті құрылымдар қарқынды және мақсатты жұмыс жүргізгенінің арқасында облыста аурушаңдық көрсеткіші 2,3 есеге төмендеді. Бұл – туберкулездің жаңа жағдайымен тіркелгендер саны 1193 адамнан 563 адамға азайды деген сөз. Өлім көрсеткіші 6,9 есеге азайып, жұқпалы дерттен қайтыс болғандардың саны 153-тен 25-ке дейін төмендеді. Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бактериологиялық зертханасына туберкулезді және көптеген дәріге төзімді туберкулезді жылдам диагностикалау бойынша (2 сағат ішінде) XpertMTB/RIF (Genе-Хpert) және Hain-test жаңа инновациялық генді-молекулярлық зертханалық технологиялар енгізілді. Жылдам диагностикалық әдістерді енгізу туберкулезді және көптеген дәріге төзімді түрлерін уақтылы және дұрыс диагностикалауға ықпал етеді әрі ем шипалы бола түседі. Сондай-ақ осы зертханаға былтыр Оңтүстік Кореядан шыққан Bioneer аппараты қойылды. Бұл аппараттың ерекшелігі туберкулезге қарсы дәрілердің сезімталдығын 3 сағат ішінде анықтайды. Bioneer аппаратымен жұмыс істейтін қажетті маман Оңтүстік Кореяда білімін жетілдіріп келгенін де айта кеткен жөн. Көптеген дәріге төзімді туберкулезді емдеудің тиімділігін арттыру үшін 2017 жылдан бастап жаңа туберкулезге қарсы препараттар (деламанид, бедаквилин, линезолид, клофазимин және т.б.) қолданыла бастады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен 2019 жылға дәрі-дәрмектерді сатып алу жоспарына осы препараттар енгізілді. Нәтижесінде былтыр облыста науқастардың тиімді дәрі қабылдауының нәтижесінде, ем аяқталғандағы сараптама бойынша емдеу тиімділігі дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандартынан жоғары, яғни туберкулездің сезімтал түрімен барлық тіркелген науқастардың сауығу көрсеткіші бойынша 92,5 пайызды құрады (стандарт – 85 пайыз). Ал дерттің төзімді түрімен сырқаттанған науқастардың сауығу көрсеткіші – 85,5 пайыз (стандарт – 75 пайыз). Өткен жылдың тамыз айынан бастап науқастарға ыңғайлы болу үшін смартфондар арқылы бейнебақылаулы ем жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 21 науқас осылай ем қабылдайды. Сонымен қатар қараша айында облыстық диспансерде бейне-телемедицина орталығы ашылды. Осы орталық арқылы ҰҒФО-мен және басқа да қажетті мамандармен онлайн режімде жағдайы ауыр науқастарды талдау, кеңестік-әдістемелік көмек алмасу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде министрліктің «Туберкулезбен және көптеген дәріге көнбейтін туберкулезбен ауыратын науқастарға психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсете отырып, пилоттық жоба шеңберінде кеңейтілген амбулаториялық емдеудің кейбір мәселелері туралы» №362 бұйрығы негізінде туберкулез микобактерияларын бөлмейтін және айналасындағы адамдарға қауіп тудырмайтын пациенттер тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда амбулаториялық ем қабылдауда. Жылдан-жылға осындай пациенттердің саны артуда. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 47,8 пайыз болса, (133 науқас), былтыр 143 науқасты қамтып, 51,1 пайыз болды. Қорыта айтқанда, қазіргі таңда туберкулездің эпидемиялық сипатын жою үшін барлық мүмкіншіліктер қарастырылған. Бұл ауру – емдеуге болатын және оған қарсы шаралар өз нәтижесін беретін болғандықтан, дерттің алдын алу үшін Үкімет пен қоғам онымен күресіп, салдарын жоюға қажетті жағдайлардың барлығын жасауда. Өйткені дертке шалдыққандарға дер кезінде емделуге толыққанды көмек көрсетілмесе, жағдай қиындап кетуі әбден мүмкін. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы туберкулезбен күресу шарасына өз үлесін қосуы тиіс.

Марат ЖҰМАНҚҰЛОВ, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар