Облыстық қазақ драма театрында «Сен, Мен» қойылымының тұсауы кесілді
Кеше Халықаралық театр күні өтті. Сахна шеберлерінің төл мерекесін облыс әртістері мен өнерсүйер қауым жаңа қойылыммен қарсы алды. Облыстық қазақ драма театрында қырғыз драматургы Мар Байжиевтың «Дуэль» пьесасының желісі негізінде «Сен, Мен!» драмасының премьерасы көрермен назарына ұсынылды. Қоюшы режиссері – Камат Қасенов, суретшісі – Рахат Сапаралиева, музыкамен көркемдеуші – Мөлдір Барақбаева. Бұл қойылымның арқауы – мәңгілік тақырып махаббат. Қойылымда бар болғаны үш-ақ кейіпкер бар. Басты кейіпкер Назидың рөлін жас актриса Альмира Ділда шебер ойнады. Келесі кейіпкерлер – Сен (Ескендір) және Мен (Азиз) деген екі жігіт. Бұл екі рөлді де «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, талантты актер Кенен Ақүрпеков сомдап шықты. Сахнада теңіз жағалауы бейнеленген. Төрт темір есік көрінеді. Премьера қыз бен жігіттің сұрақ-жауап арқылы тілдесуімен басталды. Қыз: «Бақыт деген не?» дейді. Жігіт: «Бақыт деген – арман. Адам сол арманына жеткенде бақытты болады» деп жауап береді. Жауап берген жігіттің есімі – Мен (Азиз). Қыздың есімі – Нази. Оны теңіз жағасына Сен (Ескендір) деген көңілдесі ертіп келген. Бірақ, Нази бақытты емес. Неге? Оған өзі де жауап бере алмайды. Қойылымның келесі сәтінде Нази айқайлап, аспандағы тырналармен тілдесіп, аласұрады. Айқайды естіген бөтен жігіт (Мен) жанұшыра жүгіріп жетеді. Бейтаныс жігітпен осы жерде де кеңірек тілдеседі. Қыздың қасына Сен (Ескендір) келеді. Оның мінез-құлқы бөлек. Ол махаббатты басқаша түсінеді. Тіпті Назиды да терең ойластырылған айламен қорқытып, өзіне қаратқан. Назиды жақсы көреді, қызда да сезім бар-ау деп ойламайды. Қыз бір сәтте «Бақыттысың ба?» деп сұрады көңілдесінен. Сен (Ескендір): «Бақыттымын. Қасымда сендей сұлу әйел. Оның мықыны қандай, аяқтары қандай әдемі» дей бергенінен-ақ жігіттің өресін байқау қиын емес. Қыз: «Сен, осында келерде дәрігерге қаралдым. Маған ешқашан ана бола алмайсың», – деді. Мұны естіген Сен (Ескендір) өзгеріп сала береді. Жаңағы бақыттан із де қалмаған. Тіпті Сен (Ескендір) қызға үйленуден де бас тартады. Үйленуді еркіндіктен айырылу деп түсінеді. Ал Мен (Азиз) мүлдем бөлек. Онда сезім бар, жүрек бар. Қызбен сырласа алады, еркелете алады. «Сіз армандап көрдіңіз бе?» дейді қызға. Міне, осы жерден қоғамның күрделі қайшылықтары көрініс береді. Қыз актриса болуды армандаған. Оны театрдың әкімшісі жұмысқа алып, кабинетінде бөтен ойын байқатқан. Қыз қашып құтылған. Одан кейін де бір танымал егде актер мұны баулымақ болғанымен, оның да көңілінің құрты – нәпсі. Қыз одан да қашып құтылады. Дүкенші болып тұрған кезінде маталар ұрланып, көп ақша қарыз болып, сотталып кеткелі тұрған жерінен Сен (Ескендір) құтқарып алады. Сеннің қасынан шыға алмай, байланып жүргені де сол. Анасын аяғаннан. Бұның басына іс түскенде анасы жылаған екен. Соңынан белгілі болғандай, матаны Сен (Ескендір) өзі ұрлаған. Қыздың жүрегін жаулау үшін осындай айлаға барған. Кейін жанжал оты тұтанғанда біршама ақиқаттың беті ашылады. Анасы да қызын алдаған. Сенмен (Ескендір) матаны бірге ұрлап, істі болған қызының алдында өтірік жылаған. Міне, сұмдық! Қойылым Нази мен Меннің (Азиз) махаббатымен шиелінісе түседі. Мен – теңіз флотының әскери офицері, науқасы бар. Екеуі де махаббатқа адал. Лайықты. Бірақ кеш келген махаббат. Екеуі жиі сырласып, бір-бірінен жасыратын әңгімелері қалмайды. Қыз Менге (Азиз) қалай жақындай түссе, Сеннен (Ескендір) солай алыстай береді. Қойылым Сеннің (Ескендір) қызға, кейін өзіне мылтық кезеген шарасыз халімен түйінделеді. Оның тағдыры немен аяқталатынын көрермендердің пайымдауына қалдырады. Шымылдық осы жерден жабылды. Бұны режиссердің ұтымды шешімі деп қабылдадық. Шығармадан түйгеніміз, адал махаббатқа кездескен кедергілер тосқауыл бола алмақ емес. Осылай деп түсіндік. Қойылымда екі жігіттің (Сен және Мен) рөлін де бір ғана Кенен Ақүрпеков ойнап шыққанын жоғарыда айттық. Кененнің мінездері, көзқарастары әртүрлі екі адамды бір сәтте сомдауы, сендіріп, сеніммен ойнауы, түрлі образға ене білуі – нағыз шеберлік. Ал көрермен бұл қойылымнан үлкен әсермен тарқады. Оны көпшіліктің ұзақ қол шапалақтауынан байқадық.
Есет ДОСАЛЫ
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді