Қолөнер – әр қазақтың қанында бар қасиет. Бала күнімізде ауылдағы әр үйден текемет, көрпеше, басқұр, кілем, кілемше көретінбіз. Оның әрқайсысының ою-өрнегіне, көркемдігіне зер салып өстік. Менің тігінші-дизайнер болуыма сол бала күнгі боямасыз сәттер, қазақы көріністер әсер етті. Мамандығым – құрылысшы-инженер. Кезінде балаларды түрлі үйірмелерге баулитын балалар орталықтарының жұмыстары да тоқтап қалған кезде, балалардың ауылда бос жүргенін көрдім. Сондықтан өзімнің пәтерімде әртүрлі үйірме ашып, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді іске пайдалануға баулыдым. Кейіннен ол үйірме «Айналайын» атты өнер орталығына айналып, 200-ден астам ауыл баласын қабылдадық. Біраз жылдан соң аудан әкімі үйірмелердің нәтижелі жұмысын көріп арнайы ғимарат берді. Бүгінде бұл орталық толыққанды қоғамдық бірлестікке айналып отыр. 2004 жылы «Айналайын» балалар мен жасөспірімдер орталығы» жастар клубы» қоғамдық бірлестігі болып тіркелдік. Орталықта алғашқы жылдары балаларды өнерге баулу, оқушыларды ауыл тазалығын сақтауға тәрбиелеу және олардың өмірге деген ой-өрістерін кеңейтуге зор көңіл бөлінеді. Ізденістеріміз өз жемісін беруде. Бүгінде орталықта «ағылшын тілі», «хореография», «еріктілер клубы», «театр», «қоршаған ортаны қорғау», «фотоклуб», «кестелеу», «балалар кітапханасы» және «дизайн» үйірмелері жұмыс істейді. Жазда шағын лагерь жұмысын бастайды. Сонымен қатар қыз жасауы, киіз үй жасауы, сол сияқты балалар тауарларын шығару қолға алынған. Түрлі көрпе-жастықтар, оюлы құрақ көрпешелер, ыдыстар, дорбалар, қоржындар, тағы басқалар ұлттық нақышпен тігіледі. Соның барлығы балалардың өнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың салт-дәстүрлерді біліп өсулеріне де септігін тигізуде. Орталықтың қолөнер бұйымдары үлкен сұранысқа ие деп айтуға болады. Бірлестіктің қолөнер бұйымдарын отандастар мен шетелдік қонақтар сатып алып жатады. Одан түскен қаржыны әлеуметтік жобаларды іске асыруға жұмсаймыз. Атап айтсақ, қайырымдылық акцияларын өткізіп, ақысыз үйірмелер ұйымдастырылады. Қазақы нақыштағы көрпешелер, бөстектер, жастықтар әр ауылдағы, қаладағы қымызханаларға сән беруде. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі де келіп жетті. Бұл мерекеге де біздің бірлестіктің қосып отырған үлесі зор.
Айгүл РАЗАҚОВА, «Айналайын» балалар-жасөспірімдер орталығы» жастар клубы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді