Қазір 1, 2, 3, 5, 6, 7, 8-сыныптары жаңартылған бағдарлама бойынша білім алуда. Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында атап көрсеткендей, Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс. Бұл – мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі. Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату мақсатында өңірімізде бүгінде 40 білім мекемесі базалық алаң ретінде таңдалған. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырованың сөзіне сүйенсек, бұл бағыттағы жұмыс алдымен мұғалімдерді жаңа бағдарлама бойынша сабақ беруге даярлаудан басталыпты. Мәселен, былтырдың өзінде 5434 мұғалім курстан өтсе, 2016, 2017, 2018 жылдары барлығы 15840 педагог оқытылған. Ал білім берудің жаңартылған мазмұнын өз тәжірибесінде қолданып жүрген ұстаздардың лауазымдық жалақысын 30 пайызға көбейтуге өткен жылы республикалық бюджет есебінен 3 миллиард 540 миллион 799 мың теңге бөлініпті. Облыс педагогтеріне білім мекемелеріне Назарбаев зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін енгізу үшін Тараз қаласындағы филиал мен облыстық білім басқармасы, педагогикалық шеберлік орталығы арасында біріккен жоспар жасалыпты. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқармасы мен облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің арнайы меморандумға қол қоюы – бұл бастаманың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Жәмила Елеуқызының айтуынша, осы бағытта желілік кесте әзірленген. – Жалпы білім беретін мектептердің тәжірибесіне зияткерлік мектептердегідей критериалды бағалау, оқушылардың жобалық және зерттеу қызметін ұйымдастыру, тәрбие бағытындағы «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы жобасы бойынша «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициялары, «Оқуға ұсынылатын 100 кітап», Интеллектуалды және онлайн интерактивті ойындар жарысы (олимпиадалар), «Флеш-моб», «Мектеп түлектерінің күндері», «Денсаулық күні», «Өнер күні», «Вookсrossing» жобалары енгізілуде. Назарбаев зияткерлік мектебінің алдыңғы қатарлы педагогикалық тәжірибесін жүйелі түрде тарату мақсатында әрбір аудан орталығында базалық мектептер желісін кеңейту жұмысы да жалғастырылуда. Сондықтан биыл жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 6179 педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтпек. Сондай-ақ озық тәжірибені тарату, үш тілде білім беруді кезең-кезеңімен енгізу үшін өңірдегі жалпы білім беретін мектептерде жаратылыстану ғылымдары пәндерін ағылшын тілінде оқытуды енгізудің кестесі мен картасы әзірленген, - деген еді Жәмила Бекбатырова өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы толыққанды мәлімет беріп. Биылғы оқу жылында 277 мектепте физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуды бастаған еді. Жалпы есепте 768 сыныпта 19200 оқушы қамтылып отыр. Оларға барлығы 755 мұғалім сабақ береді екен. Бұл педагогтерге пәндерді ағылшын тілінде жүргізгені үшін 35 мың теңге қосымша қаржы төленуде. Назарбаев мектептерінің озық іс тәжірибесін биыл мектептердің 50 пайызы енгізіп үлгерген. 2020 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді деп күтілуде.
Альмира ОМАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді