«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Маңыздысы – медициналық көмектің қолжетімді болуы

Маңыздысы – медициналық көмектің қолжетімді болуы
ашық дереккөз
Маңыздысы – медициналық көмектің қолжетімді болуы

Кез келген мемлекет үшін адами фактор әрқашан маңызды. Сондықтан халық денсаулығын сақтау мәселесі үнемі басты назарда болатыны анық. Қазір елімізде 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жүйелі түрде іске асырылып жатқаны мәлім. Бағдарлама 3 нысаналы индикаторға және 36 көрсеткішке қол жеткізуге негізделген. Соның негізінде өткен жылы республика бойынша 85 іс-шараның орындалуы қарастырылса, облыс деңгейінде 46 іс-шара іске асырылған. Нәтижесінде біздің өңір 4-орынға тұрақтаған. Бұл туралы өңір басшысы Асқар Мырзахметов қатысқан облыстық мәслихаттың кезекті отыз екінші сессиясында айтылды. Депутат Асаубай Майлыбаев төрағалық еткен сессия отырысында сала ісінің жетістіктері мен қол жеткізе алмаған кемшіліктер талқыланды.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың сөзіне сүйенсек, белгіленген көрсеткішке қол жеткізбей, сол арқылы индикаторлардың орындалу деңгейін артқа тартқандар Шу, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласы екен. Мәселен, өлім-жітімді 6,35-ке төмендету көзделсе, өңірімізде 6,4 факт тіркелген. Жарақаттанудан, жазатайым оқиғалардан және уланудан өлім көрсеткіші де республикалық деңгейден жоғары. Бұған Сарысу, Мойынқұм аудандарында тіркелген жағдайлар әсер еткен. Ілгері басқан тірлікті кері кетірген тағы 2 индикатор болмаса, жалпы 2018 жылы салада бірқатар шаруа тындырылған. Соның ең негізгісі – елді мекендерде бастапқы медициналық көмек көрсететін мекемелермен қамту мәселесі. Нақты айтсақ, 2025 жылға дейінгі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарында 95 бастапқы медико-санитарлық көмек көрсететін нысандардың құрылысын салу жоспарланған еді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен жоспарланған құрылысты оңтайландыру арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бір жылдың ішінде 29 мекеменің құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Өңірде емдеу мекемелерін оңтайландыру бағытында да ауқымды шаралар жүргізілген. Өткен жылы облыстық наркологиялық диспансер мен психикалық аурулар диспансері қосылып, көрсетілетін медициналық көмектерді тұрғындарға жақындату бағытында әрбір емдеу мекемесінде нақты жұмыстар қолға алынған. Атап айтсақ, 6 «Психикалық денсаулық орталығы» ашылып, 25 миллион теңге қаржы үнемделген. Басқарма басшысының айтуынша, бұл қаражаттар ағымдағы жөндеу жұмыстарына жұмсалатын көрінеді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағытында да атқарылған жұмыс көп. Соның бірі – емдеу мекемелеріне «Е-Kezek» жүйесінің енгізілуі. Бұл өз кезегінде алдағы уақытта емханалардағы кезек мәселесін шешеді деген үміт бар. Сондай-ақ электрондық денсаулық сақтау паспортын жасау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бір сөзбен айтқанда бір ғана саланың сан алуан бағыттағы жұмыстарында ілгерілеу байқалады. Дегенмен кемшіліктер де жоқ емес. Сессияда қосымша баяндама жасаған облыстық мәслихаттың құқықтық тәртіп, әлеуметтік-мәдени салалар, гендерлік саясат және қоғамдық ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі, депутат Гүлжан Тілеубердиева соның бірқатарына тоқталып өтті. «Облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығы тегін медициналық көмегінің кепілді көлемі шеңберінде «СК-Фармация» мекемесінің бірыңғай дистрибьютерден сатып алатын антиретровирустық препараттарды сатып алып, уақтылы жеткізілмегендіктен өмірлік маңызы бар препараттардың тапшылығы орын алуда. Бұл жауапсыздықты аталған мекеме қызметкерлерінің адам тағдырымен ойнауы демеске амал жоқ. Биыл 23 атау бойынша антиретровирустық препараттарға тапсырыс берілген. Қаңтар айынан бастап препараттар жеткізілуі тиіс болса, зерделеу жүргізілген ақпан айында препараттардың тек 3 түрі ғана жеткізілген. Клиникалық хаттамаға сәйкес, аталған дертті емдеу үшін антиретровирустық терапия үздіксіз және өмір бойы болуы керек. Алайда препараттар уақытында жеткізілмегендіктен, емдеу сәтсіз аяқталып, әрі бұл аурудың асқынуына әкелері анық. Келесі бір күрделі мәселе, орталықтың ғимараттары күрделі жөндеуді талап етеді. Себебі олардың тозығы жеткен. Әкімшілік ғимарат 1963 жылы, емдеу корпусы 1960 жылы, достық кабинеті мен сенім пунктінің ғимараты 1960 жылдары салынған. Адамзат өміріне қауіп төндіріп отырған ғасыр індетінің алдын алу мақсатында, осы дертпен күресіп отырған бірден-бір орталық назардан тыс қалмауы керек», – дей келе депутат өңірдегі әлеуметтік мәні бар басқа да медициналық орталықтардың қазіргі жай-күйін тілге тиек етті. Денсаулық сақтау мекемелерін басқару жүйесіне өзгерістер енгізу, оңтайландыру жолдары бір түйткілдің түйінін тарқатқанымен, екінші мәселені туындатып отырғаны жасырын емес. Соның бірін жиында депутат Гүлдара Нұрымова қозғады. «Шұғыл жағдай туындаған кезде еліміздің әрбір азаматына тегін медициналық көмек көрсетілуі тиіс. Міне, сондай ем-шаралары кезінде, мәселен, операция барысында науқасқа қан құю керек болса, оны облыстық қан орталығынан бұрынғыдай тегін ала алмайсыз. Былтырдан бастап бұл қызмет ақылы әрі оның құны өте жоғары. 300 мың мен 1 миллион теңге аралығында, тіпті одан да жоғары. Мұндай көлемдегі қаржыны емдеу мекемесінің де, сырқат жандардың туыстарының да қалтасы көтермейді. Осы жағдайды тиісті министрліктің назарына салып, біржақты шешімін табуды сұранамын», – деді Гүлдара Алданышқызы. Таудың күнгей және теріскей жағы болатыны секілді әрбір мәселенің тиімді әрі тиімсіз тұсы бар. Депутат Масат Берік медициналық мекемелерді оңтайландыру арқылы қаржы үнемделгенмен, мамандарды қысқартуға әкеліп соқпасын деген қаупін айтты. Сондай-ақ кейбір дәрігерлердің науқастың жағдайына емес, алдымен қалтасына қарайтынын айтып, осындай жайтқа өзі куә болғанын алға тартты. Қазіргідей қымбатшылық заманда жұмыссыз қалу – кез келген маман үшін үлкен қауіп екені жасырын емес. Мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы Асаубай Майлыбаев сондықтан жаңа жүйені енгізер алдында барлық мәселені егжей-тегжейлі саралап алу қажет дейді. Мәселен, қаладағы сенімгерлік басқаруға берілген емхананың бірінде 74 қызметкер «өз еркімен» жұмыстан кетуге мәжбүр болғанын тілге тиек етті. Ауылға мамандар тарту мәселесін қозғаған депутат Тұрсынбай Халық Шу аудандық орталық емханасына автокөлік қажет дейді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов бұл түйткілді шешудің жолдары қарастырылып жатқанын жеткізіп, қазір емханаға – 2, орталық ауруханаға 6 көлік керек екенін айтып, мән-жайдан хабардар екенін аңғартты. Бұл аудан шынымен мамандарға зәру. Аудан әкімі Қайрат Досаевтың айтуынша, қазіргі кезде 21 дәрігер жетіспейді екен. Қажетті кадрмен қамтамасыз етуге кедергі келтіріп отырған жайт – Шу қаласының статусы. Өйткені мұнда келген жас мамандар Шудың қала мәртебесі болуына байланысты бірреттік әлеуметтік көмек ала алмайды. Баспанамен қамту жайы да осындай себептерге қарай шешілмейді. Сессияның күн тәртібіне енгізілген өзге де тақырыптар қызу талқыға түсті. Депутат Мұқаш Ескендіров шешім қабылдау үшін ұсынылатын ұсынымдарды тиісті өндіріс орындары мен мекемелер назарына салып, алдын ала саралау қажет деген пікір айтты. Ұзақ талқылаудан кейін сессия отырысында қаралған барлық мәселе бойынша шешімдер қабылданды.

Марапатталды

Облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Қарашолақовтың өкімімен Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 19-бабы 3-тармағының 7) тармақшасын негізге ала отырып, көп жылғы жемісті еңбегі, қоғамдық өмірге белсене араласқаны үшін және Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі Наурыз мейрамына орай: Жамбыл облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының әлеуметтік саланың дамуы және ауылдық елді мекендерді дамыту бөлімінің басшысы – Улзада Битемировна Зиятова Жамбыл облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ұқсас жаңалықтар