«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙІП КЕЛЕДІ

ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙІП КЕЛЕДІ
ашық дереккөз
ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙІП КЕЛЕДІ

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Қоғамдық тыныштық пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген құқық қорғау қызметкерлерінен қарапайым халық қай кезде болсын үлкен жауапкершілік күтетіні сөзсіз. Еліміздің кез келген тұрғыны тәртіп сақшыларын өзінің қорғаны, қысылтаяң тұста арқасүйер тірегі деп білуі керек. Жасыратыны жоқ, кей кезде келеңсіз жайттар полиция қызметкерлерінің атына кірбің де түсіріп жатады. Ал тұтастай алғанда ел тыныштығының тірегі мен азаматтардың конституциялық құқығының қорғаушысы бола білу – дәл осы полиция қызметкерлерінің тікелей міндеті. Осы орайда облыс орталығынан шалғай орналасқан шулық полицейлер жергілікті тұрғындар алдындағы өз міндетін адал атқарып жүр деуге толық негіз бар. Оның үстіне өткен жылдармен салыстырғанда мұндағы жағдай біршама жақсара түскен сыңайлы. Бұны аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Мейірхан Естемесовтің аудан тұрғындарымен болған есепті кездесуіндегі баяндамасынан байқадық. Оның айтуынша, өткен жылы ауданда қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау, ішімдік пен нашақорлықтан сақтандыру, қылмыс пен заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылыпты. Бұл бағытта «Құқық-тәртіп», «Іздеу», «Пәтер», «Жасөспірім», «Тұрмыс», «Автобус» және «Борышкер» сынды жедел алдын алу шаралары дер кезінде жүргізіліп, қылмыс санының азаюына өз септігін тигізген. Дәлірек айтар болсақ, былтырғы жылдың 12 айында жалпы тіркелген қылмыстың саны 2017 жылға қарағанда 11,3 пайызға төмендепті. 2017 жылы ауданда 542 қылмыс орын алса, өткен жылы 481 қылмыс тіркеліп, оның ашылу көрсеткіші 68,2 пайызға жеткен. Әлбетте, бұл Шудағы қылмысқа қарсы күрестің барынша күшейтілгенін білдірсе керек-ті. Сонымен қатар тонау қылмысы, пәтер ұрлығы, ұялы телефондар ұрлығы сынды қылмыстар 2017 жылға қарағанда едәуір азайған болса, өткен жылы қарақшылық пен ауыр дәрежелі зорлау қылмысы мүлде тіркелмеген. Айта кету керек, өткен жылы Шу қаласындағы көпқабатты үйлерде аз уақыттың ішінде бірнеше пәтер тоналып, жергілікті тұрғындар үрей үстінде жүрген болатын. Осыған орай аудандағы құқық қорғау қызметкерлері халық арасында үлкен дау тудырған осы бір қылмысты көп ұзамай ашып, қылмыскерлерді ұстап, өздерінің кәсіби болмысы мен іскерліктерін көрсете білді. Сондай-ақ дәл осы пәтер ұрлығы бойынша 2017 жылы 76 қылмыс тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 25 қылмысқа төмендеп, оның ашылу деңгейі 53,4 пайызды құраған. Тиісінше алдағы уақытта қылмыстың ашылу деңгейін көтеру мақсатында қосымша жоспарлар құрып, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерінен бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары бойынша жедел топтар құрылып, қазіргі уақытта көпшілік орындарда жедел алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Есепті кездесу барысында баяндама жасаған Мейірхан Естемесов атқарылған жұмыстарды тізе келе, алдағы жоспарға да тоқталды. – Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері өткен жылдың 12 айында атқарған жұмыстарына, жіберілген кемшіліктерге талдау жасай келе, ағымдағы жылы жедел қызмет жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізуді жоспарлап отыр. Қазіргі кезде қызметкерлерге қылмыстың алдын алу, болған қылмыстарды ашу мақсатында қатаң талаптар қойылуда, – деді Мейірхан Естемесұлы. Жиын соңында аудан тұрғындары тарапынан бірқатар сұрақтар да қойылды. Мәселен, Көктөбе ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Әлдибай Құралбаев ауылдағы учаскелік полиция қызметкерінің көлігі жоқтығын алға тартты. Соның салдарынан ауылдан алыс орналасқан қыстақтарда мал ұрлығы бола қалса, учаскелік полиция дер кезінде келе алмайды екен. Бұл мәселеге қатысты М.Естемесов жуырда ғана аудан әкімдігі тарапынан берілген 3 автокөліктің біреуін осы ауылға беретіндігін айтты. Бұдан бөлек тұрғындар аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің атқарған жұмыстары мен жеделдігіне өз ризашылықтарын жеткізді.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар