Ал өңірдегі мұндай жерлердің мелиоративтік жағдайы қандай күйде?
Мемлекет басшысы өзінің 2017 жылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында таяу жылдар ішінде еліміздегі суармалы және егіс алаңын кеңейту қажеттігін атап көрсеткені белгілі. Бүгінде еліміздегі агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті осынау міндетті нақты іс жүзіне асыруға жұмылдырылуда.
Облыста 2003 жылы құрылып, өз жұмысын бастаған біздің мекемемізде де осы тұрғыда мақсатты жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын бақылау және оның мониторингін жүргізу біздің негізгі қызметтік міндетімізге кіреді. Бүгінде осыған байланысты облыстың бес ауданында зерттеу, бақылау жүмыстарын тұрақты түрде жүзеге асырып келеміз. Жамбыл, Байзақ және Талас аудандары аумағында жерасты суларын бақылауға арналған 80 ұңғыма – «бақылау құдықтарымыз» орналасқан. Олардан жылына үш мәрте сынама алынып, жерасты суының иондалған химиялық құрамын, тұздылығын тексеру үшін Шымкент қаласындағы арнайы зертханаға жөнелтіліп отырады. Әдетте, олардың 3 грамм/литрге дейін тұздануы қалыпты жағдай деп есептелінеді. Ал мөлшер 5 грамм/литрге дейін көтерілер болса, онда міндетті түрде оның тұздылығын төмендету шаралары қолданылуы қажет болады. Бұл жөнінде облыс және аудан әкімдіктері де дер кезінде хабардар етіліп отырады. Мұндай жағдайда коллекторлы-қашыртқы желісін уақтылы тазартудың да маңызы зор. Айта кету керек, біздің бақылауымыздағы бес ауданның екеуінде – таулы өңірге жататын Жуалы, Сарысу аудандарында жерасты сулары таза болуы себепті, олар үшін «бақылау құдықтары» қажет деп табылған жоқ. Сондай-ақ ондағы жер көлемі де соншалықты ауқымды емес. Жалпы, өңіріміздің жер аумағы 14 миллион 426 мыңнан астам гектарды құрайды. Оның ішінде суармалысы – 230,8 мың гектар көлемінде. Ал осы қолда бар «алтын қорымыз» – суармалы жерлердің бүгінгі жай-күйі қандай? Енді осыған тоқтала кетейік. Мекемеміз былтырғы жылы да ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бойынша «Су ресурстарын тиімді басқару» бюджеттік және «Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын бағалау және мониторинг жүргізу» кіші бағдарламаларына сәйкес облыстың батыс аумағында орналасқан жоғарыда аталған бес ауданның суармалы жерлерінің жерасты суы деңгейіне, топырағының тұздылығына, суару және қашыртқы жүйелерінің жай-күйіне бақылау жұмыстарын дәйектілікпен жүзеге асырды. Суару кезеңіндегі мелиоративтік жай-күйін бағалау нәтижесінде суармалы жерлердің 39246 гектары жақсы, 29070 гектары қанағаттанарлық, ал 37273 гектары қанағаттанғысыз екені анықталды. Қанағаттанғысыз деп табылған суармалы жерлер – негізінен жерасты суы деңгейі жер бетіне жақын орналасқан, сонымен бірге өте күшті және орташа тұзданған жерлер. Осындай жерлерде грунт суының жақын орналасуы себебінен қайта тұздану қаупі туындайтыны белгілі. Аталған санаттағы суармалы жерлердің 28614 гектарында жерасты суы жер бетіне жақын орналасқан. Негізінен ескі, инженерлік дайындықтан да өтпеген. Ал жай-күйі қанағаттанарлық 29070 гектар суармалы алқаптың жерасты сулары әлсіз тұзданғандықтан (1-3 г/л) және терең орналаспағандықтан, агромелиоративтік шаралар негізінен деңгейлерінің көтеріліп кетпеуіне, күрделі тегістеу және суару жүйелерін қайта жөндеуге бағытталуы қажет. 39246 гектар мелиоративтік жай-күйі жақсы суармалы жерлер топырағы тұзданбаған, сорланбаған, жерасты сулары әлсіз тұзданған және төмен орналасқан. Мұндай жерлерде топырақтың құнарын арттыруға бағытталған агромелиоративтік шаралар жүзеге асырылуға тиіс. Суару кезеңінен кейінгі жерасты суы деңгейін бақылау нәтижесінде суармалы жерлердің қауіпті, шекті деңгейден жоғарысы (0-2м) 25387 гектар екендігі анықталды. Аймақтың суармалы жерлерінің тұздылық мөлшері 69 пайыз немесе 72495 гектары 0-1г/л болса, 23605 гектары 1-3г/л және 6895 гектары 3-5г/л, тек 2 пайыз немесе 2594 гектарында 5г/л-ден жоғары (оның 1330 гектары – Талас ауданында, 1014 гектары – Байзақ, ал 250 гектары – Жамбыл ауданында) екендігі белгілі болды. 5г/л минерализациялы суармалы жер көлемі артқан жағдайда міндетті түрде коллекторлы-қашыртқы желісін салу шарасы қарастырылуы керек. Жалпы жерасты суының тұздылығында өткен жылмен салыстырғанда анау айтқандай күрделі өзгерістер жоқ. Ағын сулардың сапасы қалыпқа сай, яғни тұздылықтары 1г/л-ден төмен. Химиялық құрамы гидрокарбонатты-сульфатты магнийлі. Өңірдегі суармалы жерлердің топырағының 77,7 мың гектары тұзданбаған, 18,6 мың гектары шамалы тұзданған, 6,1 мың және 3,2 мың гектары сәйкесінше орташа және күшті тұзданған. Аталған бес аудандағы 105589 гектар жердің 97207 гектары түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге пайдаланылып, 8382 гектары әлі кәдеге асырыла қоймағанын да айта кеткеніміз жөн. 2017 жылмен салыстырғанда суармалы жердің пайдаланылу көлемі 2018 жылы 255 гектарға артқан. Егіс көлемі құрылымындағы үлесі басым дақылдар: сүрлемдік жүгері – 44,34 мың, көкөніс, бақша және картоп – 22,74 мың, дәнді дақылдар 10,7 мың гектарды құрайды. Ал 8382 гектар суармалы жердің 5157 гектары ішкі шаруашылық суару жүйелері жай-күйінің қанағаттанғысыздығы және 3225 гектары топырақтың тұздануы мен жерасты суы деңгейінің шектеулі деңгейден жоғары болуы себепті пайдаланылмаған. Мұндай жерлер Талас ауданында – 6978, Байзақ ауданында – 530, Жамбыл ауданында – 440, Сарысу ауданында 434 гектар көлемінде болды. Пайдаланылмаған суармалы жерлердің басым бөлігі – жалпы бес аудан бойынша пайдаланылмаған жер көлемінің 83 пайызы немесе 6978 гектары Талас ауданының еншісіне тиіп отыр. Бұған ішкі шаруашылық суару жүйелерінің қанағаттанғысыз жағдайы мен тұздануы себеп болуда. Жалпы бақылау жұмыстарының қорытындысы бойынша суармалы жерлердің 32005 гектарында қашыртқы жүйелерін жөндеп, тазалау, 5268 гектар тұзданған топырақты аумақта сор шаю шараларын жүзеге асыру қажеттігі анықталды. Аймақтағы суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету – басты мәселелердің бірі. Мұндай алқаптардың мелиоративтік жағдайын бағалау барысында есептік суару мөлшері мен орташа үлестік су көлемін есептеуге соңғы 5 жылдық көрсеткіштер алынды. Оның нәтижесі барлық аудандарда да егісті сумен қамтамасыз ету коэффициенті 0,75-тен төмен (Кс<0,75) екенін көрсетті. Яғни бұл – суармалы алқаптардың ағын сумен қамтамасыз етілуін одан әрі жақсарта түсу қажет деген сөз.
Қажымұқан ҚОЖАНОВ, Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы РММ-ның Жамбыл бөлімінің жетекшісі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді