«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Электрмен жабдықтау желілерінің тиімділігі

Электрмен жабдықтау желілерінің тиімділігі
ашық дереккөз
Электрмен жабдықтау желілерінің тиімділігі

Дүниежүзілік банктің сарапшылар тобы әлем елдерінде кәсіпкерліктің қолайлы жүргізілуіне жыл сайын тұрақты түрде талдаулар жасап келеді. Өткен жылдың 31 қазанында дүниежүзілік банктің «Doing Business-2019» есебі жарияланып, оның ішінде Қазақстан 36-дан 28-орынға көтерілген-ді. Осылайша мемлекетіміз өз көрсеткішін 8 тармаққа жақсартып, Испания, Франция, Польша, Португалия, Швейцария, Жапония, Түркия сияқты дамыған елдердің алдына шығып отыр. Әрине, бұл – елімізде шағын және орта кәсіпкерлікке деген оң өсім қалыптасып отырғандығының көрінісі. Сондай-ақ дүниежүзілік банктің «Doing Business-2019» халықаралық рейтингі есебінің «Электрмен жабдықтау желілеріне қосылу» индикаторы бойынша Қазақстан 190 елдің ішінде 76-орынды иеленген. Мемлекет басшысы әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу үшін елдің әл-ауқатын арттыруға мейлінше қолайлы жағдайлар жасауда. Осының барлығы өткен жылғы Жолдауда да айқын көрініс тапқан-ды. Соның ішінде тарифтерді төмендету мәселесі де кезең-кезеңімен шешілу үстінде. Осыған орай Қазақстан Республикасы заңнамасына электрмен жабдықтау желілеріне қосылу жосығын жеңілдету мақсатында бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілген болатын. Аталған өзгертулер мен толықтыруларға байланысты Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің облыс бойынша аумақтық департаментінің ғимаратында дөңгелек үстел басқосуы ұйымдастырылды. Оған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы мен бірқатар энергия өндіруші және жеткізуші ұйымдардың өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелді департаментке қарасты экономикалық қадағалау мекемесінің бас маманы Серікбай Бердіқұлов ашып, салаға қатысты толық ақпарат беріп өтті. Өз кезегінде «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС техникалық шарт беру бөлімінің басшысы өзгерістер мен толықтыруларға жеке-дара тоқталып, оның тиімді тұстарын сөз етті. Соның ішінде кәсіпкерлік нысандарын электр желілеріне қосу мақсатында біраз жеңілдіктер қарастырылған екен. Бұрын кәсіпкер мекеменің рұқсатын 20 күнге дейін күтуге мәжбүр болса, жаңа заңда бұл мәселені 3 күннің ішінде шешу ойластырылған. Мұндағы басқа да жеңілдіктер ең алдымен кәсіпкерлердің жұмысына тиімділік әкелмек. Басқосу барысында қатысушылар өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салып, өзара пікір алмасты.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар