«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қаланы дамыту жобалары нақтыланды

Қаланы дамыту  жобалары нақтыланды
ашық дереккөз
Қаланы дамыту жобалары нақтыланды

Өткен сенбіде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен Тараз қаласын дамыту жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібіне сәйкес шаһар шырайын арттыруға арналған жобалар сараланып, олардың орындалу барысы қаралды.

Жиында «Арбат», «Шаxристан-Көне Тараз» мәдени кешені мен Қазақ xандығы монументінің аумағын абаттандыру жұмыстарының жоспары қайта нақтыланып, өңір басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтар болсақ, «Арбаттың» эскиздік жобасындағы отырғызылатын жасыл белдеудің (талдардың) орналасу барысын қайта жасап ұсыну, эскиздік жобадағы «Арбатқа» кіреберістегі жобаланған минареттің ағаш қақпасының жазуларын түркі стилінде жазу және канал жағалауындағы нақты орналасатын көне жәдігерлерді анықтау, «Шахристан-Көне Тараз» мәдени кешеніндегі сағат стеласының және жарық шамдары мен орындықтардың эскиздік жобасын қайта пысықтап, тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ «Шахристан-Көне Тараз» мәдени кешені аумағындағы көп қабатты 5 тұрғын үй мен кәсіпкерлік нысандарын мемлекет меншігіне қайтару үшін жүргізіліп жатқан бағалау жұмыстарына білікті мамандарды тарту, жергілікті кәсіпкерлермен «Арбаттың» бойындағы балаларға арналған және скейтборд алаңшаларына қатысты келіссөз жүргізу шаралары пысықталды. Ал «Қазақ хандығына – 550 жыл» монументі аумағынан салынатын Қазақ хандығына арналған «Мұражай» кешенінің жер телімін барынша қысқартып, мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті шараларды тиянақты атқару міндеті алға қойылды. Асқар Исабекұлы бұл жұмыстардың маңыздылығын алға тартып, берілген тапсырмалардың жедел әрі мұқият орындалуы керектігін баса айтты. Бұдан соң өңір басшысы шаһардағы бірқатар нысандарға атбасын бұрып, олардың жұмыстарымен танысты. Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар