тұрмыс сапасы – ортақ табыс
Әлемде қалыптасқан күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, өткен жылы ел өнеркәсібінің көрсеткіші 4,1 пайызға өскен. Ал біздің өңірде кәсіпорындар өндірген өнімнің 30 пайызы – бір ғана «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Жалпы, ондағы нақты көлем индексінде 18 пайыз өсім бар. Былтыр серіктестік құны 7 миллиард теңге инвестициялық жобаларды іске асырып, соның арқасында биыл аммофос өндіру көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл – «Қазфосфат» еңбеккерлерінің төккен терімен келген табыс. Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин алдымен «Қазфосфат» ЖШС-ның Жаңа Жамбыл фосфор зауытына атбасын бұрып, жұмысшылармен кездесуінің мәні де осында. Күні кеше ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы әлемдік үрдістерге назар аударып, экономикалық өсу қарқынын одан әрі қамтамасыз етуді тапсырғаны мәлім. Сонымен қатар өткен жылы кейбір басымдықтары қайта қаралған мемлекеттік әлеуметтік саясатты жүйелі түрде жүзеге асыру – халықтың тұрмыс сапасының басты өлшеміне айналатынын баса айтқан болатын. Осыны назарға алған Мәжіліс төрағасы өңірдегі ең ірі өндіріс орнының жұмысымен танысып, еңбеккерлермен жүздесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Кездесу зауыттың №16 жөндеу-механикалық цехында өтті. Алдымен серіктестік басшысының орынбасары Нүрзия Лесбекова Нұрлан Нығматулинге кәсіпорынның жұмысы туралы жан-жақты баяндады. Ол өткен жылы Мәжіліс депутаттары атқарған ауқымды жұмыстар мен қол жеткен жетістерге тоқталып, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Жұмысшылармен кездесуде Мәжіліс төрағасы Елбасы Жолдауы, ондағы басым бағыттардан туындаған міндеттер тұрғындарға қандай мүмкіндіктер беретінін әңгімеледі. Кәсіпорын жұмысшыларының жалақысының өсуі, баспанамен қамтуды көздейтін «7-20-25» бағдарламасының талаптарына тоқталып, бірқатар нәтижелі шаралардың орындалу барысын сөз етті. – Жамбыл жерінде бүкіл республикаға белгілі кәсіпорындар мен зауыттар бар. Солардың бірі – өздеріңіз қызмет етіп отырған «Қазфосфат» кәсіпорны. Биыл бұл серіктестіктің құрылғанына тура 20 жыл толады. Бұл – үлкен белес. Осы уақыт ішінде «Қазфосфат» тек елімізде ғана емес, басқа да шет мемлекеттерге танымал өндіріс орнына айналды. Фосфор өнімдерін экспортқа шығарды. ТМД, Қытай, Шығыс, Батыс Еуропа елдеріне жол тауып отыр. Әрине, мұның бәрі бірден жүзеге аса салған жоқ, көп жылдардағы тынымсыз еңбектің нәтижесі. Жоспарлы жұмыстардың іске асырылуы – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Серіктестік қазіргі уақытта еліміз бойынша 7 филиал ашып, 6 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
«Қазфосфат» ЖШС былтыр 112,1 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Атап айтсақ, Жаңа Жамбыл фосфор зауытында 96,5 мың тонна сары фосфор, 27,8 мың тонна натрий триполифосфаты, 41,3 мың тонна ортофосфор қышқылы өндірілген. Бүгінде кәсіпорын өнімдері Германия, Түрікменстан, АҚШ, Дания, Швейцария, Польша, Чехия Республикасына, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Венгрия, Нидерланды және тағы басқа мемлекеттерге экспортталуда.
Жарасымды жүздесу жастар жадында сақталады
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде болып, өңір жастарымен кездесті. Мәртебелі мейман ең алдымен аталған оқу ғимаратының фойесіне қойылған жас ізденушілердің ғылыми жоба жұмыстарына назар аударып, олардың өнертапқыштық саласындағы тың идеяларымен, жаңалықтарымен танысты. Жас ғалым Дәурен Егембердиев инновациялық өнім биомелорантын қолдану арқылы тұзданып, сор тартқан топырақтың құнарлылығын жақсартып, егістік жерден мол өнім алуға бағытталған өз жобасының артықшылықтары жөнінде айтып берді. Ал фитохимия ғылыми-зерттеу өндірістік орталығының магистранты Жадыра Игілікованың өңірімізде өсетін сұңғыла өсімдігінің тамырынан дәрі-дәрмек әзірлеу жобасы да назар аударарлықтай. Аталған өсімдіктің еліміздің өңірлерінен 27 түрін кездестіруге болады. Ал облысымызда оның жеті түрі өседі екен. Жас өнертапқыштар бұл жолы сұңғыладан асқазан, ішек жолдары жұмысын жақсартатын түйіршік түрінде дәрі, бүйректі тазалауға арналған шай дайындауды ұсыныпты. Бұдан басқа сусамыр дертіне шалдыққандарға арналған ортопедиялық аяқ киім әзірлеп, фосфор қалдығынан құрылыс заттарын жасау тәсілін ойлап тапқан жастар да бар. Көрмеге қойылған түрлі электроникалық және робототехникалардан көз сүрінерліктей. Жас ізденушілердің табысты жобалары мен өнеркәсіп саласына қосқан тың жаңалықтары Парламент Мәжілісінің төрағасын айрықша қызықтырды. Бұдан кейін білім ордасының мәжіліс залында Нұрлан Зайроллаұлының жастармен кездесуі өтті. Іс-шараны М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың ректоры Махметғали Сарыбеков ашып, бүгінгі жиынға Тараз қаласындағы үш бірдей жоғары оқу орнының үздік те белсенді 500 студентінің қатысып отырғанын айтып, Парламент Мәжілісінің басшысына сөз кезегін берді. – Қайырлы күн, достар! Әрбір елдің болашағының қозғаушысы – жастар. Бүгін мен сіздермен жыл басында жарияланған Жастар жылының аясында кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Елбасы оның ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеп, ел жастарына зор жауапкершілік жүктеп, сенім артты. Жамбылдық жастар сол сенімнің үдесінен шығады деген ойдамын. Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз! Қазір Тараз мемлекеттік университеті мен осындағы басқа да жоғары оқу орындарының оқу базалары заман талабына сай жақсартылған. Білім алуға барлық мүмкіндік бар. Мұнда мықты оқытушылармен қатар профессорлар да дәріс беруде. Жамбыл өңірі – қаймағы бұзылмаған қазақтың алтын ордасы, қара шаңырағы. Қазақ хандары Керей мен Жәнібектің ту тіккен жері. Төле бидей төбе би, Жамбылдай жыр алыбы, Бауыржандай батыр туған өлке, басқа да ел үшін тер төгіп жүрген азаматтарды тәрбиелеген киелі мекен. 2000 жылдан астам тарихы мен мәдениеті бар, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Тараздың жасы Бұқара, Хиуа шаһарларымен шамалас. Осынау тарихы тереңде жатқан Тараздың жастары елінің нағыз патриоттары болуы тиіс. Көрмеде Тараздың жас ғалымдарының тың жобалары мені таңғалдырды. Ол жобаларды Жастар жылы аясында одан әрі дамытуды қолға алу керек. Қажет болса қаржыландырып, өндіріске енгізу жағын да қарастыру керек шығар. Жалпы Жастар жылы ғылымда, кәсіпкерлікте жүрген өрендерге даңғыл жол ашады. Байқап отырсам, бүгінге дейін облысқа тартылған инвестиция 10 пайызға, жастарды тұрғын үймен қамту 20 пайызға артқан. Жастарға деген қамқорлық дұрыс жолға қойылған. Бұл жыл білімді талай жастың бағын ашады деген ойдамын, – деді. Сондай-ақ Нұрлан Зайроллаұлы Елбасының Жастар жылының ашылуы салтанатында алға қойған басты міндеттеріне де тоқталды. «Елбасы жас отбасыларға арналған баспана мәселесі ірі қалаларда өткір екенін ескере отырып, Үкімет алдымен Астанада, Алматыда және Шымкентте жұмыс істейтін жастар үшін жылына 1 мың пәтерді пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды. «Жас кәсіпкер» жобасын іске асыру арқылы студент жастарды жұмыспен қамту мақсатында 32 миллион теңге бөлінді. Еріктілер қатарында жұмыс істейтін студенттердің шәкіртақыларын отыз пайызға көтеру көзделіп отыр. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында 2018-2019 оқу жылына қосымша 20 мың грант бөлінді. Алдағы жылдары студенттерді 70 мың орыннан кем емес жатақханалармен қамту мәселесі шешілетін болады. «Бастау» жобасы мен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында алдағы үш жылда 300 мыңға жуық жас бизнесті меңгеріп, тұрақты жұмысқа орналасады деген ойдамын», – дей келіп Парламент Мәжілісінің төрағасы «Болашақ» және «Жас маман» бағдарламалары мен «Жастар – ел тірегі», «Жасыл ел», «Жас сарбаз» және басқа да жобалардың мәні мен маңызына тоқталып өтті. Мәртебелі мейман өзінің сөзін қорытындылай келе, елімізді әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосатын білімді жастар екенін, оларға зор сенім артатындығын жеткізді. Жиын соңында жоғары оқу орындарының студенттері ойлы да мағыналы сұрақтар қойып, Нұрлан Зайроллаұлымен еркін пікір алмасты. Осынау тағылымды кездесу жастардың ойында ұзақ уақыт бойы сақталады деген сенімдеміз.
Көпшілік ортақ мәселенің шешімін күтеді
Бұл күні Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, бірқатар азаматтармен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Мәжіліс Спикерінің қабылдауына жазылған Талас аудандық ауруханасының жас маманы Сановар Миркасимова «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар туралы мәселе қозғады. – «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылға барған жас мамандар мемлекеттің көмегімен баспана сатып алуға несие мен көтерме қаржы ала алады. Бірақ аудандық маңызы бар қалаға жұмысқа орналасқан жас маман бұл жеңілдіктерден тыс қалады. Себебі жұмыс орны «қала» мәртебесі бар жерде орналасқан. Аталған мәселе республикалық деңгейде шешімін тапса, – дейді жас дәрігер. Мәжіліс Төрағасы аталған бағдарлама қалаларда емес, ауылдық елді мекендердегі маман тапшылығын жою мақсатында қабылданғанын атап өтіп, көтерілген мәселенің Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп қарастырылатынын айтып, ол үшін «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерін айқындау туралы» Үкіметтің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет екенін тілге тиек етті. Қазіргі таңда өз кәсібін ашып, дамытамын деген кәсіпкерлер үшін ең өзекті мәселе – несие алу екені белгілі. Өйткені банкке барғанда, үлкен кедергілерге тап боларың анық. Әсіресе моноқалалар мен ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге оңай емес. Қоғамдық қабылдауда кәсіпкер Руслан Исмазов осы мәселені көтерді. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында өңірдегі моноқалаларда несиеге қолжетімділікті арттыру үшін жергілікті бюджет есебінен өткен жылы 1 миллиард теңге бөлініп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалы арқылы жеңілдетілген несие берілген. Мәселен, 2018 жылы Жаңатас және Қаратау моноқалаларында екінші деңгейлі банктер арқылы 4 кәсіпкер 30,8 миллион теңге несие алған. Жалпы, қордың несиелендіру саясаты жеңіл болғандықтан өткен жылдың қарашасынан бастап, бүгінгі күнге дейін 12 кәсіпкер 51,9 миллион теңге несиеге қол жеткізген. – Бүгінгі таңда «Жас кәсіпкер» несиелендіру бағдарламасы әзірленуде және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын ұзарту туралы тапсырмаға сәйкес, дайындалатын жаңа бағдарламаларда осы мәселені қарастыру қажет, – деді Мәжіліс Спикері. Бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылып жатқан Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласын газдандыру мәселесі облыс үшін маңызды. Қала маңындағы 14 елді мекен тұрғындары да «көгілдір отынға» зәру. Көршілес Түркістан облысынан Жаңатас қаласына газ құбыры тартылған жағдайда бұл жоба қала маңындағы елді мекендерді толық қамти ма? Жаңатас қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орынбаев Нұрлан Зайроллаұлына осы сауалды қойды. Көршілес Түркістан облысының Шаян елді мекенінен Жаңатас қаласының маңында орналасқан «ЕуроХимнің» минералдық тыңайтқыш шығаратын зауытын газдандыруға жоғары қысымды газ құбырын салу жоспарланып отырғанын айтқан Нұрлан Нығматулин: «Газ құбыры Жаңатас қаласының маңында ГРП құрылысымен тоқтайды. Бұл құрылысқа республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінген. Қалған 4,7 миллиард теңгесі 2020 жылға жоспарланған. Бұл мәселені шешу үшін құзырлы министрліктерге сұрау саламыз. Сарысу ауданының жұртшылығы «көгілдір отынды» пайдаланатын күн алыс емес», – деді. Өткен жылы өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің бастамасымен облыс орталығында кәріздік тазарту имараттарын салу қолға алынған болатын. Себебі қаладан шыққан ағынды сулар Жамбыл ауданына қарасты елді мекендер маңындағы сүзгі алаңдарына құйылып, жерасты суларын ластап, әбден зиян келтіріп болған еді. Тараз қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Әмина Қайназарова осы мәселе республикалық деңгейде қолдау тауып, қаланың экологиялық мәселесі түпкілікті шешілсе деген ұсынысын жеткізді. Мәжіліс Спикері бұл мәселеге техникалық-экономикалық негіздеме жасау үшін бюджеттен 35 миллион теңге бөлінгенін, 2019 жылдың соңына дейін жоба толық әзірленіп, сараптама қорытындысын алу көзделіп отырғанын жеткізді. «Құрылыс жұмыстарының құны шамамен 14 миллиард теңге болады деп болжануда және аталған мәселені шешу үшін құзырлы министрліктерге сұрау салынады», – деді Нұрлан Нығматулин. Жамбылдықтар әлеуметтік мәселелердің назардан тыс қалмайтынына сенімді. Олардың түйткілдердің түйіні тарқатылар деген үмітпен қоғамдық қабылдауда жеке өтініштен гөрі көпке ортақ жайттарды көтергені де сондықтан.
«Аq jol»-дың тілшілер тобы: Ардақ ҮСЕЙІНОВА, Марат Құлибаев, Есен ӨТЕУЛИЕВ.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді