Шулық тұрғын «Lamborghini» көлігінің баламасын ойлап тапты
Шынын айту керек, күнделікті өмірде кәдеге жаратып жүрген тұрмыстық техникаларымыз бен мініп жүрген түрлі көліктеріміздің дені Жапония мен Германия, Америка мен Италия сынды алпауыт елдерден шығады. Сондықтан біз жаңа дүниелер мен соңғы технологиялардың барлығы жоғарыда аталған елдердің ғалымдарына тиесілі деп жатамыз. Алайда әсте олай емес. Қазақстанда да технология жетістіктері мен өнертапқыштардың арқасында көліктің, техниканың ғажап үлгілері пайда болуда. Бір өкініштісі, жаңашыл адамдар біртоға болғандықтан ба, әлде, тым шалғай жерлерде тұратындықтан ба, әйтеуір елеусіз қалып жатады. Міне, сондай өнертапқыштың бірі – Шу ауданының тұрғыны Мейя Тафиков.
Аудан орталығының іргесіндегі Қонаев ауылында тұратын кейіпкеріміз италиялық «Lamborghini» айрықша спорткарының баламасын ойлап тапқан. Әуелгіде Шу ауданында аталмыш маркалы автокөлік үлгісін құрастырған азамат тұрады дегенді естігенде, онымен жолығудың реті түспеді. Енді, міне, араға аз ғана уақыт салып, өнертапқышқа арнайы жолығып, туындысымен танысудың мүмкіндігі туды. Мейяның өз қолымен құрастырып шығарған туындысын көзбен көргенде бұл азаматтың жаңалығы неліктен әлі күнге дейін көптің назарына ілікпегеніне таңғалдық. Бұл автокөлікті толық аяқтау үшін 9 жылын сарп еткен шулық өнертапқыш мұның бәрі жалаң аяқ жүгірген балалық шақтағы қызығушылықтан басталғанын айтады. – Анамның айтуынша, жөргекте жатқан кезімнен-ақ темір-терсекке қатты құмар болыппын. Жас кезімнен екі есікті спорттық көліктерге қызығып, олардың темір қалыптағы үлгілерін өзімше құрастырып жүрдім. Сол кездегі қиялыммен осыны жетілдіруге болмай ма деп ойлайтынмын. Кейіннен «Запорожец» көлігіне қолым жетті. Сол кезден бастап көліктің түрлері мен құрылысы, қалай жасалатынына тереңірек үңілдім. Техниканың түр-түрін жөндеп, қыр-сырына үңілдім. Солай біртіндеп, көліктердің құрал-сайманын біле бастадым.Осы арада бала қиялыма қайтадан қанат бітті. Осылайша бірте-бірте бұрынғы арман мақсатқа айналып, ақыр аяғы жүзеге асты. Сіздер көріп отырған көлік менің алғашқы туындым емес. Бұған дейін, дәлірек айтсам, 1988 жылы осыған ұқсас спорттық көлік құрастырғанмын. Оның сұлбасын екі жылда бітіргеніммен, құжаттарын заңдастыру мүмкін болмады. Содан кейін оны қайтадан бұзып тастадым, – дейді өнертапқыш. Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы радиотехника және жүргізуші екен. Бүгінде алпысты алқымдаған Мейя кезінде Шу локомотив пайдалану депосында жұмыс істепті. Көлік жүргізуді де кәсіп еткен. Осылай қат-қабат тіршіліктің шылауында жүрсе де сол баяғы бала қиялы оны қазіргі туындысына жетелегендей әсер қалдырады. Қош! Сонымен көліктің қалай құрастырылғанына, оның құрылымына тоқталсақ. Шулық өнертапқыштың айтуынша, «Lamborghini»-дің баламасын әзірлеу үшін 10-ға жуық көліктің құрал-жабдықтары пайдаланылыпты. «Бұл көліктің негізгі қаңқасы «Honda Prelude» маркалы машинасынан алынды. Дәл осы көлікті екіге бөліп, оның төменгі жағын ғана қалдырдым. Артқа жүру шамдарының дизайнын трактордың радиаторынан, ал алдыңғы жақтағы негізгі шамын «Lada largus» автокөлігінен алып, тұманға қарсы шамын өз қолыммен кесіп, түрлі материалдардан істеп, бояп шықтым. Көліктің алдыңғы және артқы бампері тепловоздың темірінен әзірленген. Сондай-ақ бұл көліктің есігі жоғарыға қарай ашылатындықтан, оған комбайнның кейбір бөлшектерін қолдануға тура келді. Ал дөңгелектері «Тойотаныкі» болса, негізгі қозғалтқышы «Ford Probe» маркалы көліктікі. Қозғалтқыштың көлемі 2,2 литр. Бұл көлікті құрастыруыма кеткен шығын бас-аяғы 100 мың теңгенің көлемінде», – дейді ол. Бір қызығы, аталмыш көліктің электр жабдығы өте күрделі көрінеді. Оның құрылымы да ерекше. М.Тафиковтың сөзіне сенсек, оны иесінен өзге біреу тізгіндесе, 1 шақырымнан әрі аса алмайды екен. Яғни бұл көлікке кодтық жүйе орнатылған. Өнертапқыш бұған дейін бұл көлікті екі мәрте айдап шығыпты. Алғашқыда көлікті бояту үшін Шу қаласына барған. Сонда ерекше көлікке назар аудармаған жан баласы болмапты. Тіпті жол патрульдік полициялары да тоқтатқан. «Сіз, жол ережесін бұзған жоқсыз. Мына көлікті көрмек үшін тоқтаттық» дейді екен олар ондайда. Ал екінші мәрте тоқтатқанда полиция қызметкерлері көліктің құжатын сұраған. Қазіргі кезде жерлесіміздің бар мәселесі де құжатта болып тұр. Өнертапқыштық қасиет кез келген адамның маңдайына жазыла бермеуі мүмкін. Алайда осындай дарынды адамдарға мемлекет қолдау білдірсе, адамның қабілеті оянары сөзсіз. Бойдағы дарындылық қабілетке қамқорлықтың қажет екені айтпаса да белгілі ғой. Дегенмен құрастырылған тың туындыны заңдастыру, оның техникалық құжатына қол жеткізу сынды мәселелер қиындық тудырып тұрғаны анық. Ол үшін көптеген есікті тоздыруың керек. Міне, Мейя Тафиков өткен ғасырда пайда болған алғашқы жаңалығы осындай кедергілердің құрбанына айналып, ақыр аяғы өнер туындысын бұзып тынған. Шулық тұрғын бұл көліктің құжаттары рәсімделіп, техникалық құжаты қолына тисе, оның атын апасының құрметіне «Фидана» деп атағысы келетінін айтады. Бұдан бөлек, бұл ісі құпталып жатса, одан кейін де қиялына ерік беріп, тоқпен жүретін электромобиль құрастырсам ба деген ойы бар. Өнертапқыштың бұл идеясын түйіндеп қойғанына да бірнеше жыл болыпты. Тек құжаттарының рәсімделуін ғана күтіп отыр. «Денсаулық сыр бермесе, әлі талай дүниені жасауға шама бар» дейді алпысты алқымдаған ағамыз жымиып. Қорыта айтқанда, сөз басында аты аталған алпауыт мемлекеттер секілді біздің еліміз де дамудың жаңа деңгейіне шықсын десек, түрлі жаңашылдықтарға қол жеткізуді көздесек, әлбетте, өнертапқыштардың қиялына қанат бітіріп, қолдау көрсету керек. Сонда ғана мемлекетіміздегі кез келген саланың өрісі кеңейе түсері сөзсіз. Қалай десек те, ойы ұшқыр, іске берік жандар өздерінің тың бастамаларымен көзге түсіп жатады. Бүгінде үш ұл, екі қыздан немере-шөбере сүйіп отырған кейіпкеріміз Мейя Тафиковтың жаңалығы жұртты елең еткізетіні ақиқат.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді