Қайырымдылық – қадірлі іс
Өткен жылы ғана мәреден шыққан «Менің Атамекенім» жобасы аясында еліміздің әр аймағында әлеуметтік мәселелердің шешілуі тұрғысында арнайы сауалнама жүргізіліп, тиісінше ақпараттар жиналған. Нәтижесінде еліміз бойынша таяу жылдарда шешімін күтіп отырған 17 895 әлеуметтік мәселе анықталып, аталмыш порталдың «Әлеуметтік мәселелер картасы» және «Ұсыныстар пакеті» бөлімдеріндегі жүйеге тіркеліпті.
Жоба аясында әлеуметтік ахуалы тығырыққа тіреліп, қиын жағдайға түскен кез келген азаматқа өз өтінішін хабарлауға мүмкіндік беретін «Менің Атамекенім» порталының арнайы тетіктері іске қосылып отыр. Онда кәсіпкерлер мен жанашыр азаматтардың мұқтаж жандарға көмек көрсету жолдары мен шарттары ұсынылатын болады.
Халықтан келіп түскен өтінімдерге жасалған талдау бүгінде әсіресе көп балалы отбасылар үшін өзекті мәселелердің бірі – баспанамен қамту екенін көрсеткен. «Баспанаға мұқтаж адамдардың толық тізімін анықтағымыз келді. Қандай мәселе өзекті екенін білу маңызды. Өйткені егер 10-20 шаршы метрде 5 адам тұратын болса, бұл – қатер аймағы. Біз мұны нақты түсініп, сол адамдармен жекелей жұмыс істеуіміз керек. Жұмыстың мәні осында. Портал осыны анықтауға жол ашады. Бірінші кезекте өте ауыр өмірлік жағдайда қалған адамдарға назар аударамыз және олардың мәселесін шешуге көмек беруге дайын кәсіпкерлерді осы жұмысқа тартатын боламыз. Айтқым келетіні, көмек беруге дайын азаматтарымыз елімізде бар», – дейді бұл тұрғыда «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.
«Атамекеннің» осыған байланысты тұжырымдамасы әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпкер Мирус Құрмашевтің қолдауымен әзірленген. Кәсіпкер Skype-байланысы арқылы қосылып, жеке пікірін білдіріп, платформаның мүмкіндіктерін түсіндірді. «Маған көмек керек» деген батырма бар, оны басқанда сауалнама үлгісі шығады. Форманы жүктеп, басып шығарып, жеке мәліметтерді толтыру керек. Толтырылған сауалнаманы сканерден өткізіп, сайтқа жүктеу керек. Осылайша мәселе жүйеге жіберіледі. «Әлеуметтік мәселелер картасына» тіркеледі», – дейді ол.
Айта кетейік, бұл платформа өңірдің, ауыл-аймақтың әлеуметтік жүйелі мәселелерін шешуге бағытталған. Мұндай мәселелер «Ұсыныстар пакеті» тетігі арқылы жарияланады. Механизмі де қарапайым: кез келген адам көмек көрсетуге ниет білдіріп, туып-өскен өлкесіне көмектесіп, мәселен, жарық жүргізу, жол жөндеу, әлеуметтік объектілер құрылысын жүргізу және басқа да мәселелерге атсалыса алады.
Жыл соңында жасалынған қайырымдылық істерге халықтың онлайн режімде дауыс беруі қарастырылуда. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан мемлекеттік және жергілікті деңгейде қайырымдылық танытқан азаматтардың есімі еленуін қолға алатын болады.
Есен ӨТЕУЛИЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді