Жаназа дастарханы қалай жайылуы тиіс?
Халқымызда «Бай болсаң балам тасыма, кедей болсаң, жасыма» – деген өсиет бар. Бақуатты адамдардың қарапайым, жомарт, білімді болғаны халыққа пайда. Өкінішке қарай байлығына тасынып, жиғанын мақтангершілікпен шашып төгетіндер қаншама? Оларға ілесемін деп кедейлер несие алады. Бұл жағдай кісісі қайтыс болған үйден де көрініс тауып, байлардың ысырапшылдығы шектен шығып тұр.Міне, осыған байланысты облыс әкімдігі дін істері басқармасы мен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының облысымыз бойынша өкілдігі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің қызметкерлері бірлесіп, «Қаралы үйдің ас мәзірлері және рәсімдері» тақырыбында жиын өткізді. Басқосуды облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров сөз сөйлеп ашып, жаназадағы байлардың мақтангершілігі асқынғанын, жағдайы жоқ отбасылар соларға ілесемін деп жалған намыс үшін шығынға батып жатқанын айтып, келгендерді ашық әңгімеге шақырды. Мұнан соң ҚМДБ –ның облысымыздағы өкілі, облыстық «Һибаттулла Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл шариғатта ысырапшылықтың жағымсыз іс екенін айтып, судың да сұрауы болатынына тоқталды. Мұхаммед Пайғамбарымыздың «Ағып жатқан өзеннен дәрет алсаң да, ысырапшылдық жасама», -деген хадисін жиналғандардың есіне салып, кісі қайтыс болғанда жайылатын дастарханның Қазақстан мұсылмандар діни басқамасының өкілдігі белгілеген бірыңғай нұсқасын көпшіліктің назарына ұсынды. Жаназа рәсіміндегі ас мәзіріне бауырсақ, тандыр нан, тәтті нан, қант, кәмпит, жент пен талқан, салат және ыстық тамаққа ет немесе палау (екеуінің біреуін ғана) әзірлеу қажеттігі жазылған. Бұл барлық отбасына жеңілдік үшін жасалып отырған шешім. Мейрамханаларда марқұмдарды еске алуға арналған дастарханда әр адамға кететін шығын 2 мың теңгеден аспаса, кісісі қайтыс болған үйде қазан көтерілмесе (қаралы үй емес, көрші үйлерге дастархан жайылса) деген ұсыныс айтылды. Облыстың бас имамы марқұм болған кісіні жылдамдатып жерлеу (бір тәуліктен асырмай), зираттардың кіре берісіне қабір әдептерін жазып қою жөнінде де ұсынысын айтты. Мұнан соң сөз сөйлеген облыстық ардагерлер алқасының мүшесі Шәріп Дәулетбаев осындай мәселені ауылдарда көтеру керектігін айтып, бай мен кедей ешқашан тең болмайтыны туралы ойын білдірді. Келесі сәтте Сарысу ауданының бас имамы Ғалымжан Қонақбаев, Мойынқұм ауданының бас имамы Ерлан Бөлегенов, Шу қаласының бас имамы Қуат Үрпеков сөз сөйлеп, жергілікті жерлердегі жағдайлардан хабардар етті. 2017 жылы да облыстық ардагерлер кеңесі мен облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің қызметкерлері бірлесіп осындай бастама көтерген болатын. Сөз сөйлеген имамдардың айтуынша, Сарысу, Мойынқұм, Шу ауданының бірқатар ауылдарында жаназа кезінде қарапайым дастархан жаю үрдісі жолға қойылып келеді екен. Тек апта сайын қайтыс болған кісіге бейсенбілік оқыту қалыптасты, осы жағдайдың да ауыр соғатыны айтылды. Имамдар шариғатта апта сайын бейсенбілік беру жоқ екендігіне, жаназа, қырық күндігіне, жылына жиналса, марқұмға деген құрметтері болатынын жеткізді. Тараз қаласының тұрғыны Сейділда Пірімқұлов әкімдіктен жер бөлінсе, кәсіпкер жігіттердің Алланың ризалығы үшін марқұмдарға ас беретін бағасы қолжетімді асхана (жағдайы жоққа тегін) салатын ниеттері барын айтты. Мұнан соң Мәдениет саласының үздігі Тәкен Молдақынов, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен, «Вынхуа» дүнген мәдени орталығы төрағасының орынбасары Ыдырыс Юнусов, «Ахыска» түрік мәдени орталығы төрағасының орынбасары Ибрагим Зуфаров, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесі директорының орынбасары Жанжігіт Омархан, облыстық «Ғұмыр–дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов сөз сөйлеп, мешіт имамдарының ұсынысын құптап, тіпті дастархан мәзірінен салатты да алып тастауды ұсынды. Жиында арнайы жазылған хаттама оқылды. Облыстық ардагерлер кеңесі мен облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің қызметкерлерінің жаназаны, ас жиынды қарапайым дастарханмен өткізу туралы ұсынысын аудандар мен ауылдар қолдаса деген ой айтылды. Басқосуды облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Ж.Омаров қорытындылап, бұл бастаманы барлық аудан, ауыл әкімдері, жергілікті ардагерлер кеңесі, имамдар, тұрғындар қолдайтынына сенім білдірді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді