«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алты оқушы Ақтауға барады

Алты оқушы Ақтауға барады
ашық дереккөз
Алты оқушы Ақтауға барады

Елімізде алтыншы мәрте өткізілгелі отырған «Ақберен» білім және өнер байқауының іріктеу кезеңі Тараз қаласындағы №33 орта мектепте өтті. Шараны облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті ұйымдастырды. Тараз қаласынан және аудандардан жиналған сексенге жуық үміткердің алдында аталған оқу әдістемелік кабинеті басшысының орынбасары Бигелді Тәжібаев сөз сөйлеп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұл өнер мен білім додасында «Шешендік, білгірлік сайысы», «Көркемсөз оқу», «Эссе жазу», «Ұлттық аспапта өнер көрсету», «Айтыс», «Ақындар мүшәйрасы» секілді алты аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. «Айтыс» аталымы бойынша есімі белгілі талапкерлерден бөлек Шу ауданынан келген Ерлан Орынның аяқ алысы қуантты. Тараздық оқушы Мұхтар Қонарбаевтың да суырып салмалық өнері оның болашағынан үміт күттірді. Дегенмен бұл аталым бойынша Т.Рысқұлов ауданынан келген Жансая Сәрсенбаева жеңімпаз атанды. Оқушы қыздың тың теңеулері, орамды ойлары сәтті шықты. Жүлделі екінші орынды Ерлан Орын мен Мұхтар Қонарбаев өзара бөліссе, байзақтық Сәбит Ысқақ пен меркілік Әділет Көшеров үшінші орын иегерлері атанды. «Ақындар мүшәйрасы» аталымы бойынша құландық Нұргерім Нұрлан топ жарса, жамбылдық Мерейхан Райымбаев пен таластық Надира Жанайдарқызы екінші орынды еншіледі. Жүлделі үшінші орын тараздық Меруерт Әбдібаеваға, қордайлық Ербол Тұрсынбаевқа, байзақтық Бауыржан Тілеубаевқа бұйырды. «Ұлттық аспапта ойнау» аталымы бойынша Жамбыл ауданынан келген Нұрдәулет Әлімқұл, «Шешендік өнер» аталымында меркілік Жанелья Кемелбай, «Көркемсөз оқу» аталымында меркілік Ринат Жексенбі, «Эссе жазу» аталымы Т.Рысқұлов ауданының үміті Дана Саламат жеңіске жетті. Байқауды Қазақстанның халық әртісі Мәкен Рахымжанова мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті Темірбай Мұқашев қорытындылап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. Енді әр аталым бойынша жеңімпаз атанған 6 оқушы наурыздың 11-13 күндері Ақтау қаласында өтетін республикалық «Ақберен» білім және өнер байқауында облыс намысын қорғайтын болады.

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар