Қоршаған ортаға пайдалы әрі қаржы үнемдеуге де септеседі
Әлбетте, қазір автокөлік жолдары қарапайым және ескі тәсілдермен салынуда. Құрамында құм, қиыршық тас бар асфальт жабыны төселеді. Міне, осындай тәсілмен салынуы ел аумағындағы жолдар сапасының төмендігінің басты себебі десе де болады. Осының салдарынан жолдың жиі жөндеумен қамтылуы, оған мемлекет тарапынан қыруар қаржы жұмсалуы секілді мәселелер орын алуда. Айта кетерлігі, асфальт жамылғылы жолдардың кемшіліктері де жетіп артылады. Басты зияндылығы – олардан ауа райына байланысты зиянды заттардың көп мөлшерде бөлетіндігінде. Ал ыссы күндерде еріп, езілуі өзіндік пішінінің өзгеру жағдайына алып келеді. Негізінен жолдарға асфальттың аз мөлшерде қолданылуы қолда бар қорлардың үнемделуіне де септеседі. Асфальтты бетон көп мөлшерде мұнай қосылуын талап етеді. Ал бұл өнім қазіргі кезде өте тапшы. Қоршаған ортаға асфальт 2 пайыз көлемінде көміртегі газын шығаратыны да қаперде болғаны жөн. Ал пластикалық заттарды өңдеп, оларды асфальтқа қоссақ, қосылыстың тұтқырлығы едәуір жақсара түсетіні дәлелденген. Бұл жолдардың ыстық күндерде қызу температурасын едәуір төмендетуге де көмектеседі, органикалық ұшпа қосылыстар көміртек оксидінің шығынын азайтады. Пластикалық битумды-композитті қосылыстар қолданылған жолдар стандартты асфальт жолдарға қарағанда берік төзімділікке ие. Олар суды өз бойына сіңірмейді, жақсы иілгіштікке ие, жол беті жарылмай, тегіс күйінде қалады. Ең бастысы, техникалық жөндеу жұмыстарын аз талап етеді. Күн сайын дерлік жаңа бір өнертабыс ашылып, жаңалықтар туындап жататын ғылым әлемінің бір орында тоқырап тұрып қалмайтыны белгілі. Сондықтан техникалар мен технологиялардың да уақыт талабына сай өзгеріске түсіп отыруы – заңдылық. Тарихқа шолу жасар болсақ, автомобиль жолдары үшін тас, бетон және асфальтты пайдаланып келе жатқанымызға ғасырдан астам уақыт өтіпті. Бұл уақыт ішінде үдемелі түрде дамып келе жатқан конструкциялық ілгерілеу қарапайым тас жолдың өзіне түрлі дәрежедегі өзгерістердің енгізілуіне алып келді. Алайда бұл өзгерістер де уақыт өте келе жаңа технологияларға жол беруі бек мүмкін. Соған қарағанда, қарапайым асфальт-бетонды жол жабынының дәуірі аяқталатын секілді. Елбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес әзірленген «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында автожол тармақтарының ұлғаюына байланысты көлік тасымалының күрт өсетіні, соған орай тиісінше шаралар қолданылуы қажет болатыны айтылған. Рас, көліктер ағынының өсуі жол жамылғыларына өзіндік әсерін тигізері анық. Қазіргі кездегі асфальт бетінде пайда болған түрлі бұзылулар жолдың пайдалану мерзімін де едәуір қысқартуда. Жолдардың басым дені осындай бұзылымдар мен деформацияларға ұшыраған. Айта кетейік, деформация дегеніміз – автокөлік жолы өлшемдерінің өзгеруі немесе жалпы формасының кішіреюі, салмағы мен біртұтас тегістігінің жоғалуы. Ал дұрыс жобаланған, соған сай салынған және пайдаланылған жолдарда бұзылулар әсте болмауға тиіс. Алайда пайдаланылуы кезінде табиғи климаттық факторлар әсерінен, жобалау мен салу үдерісі кезінде кеткен кемшіліктердің салдарынан деформация туындауы ықтимал. Автомобиль дөңгелегінен түскен жүктеуден соң жол жамылғысы иіледі, алайда біртіндеп қайта қалпына да келеді. Жалпы, асфальт-бетонды жол жамылғысы ылғалдың және ауаның әсерінен тозуының үдерісі үш сатыға бөлінеді. Оның алғашқы сатысында ұзақ уақыт бойы пайдаланылған материалдың суға және аязға төзімділігі азаяды. Ал екінші сатысында суға және аязға төзімділігі төмендегенмен, минералды материалдың беріктігі өзгермейді. Үшінші сатысында материалдың беріктігі өте тез төмендейді, суды сіңіру, ісіну көлемі ұлғаяды, су мен аязға төзімділігі азаяды. Асфальт-бетонды және басқа да жол төсемдерінің бетінде пайда болатын сызаттар көлденең, ұзына бойлық, торлы, қисық және басқа да түрде көрініс табады. Елімізде бүгінде беріктілігі жоғары полимерден торлы және біртегіс әр түрдегі материалдар жасалынып шығарылады. Олар жүктеменің астыңғы жатқан жол қабатына біртегіс түсуіне жайлылығымен, созылуларға төзімділігімен, сызаттардың ұлғаюына жол берілмеуімен ерекшеленеді. Қыс айларындағы суық климат жағдайында көктайғақ мәселесі әр кезде де өзекті. Автокөлік жолдары мен тротуарлар беті қармен, мұзбен жабылады. Оларды тазалау үшін түрлі іс-шаралар қолға алынып жатады. Қар тазалағыш тракторлар, автокөліктер көмегімен жол төсемінің беті сүрілуі, әртүрлі химиялық реогенттер мен тұз себілуі салдарынан ауаға, көліктерге, қоғамға едәуір залалдар келтіріледі. Өйткені бұл іс қыруар еңбек пен қаржылай шығынды да қажет етеді. Бұл іс-шаралардың орындалуы да оңтайлы нәтижеге кепілдік бермейді. Мысалы, осындай жағдайда автокөлік жолдары мен тротуарларды жылыту сияқты технологиялар қолданудың да мүмкіндіктері бар. Жылыту функциясы бар жол төсемінің құрылысы автокөлік апаттары мен адамдардың жарақаттанулары мәселелерінің алдын алуға көмектеседі. Осындай жылыту технологиясы қаламыздың шығыс және батыс жақ кіреберістеріне, жылу жүйелері жоқ автокөлік жолдары мен тротуарларында пайдалануға енгізілсе нұр үстіне нұр болар еді. Ағын су жүйелеріне де жылыту технологиясы пайдаланылса артықтық етпейді. Арықтар бойымен ағатын ағын су мен жаңбыр, қар суын да жылытумен қамтып, жинақтап, сүзгіден өткізіп тазалап, пайдалануға да болады. Бұл жобаға анау айтқандай көп қаржы да жұмсалмайды. Мұндай жүйені қолданудың маңыздылығы мен қажеттілігі бүгінгі күні айтпаса да түсінікті. Ол, сөз жоқ, жаңа да озық технологиялардың бірі болып табылады.
Ақназар НҰРТАЗАЕВ, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың көлік техникасы және технологиялар кафедрасының аға оқытушысы, техника және технология магистрі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді