«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тараз жеріне тағзым!»

«Тараз жеріне тағзым!»
ашық дереккөз
«Тараз жеріне тағзым!»

Жас туристер фестиваліне келушілер тарихи орындарды аралады

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="94787,94788,94789"]

Бүгінгі күні елімізде балалар туризмінің кенжелеп қалғаны жасырын емес. Рас, еліміз бойынша жас турист-өлкетанушылардың орталығы мен стансалары баршылық. Одан бөлек туристік-өлкетану үйірмелері де жолға қойылып келеді. Әйткенмен бұл бағытта нақты жұмыс кемшін түсіп жатқаны ақиқат. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Тараз төрінде «Тараз жеріне тағзым!» атты жас туристер фестивалі өтті. Бұл фестивальдің Жастар жылы аясында қолға алынып отырғаны да қуантады. Іс-шараға өңірімізден бөлек, Алматы және Түркістан облыстарынан 14-18 жас аралығындағы жүздеген оқушы келді. Үш күнге созылған фестиваль аясында олар шаһардың тарихи орындарын аралап, экскурсиялық турға қатысты. Олар бірінші күні Қарахан, Дәуітбек кесенелерін, «Көне Тараз» қалашығын, «Жеңіс» саябағын және өзге жерлерді өз көздерімен көрсе, екінші күні Айша бибі, Бабажы Хатын кесенелерін, Қазақ хандығы монументін, Әулие бастау, Таусамалы, Берікқара, Төрткүл керуен сарайы секілді тарихи орындарды тамашалады. Экскурсиялық тур аясында білікті мамандар жас туристерге тарихи орындар туралы мол мәлімет берді.

– Мен бұл фестивальге келгеніме өте қуаныштымын. Бұрын-соңды маған беймәлім болып келген қызықты мәліметтерді естіп, тарихпен тамырлас Тараздың қыр-сырына қанықтым. Айша бибі, Қарахан, Дәуітбек кесенелерін аралағанда Тараздың өткені тым тереңде жатқанына көз жеткіздім. Осынау көне шаһардан алған әсерім зор болды. Оны сурет тілінде сөйлеттім. Мұндай іс-шаралардың жасөспірімдердің танымдық тұрғыдан дамуына үлкен серпіліс беретіні сөзсіз. Біздің туризм, өлкетану саласына деген қызығушылығымызды тудыратыны да анық, – дейді Түркістан облысынан келген оқушы Ақерке Шері өз ойымен бөлісіп. Фестиваль барысында «Викториналардағы сауалдарға жауап беру», «Тараз қаласына қатысты жұмбақтардың жауабын табу», «Жас суретші», «Жас ұста» секілді іс-шаралар ұйымдастырылды. Үшінші күні фестивальдің негізгі бөліміне кезек келді. Алдымен баспасөз мәслихаты өтті. Мұнда алғаш сөз алған облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова саладағы балалар, жастар туризмін дамыту бойынша қолға алынған жұмыстарға тоқталды. «Республика деңгейінде біз бірінші рет балалар-жасөспірімдер туризмін дамытуға арналған маңызды іс-шара өткізіп отырмыз. Саладағы өзекті мәселелерді талқылап, оның шешілу жолдарын іздестіру – негізгі мақсатымыз. Ресми кездесуді өткізе салуды жоспарлаған жоқпыз. Сондықтан да Түркістан, Алматы облысынан және облыстың әр қиырынан туризм саласын білетін мамандар келіп отыр. Фестивальге жүздеген баланың қатысуы қызығушылықтың жоғары екенін аңғартса керек-ті. Атсалысып жатқан барлық мамандарға ризашылығымды жеткізгім келеді. Экскурсиялық тур аясында біз құрған маршрут бойынша тарихи орындарды аралаған балалар өздерінің пікірлерін айтып, қызығушылықтарын білдіріп жатыр. Мұнда көрме ретінде қойылған балалардың еңбегін көріп отырсыздар. Қазылар алқасы өз шешімдерін айта жатар. Дегенмен қатысушылар негізгі тақырып ретінде Тараздың терең тарихына назар аударғанын байқау қиынға соқпайды. Балалар Айша бибі, Қарахан, Дәуітбек кесенелерін ғана салып қоймай, «Қазфосфатты» еңбектеріне арқау еткенін де аңғаруға болады. Бұл – балалардың Таразды аралап көргеннен кейін алған әсері», – деген Қарлығаш Әмірқызы өзге де мәселелер туралы толғанды. Бұдан соң «Айналайын» балалар-жасөспірімдер орталығы» жастар клубы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Разақова сөз сөйледі. Ол өз сөзінде өткізіліп отырған фестивальдің өңірдегі балалар туризмін дамытуға үлкен серпіліс әкелетінін атап өтіп, ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Баспасөз мәслихаты барысында сөз алған ішкі және келу туризмі қауымдастығының төрайымы Альбина Веймер көкейінде жүрген ойларымен бөлісіп, тұңғыш рет Тараз топырағында бастау алған шараның алдағы уақытта жемісін беретінін сөз етті. Кейіннен «Туған жерге тағзым!» атты конференцияның ресми ашылу салтанаты өтті. Онда облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке сөз алып, республикалық деңгейде алғаш рет Тараз төрінде ұйымдастырылған фестивальдің ерекшеліктеріне назар аударды. Ол өз сөзінде бұл шараның балалар және жасөспірімдер туризмінің дамуына оң ықпал ететінін айтты. Мұнан соң мәртебелі меймандар балалар суреті мен қолөнершілердің көрмесін аралап көріп, талапты жастардың талантына ризашылықтарын жеткізді. Конференция барысында «Қазақстандағы балалар-жасөспірімдер туризмінің даму болашағы» тақырыбында пленарлық отырыс ұйымдастырылды. Пленарлық отырыс кезінде балалар туризмін дамытудың алғышарттары мен онда кездесетін өзекті мәселелер, олардың шешілу жолы туралы кеңінен әңгіме өрбіді. Қатысушылар көкейлерінде жүрген ойларын еркін айтып, саланы дамыту жолындағы жұмыстарды ілгерілету туралы пікірлерімен бөлісті. Басқосу барысында баяндамашылар «балалар мен жасөспірімдер туризмін ұйымдастыру ерекшеліктері», «балалар мен жасөспірімдер туризмі ішкі туризмді дамытудың бір факторы», «балалар-жасөспірімдер туризмін дамыту» секілді тақырыптарда еркін көсіліп, саланы дамытуға қатысты нақты ұсыныстарын ашық түрде ортаға салды. Соңынан фестиваль аясында ұйымдастырылған «Жас суретші», «Жас қолөнерші» байқауларының қорытындысы шығарылып, еңбектері үздік деп табылғандар жүлделі орындардан көрініп, арнайы дипломдар мен сыйлықтарға иелік етті. Сонымен қатар Тараз қаласы мен өңірдің мәдениеті, туристік нысандары мен олардың әлеуеті туралы туындаған сауалдарға да жауаптар берілді. Фестиваль кезінде «Тараз жеріне тағзым!» атты қайырымдылық акциясы да ұйымдастырылғанын айта кеткен ләзім.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар