«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Партия парасаты ішкі тәртібінен де көрінеді

Партия парасаты ішкі тәртібінен де көрінеді
ашық дереккөз
Партия парасаты ішкі тәртібінен де көрінеді

Биыл өзінің 20 жылдық мерейтойын өткізгелі отырған «Нұр Отан» өз тарихында халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды. Өйткені партия тұрғындарды толғандырған мәселелерді шешуді өзінің ең әуелгі міндеті санайды. Сондықтан партиялық қызметтің маңызды бағыттарының бірі әрі негізі қоғамдық қабылдау болып табылады. Алайда бұл жұмыстарды ұйымдастыруда кемшіліктер де жоқ емес. Мұндай олқылықтар «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ұйымдастырған партиялық бақылау комиссиясында қаралды.

Жиын барысында екі мәселе талқыланды. Бірінші – ол партия жарғысы мен партия мүшесінің Этика кодексі талаптарын сақтау және ішкіпартиялық тәртіпті нығайту жұмыстарының орындалуы болса, келесі ретте партияның саяси Доктринасы талаптарын іске асыру мақсатында өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айлары бойынша жергілікті тұрғындардан түскен өтініштер жайы қозғалды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық филиалдың партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, топ жетекшісі Жанатбек Жапаровтың баяндамасы тыңдалды. Өйткені комиссия тарапынан ағымдағы жылдың 11-12 ақпан күндері партияның Жамбыл аудандық филиалының 2017-2018 жылдарда атқарған жұмыстарына зерделеу жүргізілген. Хабарламашының сөзіне сенсек, аталған филиалда бірқатар жұмыстар атқарылған. Мәселен, филиалда ай сайын жарна төлейтін партия мүшелерінің жалпы саны 4920-ны құрапты. Жоспарға сай олар ай сайын, жалпы сомасы 1 463 700 теңге жарна төлеуі тиіс болса, ағымдағы жылдың 1 ақпанында партиялық жарна 108 000 теңгеге артық төленген. Аудандағы 20 бастауыш партия ұйымының барлығы жұмыс кабинеттерімен жабдықталған. Яғни БПҰ-ны жұмыс кабинеттерімен қамту 100 пайызға орындалған. Әйткенмен филиал жұмысында біршама кемшілікке кеңшілік берілгендігі де анықталыпты. – Партия аудандық филиалының жоспарына сәйкес былтырғы қараша-желтоқсан айларында Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттердің, оның ішінде ауыл шаруашылық саласын дамытуға бағытталған жұмыстардың аудан көлемінде орындалу мәселесі енгізілген. Алайда бұл жоспарланған бюро отырысы белгісіз себептермен өткізілмеген. Тексеру кезінде өткен екі жылда филиалда тіркелген партия мүшелері арасында ішкіпартиялық тәртіпті және «нұротандықтардың» Этика кодексі талаптарын сақтамаған партия мүшелері тіркелген. Атап айтқанда, 2017-2018 жылдары С.Искакова, Р.Дәулетқұлова, Г.Жамалбекова және Г.Бектенбаеваның жауапкершілігі бастауыш партия ұйымдары бюроларында қаралған және тиісті партиялық жазалар қолданған. Бірақ бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы қажет болса да, С.Искакованың ішкіпартиялық тәртіпті бұзғаны және соған сай жазаланғандығы еш жерде жарық көрмеген. Осылайша филиалдың Саяси кеңесі бюросының отырыстарында партия мүшелерінің жауапкершілігін қарау тәжірибесі қалыптаспағандығы байқалады. Сонымен қатар ішкіпартиялық жұмысты нығайту бағытында партия мүшелерінің Этика кодексі талаптарының орындалуы бойынша арнайы мәселе қаралмаған. Бұл ретте, филиал тарапынан тиісті жұмыстар өз бастамасы бойынша жүргізілмей, жауапкершілікті қарау мен тәртіптік жаза қолдануда партияның облыстық филиалы тарапынан берілген ұсыныстарға ғана иек артқандығы аңғарылады. Сондай-ақ партиялық бақылау комиссиясының 2017 жылғы іс-шара жоспарындағы қаңтар айында өтуі тиіс дөңгелек үстел отырысының тиісті құжаттары рәсімделмеген, – деді ол. Облыстық филиал тарапынан берілген тапсырмаларды орындауға ерекше мән берілуі тиістігін де қадап айтқан Жанатбек Тұрсынбекұлы зерделеудің қорытындысына сәйкес аудандық филиал жұмысын жақсарту бағытында бірқатар ұсыныстар берді. Сөз болған мәселелерге қатысты жауап берген Жамбыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Несіпбеков аталған олқылықтарды жою жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Аталған мәселелерге қатысты өз пікірін білдірген комиссия төрағасы Абай Нұржанов партиялық тәртіпті бұзып, мүшеліктен шығарылған кісілерді ақпарат құралдарында атын атап, түсін түстеп тұрып жариялау керектігін баса айтты. Ал екінші мәселеге қатысты сөз алған «Нұр Отан» партиясы Талас аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Қартабаевтың облыстық филиалдың Партиялық бақылау комиссиясы мүшелері алдында былтырғы жылдың қорытындысы мен биылғы жылдың қаңтар-ақпан айлары аралығында аудан тұрғындарынан түскен өтініштердің қаралу барысы жайлы баяндамасы тыңдалды. Ал «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраимова да таластық филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесінің былтырғы жұмысына анықтама келтірді. Тиянақты жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде және тұрақты партиялық бақылау жүргізілгендіктен, таластық 231 азаматтың 57 пайызының өтініші оң шешімін тапқан. Хабарламадан түсінгеніміз, аталған филиал өңірлік көрсеткіш бойынша басқа филиалдар ішінде 3-орында тұр. Дегенмен бұл жұмыстарды ұйымдастыру мен өтініштерді тіркеу жұмыстарында әлі де олқылықтар бар екен. – Былтыр осы филиалда Скайп арқылы бар болғаны 1 ғана қоғамдық қабылдау ұйымдастырылған. Сондай-ақ бекітілген кестеге сәйкес қоғамдық қабылдауларды мүлдем өткізбеу фактілері де кездесті, – дей келе, Үміт Серікқызы бірқатар ұсыныстар жасады. Себебі қоғамдық қабылдау – халық айнасы. Сондықтан бұл бағытта туындаған мәселелерге жедел назар аудару қажет. Жиын соңында отырыста қаралған мәселелер алдағы уақытта өз шешімін тауып, орын алған олқылықтар жойылатындығы айтылды.

 

Альмира ОМАРОВА

Ұқсас жаңалықтар