«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әулиеатадан Адис-Абебаға

Әулиеатадан Адис-Абебаға
ашық дереккөз
Әулиеатадан Адис-Абебаға

Барып ән шырқаған жас өнерпаздардың алар асуы әлі алда

45Тәубе, тәуелсіздігіміздің арқасы, бүгінде өнерлі өрендеріміздің өрісі кеңіп келеді. Берісі – Алматы, Астана қалаларының сахналарында ән шырқап, арысы – Анкара асып жүргендері де бар. Тараздық Шыңғыс Серікбай мен Марлен Қосақов – сондай дарынды жеткіншектердің бірі. 

Бала кезден құлақтарына сіңісті жауһар жырларды тыңдап, ән әлдиімен ер жеткен балғындар жуырда Түркияның астанасы Анкара мен Стамбул қалаларында және Эфиопия мемлекетінің ел ордасы Адис-Абебада өткен «Dil ve Kultur Festivali» атты фестивальде өнер көрсетіп оралды. 150-ден астам мемлекеттің өнерпаздары бас қосқан жас әншілер додасында Шыңғыс түрік әндерін, Марлен қазақ әндерін нақышына келтіре орындап, таланттарымен талайды тамсандырды. Мұндай ірі шараға жамбылдық қос дарын­ның шақырту алуы кездейсоқ жайт емес. Осының алдында ғана олар қазақ-түрік тілдерінде көркем сөз оқу және ән орындау байқауларында ерекше көзге түсіп, күміс жүлдені жеңіп алған болатын. Ал жеңімпаздар мен жүлдегер­лерге халықаралық фестивальге қатысуға мүмкіндік беріледі екен. Қос әнші де түрік тілінде еркін сөйлей алады. Олар көп тілді меңгерулеріне бүгінде білім алып жатқан білім ошағының ықпалы көп дейді. «Түрік әндерін нақышына келтіріп орындай білу үшін сол тілді еркін меңгеру аздық етеді. Әннің мағынасын ашуда алдымен түрік халқының мәдениеті, тарихы туралы көбірек білу керек. Облыстық дарынды ұлдарға арналған қазақ-түрік мектеп интернатында түрік тілі пәнінің мұғалімі Селман Шимшек осы бағытта тікелей жұмыс жүргізіп, көп нәрсені үйретті. Өз болмысыңа сай әндерді таңдап беруде де ұстазымыздың тәжірибесі мол, талғамы биік. Жалпы, Ахмет Гази Чолак мырза басқарып отырған интернат балалардың өнер-білімге деген құштарлығын оята біледі», – дейді Шыңғыс. Шыңғыстың сөзінің жаны бар. Облыстағы дарынды ұлдарға арналған қазақ-түрік мектеп интернатының шәкірттері білім додаларында көштің алдын бермей, өнер жарыстарында жүлдегер атанып жүр. Соның бірі – жастайынан ән айтуға құмар Шыңғыс. Бұған дейін бірнеше халықаралық деңгейдегі байқаулардың лауреаты атанған (2012 жылы Израильдің Эйлат қаласында өткен «Red Sea Joys» атты байқауға қатысқан) жас әншінің өнерін әрі қарай шыңдап, үлкен сахналарға шығуына жағдай жасауда.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар