«Жастар аллеясының» құрылыс жұмыстарына жұмыла кіріскендердің қарасы мол
Шынында да, солай. Қазіргі уақытта қалада жаздың сән-салтанатын қыста ойлаудан туған қам-қарекеттер ақ қар, көк мұзда да қауырт жүргізілуде. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес Сүлейменов көшесінің бойындағы «Атшабар» сквері аумағын жаңғыртуды қолға алған мекемелер жұмысын бұрнағыдан да еселей түскен. Айтпақшы, бұл аумақты биылғы Жастар жылының құрметіне «Жастар аллеясы» деп атау ұсынылып отыр екен.
Аталмыш аумақ бүгінде үлкен құрылыс алаңына айналған. Қайда қарасаңыз да қызу жұмыс. Жұмысшылардың бір тобы беткейге өрнектастар, екіншілері баспалдақтар төсеумен, тағы біреулері электр және су желілерін тартумен айналысуда. Бұл іспен айналысушылар қатары да бұрнағыдан көбейе түскен. «Жасыл Тараз», «Арайстроймаркет-2003» ЖШС-ларының, басқа да мекемелердің 60-70-тей жұмысшысы мен түрлі техникаларының күшімен аллея аумағы түбегейлі жаңғыртылуда.
«Арайстроймаркеттіктер» алаңның орта тұсындағы кіреберіс қақпасына биіктігі 7-8 метрлік арка, колонналар орнату жұмыстарын бастап кеткен. Тап осы жерден ашық аспан астындағы амфитеатр салынып, үлкен LED-экран қойылып, жаз мезгілінде концерттер мен кинофильмдер көрсетілетін болады. Жастар үшін ғаламтор желісіне үздіксіз қосылуға мүмкіндік беретін іргедегі интернет-кафенің құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу. Бұл нысан «Табыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен бой көтерген. Мұнда жақын маңдағы бірқатар орта арнаулы және жоғары оқу орындары студенттерінің ғаламтор арқылы өздеріне қажетті ақпараттар іздестіріп тауып, оқу үрдісінде пайдалануларына да мүмкіндіктері бар.
Жаз айларында тұтастай гүлмен, көгалмен көмкерілер қырат беткейлеріндегі 8 бөлікте қазақы оюлар негізінде жасалып жатқан өрнектастардың көлемі мен пішімінің алуан түрлі болуы да қарастырылып отыр. Сондай-ақ осындағы Ұлы Отан және Ауған соғысы құрбандарына арналған стелалар тиісінше «Қарахан-Айша бибі», «Білім» композициялары түрінде қайта жаңғыртылмақ. Үш субұрқақтың екеуі алынып тасталып, онда қала тұрғындары аяқ суытып, демалатын орындар салынады. Аталмыш сквер шығыс және батыс бөліктеріндегі субұрқақтардың әртүрлі түспен құбылуын қамтамасыз ететін арнайы қондырғылар қойылуымен эстетикалық кейіпке енгізіліп, заманауи жаңғыртылудан өтеді деп күтіліп отыр. Қос ғашықтың мүсіні орналасқан аумақ махаббат алаңшасына айналады. Тал-дарақтар да күзеліп, ішінара ретке келтірілмек. Аумақ тұтастай заманауи жарықтандырылумен қамтылатын болады.
Атап өтерлік бір жайт, аллеядан Төле би көшесіне көтерілетін баспалдақтардың шеттеріне орналасқан тумбаларға көне шаһарымыз атын әлемге танытқан айтулы тұлғаларымыз – әл-Таразилардың мүсіндерін қою ойластырылып отыр екен. Бүгінгі күні тарихшылар арнайы зерттеулер жүргізіп, әл-Тарази есімін иеленген 48 тұлға болғанын анықтаған.
Айт-айтпа, бұл жұмыстар Жастар жылына орайластырылған айрықша елеулі шара екені анық. Тараздықтардың жаз айларында шаһардың көз жауын алар алуан гүлдермен көмкеріліп, шырайлана түсуі үшін қыстыгүні қам жасап, қауырт гта қарбалас тірлікке жұмылуы шынында да қуантарлық емес пе?! Барлық жақсылық басымызға бір күнде орнай қоймайды. Бәрі де еңбекпен, ізденіспен келеді. Биылғы наурыз айында іске қосылуы межеленген «Жастар аллеясын» аяғынан тұрғызу ісі әрбір минутты үнемді пайдалануды, жұмыс қарқынын арттыруды да талап етуде. Сондықтан да құрамында қала басшылары, сәулет-құрылыс саласының мамандары бар арнайы жұмыс тобының мүшелері жаңа құрылыс нысаны аумағында күнбе-күн болып, не істеп, не қойылғанын, не жетіспейтінін саралап, пысықтауды әдетке айналдырған. Өйткені бұл – уақыттың да талабы.
– Аллеяның ұзындығы – 840 метр, жалпы аумағы 5,7 гектар көлемінде. Ал жобаның жалпы сметалық құны 454 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде 282 миллион теңгесі – жергілікті бюджет, 172 миллион теңгесі жеке инвестиция есебінен қарастырылып отыр. Бүгінде жобаның белгіленген мерзімінде жүзеге асырылуына күш жұмылдырылуда, – дейді Тараз қалалық сәулет және қала құрылыс бөлімінің басшысы Олжас Көпжасаров.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді