«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Атқарылған істер мен алдағы жоспарлар сараланды

Атқарылған істер мен алдағы жоспарлар сараланды
ашық дереккөз
Атқарылған істер мен алдағы жоспарлар сараланды

Ауданда барлық салада өсім бар. Бірқатар көрсеткіштер бойынша ілгерілеушілік байқалады. Әйтсе де шешілмеген, қордаланған мәселе де, кезегін күткен түйткілді жұмыстар да жоқ емес. Аудан әкімі Қайрат Досаевтың өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстары туралы тұрғындар алдындағы қорытынды есебінде осыған көз жеткіздік. Есепті кездесуге облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев қатысты.

Қайрат Әскербекұлы өткен жылы әр саладағы жеткен жетістіктер мен көрсеткіштерге және шешімін күткен мәселелерге тоқталып, жан-жақты баяндап берді. Соның ішінде тұрғындарды жұмыспен қамтуда іс алға басып, өндіріс пен ауыл шаруашылығының дамуы жеделдегенін атап өтті. Елді мекендерді таза сумен қамтамасыз ету, мектепке дейінгі білім беру ошақтары, жұмыс орындарын ашу ісін жетілдіру сынды мәселелерді де тілге тиек етті.
– Былтыр түрлі салада көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Мәселен, ауданның өнеркәсіп саласындағы өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 6 миллиард 581 миллион теңгені құрап, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1 миллиард 508 миллион теңгеге артып отыр. Сонымен қатар кәсіпкерлік саласында да ілгерілеушілік байқалды. Есепті кезеңде 8492 азамат кәсіпкерлік мақсатта 4 миллиард 332 миллион 552 мың теңге несие алды. Сол секілді «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 11 кәсіпкер 249 миллион 226 мың теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізді.
Ал ауыл шаруашылығына тоқталар болсақ, өткен жылы жергілікті шаруалар 45 миллиард 886 миллион 700 мың теңгенің өнімін өндірді. Олар Меркі ет комбинатына 42,4 тонна қозы етін, «Тараз-ПОШ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 21 тонна жүн өткізумен қатар, экспортқа да өнім шығарды. Мәселен, 43,7 тонна қозы еті Иран және Біріккен Араб Әмірлігі мемлекеттеріне, 50,4 тонна сиыр еті Қырғыз еліне жөнелтілді. Бірлік ауылдық округінде орналасқан ірі кәсіпорын «Kaz-Ir-Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 310 тонна мақсары майын Иран, Қытай, Чехия, Нидерланды, Жапония елдеріне жөнелтті.
Бұған дейін мал шаруашылығын ветеринарлық пунктермен қамтамасыз ету өзекті мәселе еді. Былтыр Ескі Шу, Бірлікүстем, Қорағаты және Ақтөбе ауылдық округтерінде жаңа нысандар бой көтеріп, пайдалануға берілді,– деді Қайрат Әскербекұлы.
Жалпы, былтыр ауданның мәдениет саласында да қыруар жұмыстар атқарылыпты. Ауданда жалпы 49 мәдени ошақ тұрғындарға қызмет көрсетіп отырса, елді мекендердегі осындай нысандар саны 21-ге жеткен. Былтыр аудан орталығынан ең шалғай орналасқан Шоқпар ауылында құны 214 миллион теңгеден асатын 100 орындық ауылдық клуб ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ ұзақ жылдар бойы аудан тұрғындарын мазалап келген музей мәселесі де шешімін тапты. Атап айтсақ, аудан орталығы Төле би ауылында орналасқан бос ғимаратты сатып алған. Содан кейін оның құжаттары заңдастырылып, 32 миллион 900 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
Негізі аудандағы Мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың 12-сі типтік ғимаратта орналасқан. Ал Мойынқұм, Ақтөбе, Алға, Белбасар, Тасөткел, Жаңа жол, Абай және Қонаев ауылдарында клубқа арналған ғимарат жоқ екенін айта кеткеніміз жөн. Қазіргі кезде Абай ауылына 90 орындық Мәдениет үйінің құрылысын жүргізу үшін облыстық бюджетке өтінім берілген. Бұл – абайлықтардың асыға күтіп жүрген жаңалықтарының бірі.
Былтыр ауданда тұрғын үй мен құрылыс саласында да жұмыс алға басқан. Дәлірек айтсақ, тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі оңтайлы шешімін тауыпты. Бұл шаруа Шу қаласындағы «Жайсаң» тұрғын үй алабын толықтай жөндеп, ел игілігіне беру арқылы шешілген. Нәтижесінде, аудандағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтарға, мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілерге кезек тізімі бойынша 75 пәтердің кілті үлестірілген. Алдағы уақытта «Жайсаң» тұрғын үй алабындағы төрт бірдей көп пәтерлі үйге жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Дейтұрғанмен ауданның әлеуметтік саласында шешімін күткен мәселелер де жеткілікті. Бұны аудан әкімінің есебінен соң жарыссөзге шығушылар көтерген түйткілдердің әр алуандығынан аңғаруға болады. Мәселен, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманов ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілдерді тілге тиек етті.
– Ауданның қай саласында да өсім бары көңіл қуантады. Жоспарлы жұмыстар да рет-ретімен шешіледі деген үміттеміз. Алайда ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласындағы ең негізгі түйткілге тоқталғым келіп тұр. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы ауданда қант қызылшасын 2000 гектар жерге егу жоспарланған болатын. Биыл да дәл осы осындай меже берілуде. Расын айту керек, Кеңес одағы тарағаннан кейін шаруашылықтардың барлығы ұсақталып кетті. Уақыт өте келе, жекеменшікке берілген жерлердің басым бөлігі егін егуге жарамсыз болып қалды. Әрине, егістік ауыспалы болмағаннан соң, ол жерден мол өнім аламын деу бекер әурешілік. Біздің ауданымызда дәл осындай мәселелер бар. Оның үстіне, тәтті түбірді жинауға арналған ауыл шаруашылығы техникаларының барлығы дерлік жарамсыз болып қалған. Сондықтан қант қызылшасын еккен шаруалар тұқымды егу мен жиын-терін жұмыстарын қол күшімен атқарып, оны көршілес Меркі ауданындағы қант зауытына шарықтаған бағамен тасымалдайды. Осы мәселелерді реттеуге облыс әкімдігі көмек қолын созса деген тілегімді білдіргім келеді, – деді қария.
Жиында аудан тұрғыны Әлия Қожабекова мүгедектерді тасымалдауға арналған инватакси көлігін көбейту туралы ұсынысын жеткізді. «Менің ұлым инватакси қызметін пайдаланады. Алайда 100 мыңнан аса тұрғыны бар ауданда бір ғана инватакси қызмет етуде. Ал мүмкіндігі шектеулі жандардың көптігін ескерсек, бір көлік жетпейді. Оның үстіне оның сонша адамға сапалы қызмет көрсете алмасы анық. Сондықтан да алдағы уақытта қосымша қаражат көздерін іздестіріп, инватаксидің санын арттыруды қолға алған жөн»,– деді ол.
Аталған мәселеге қатысты жауап берген аудан әкімі Қайрат Әскербекұлы бұл түйткілдің бірнеше жыл бойы шешімін таппай келе жатқанын жасырмады. Дегенмен биыл екінші жарты жылдықта инватакси мәселесін шешуді қолға алатындығын айтты. Алға ауылдық округінің тұрғыны Ғазиз Ауғанбаев ауылдағы апатты жағдайда тұрған мектептің мәселесін көтеріп, жаңа ғимарат құрылысының қашан басталатынын сұрады. Өз кезегінде аудан басшысы Алға ауылындағы білім ошағының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өтіп жатқанын жеткізді.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Әйтсе де түйткілді мәселелерді де іркіп қалған жоқ.
«Ауданның агросаланы дамытуға мүмкіндігі жоғары болғанымен, бірқатар кемшіліктер де орын алуда. Өңірдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 15,6 мың гектары игерілмеген. Бұл – облыстағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Жайылымдық жерлердің де тапшылығы байқалады. Өткен жылы ауданда 2000 гектар алқапқа қызылша егу жоспарланған. Алайда бұл алқаптың небәрі 601 гектарына ғана тәтті түбір егілді. Күзгі жиын-терін науқанында оның 129 гектарынан ғана өнім жиналып, қызылшаның 20 пайызы ғана өткерілді. Аудан әкімі шаруашылықтарды «Qyzylsha» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төңірегіне топтастырып, бірлесе әрекет етуді тапсырамын. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімі қызылша қабылдау пунктін ашу бағытында жұмысты да қолға алуы керек,» – деді Мұратхан Жүнісәліұлы.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары ауданның басқа да салаларындағы шешімін күткен мәселелерді жеке-жеке атап, оларға қатысты нақты жұмыстарды қолға алуды тапсырды.

Шу ауданы.

Суреттерді түсірген
Петр НОРКИН.

Ұқсас жаңалықтар