«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында

Инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында
ашық дереккөз
Инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында

Бірден айта кетейік, осынау мемлекеттік бағдарлама іске асырыла бастағалы бергі 5 жыл ішінде оның еліміздің жалпы ішкі өнімінің өсіміне, жаңа жұмыс орындарын ашуға, транзиттік жүк ағындарын ұлғайтуға, заманауи және сапалы автокөлік жолдарының пайда болуына, сондай-ақ жалпы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға айрықша елеулі ықпалы бары айғақталып та үлгерді. Жаңа экономикалық саясат еліміз экономикасы өсімінің негізгі қозғаушы күшіне, сондай-ақ әлемдегі ең озық дамыған 30 елдің қатарына қосылудың маңызды қадамына айналып отыр.

Астана мен барлық аймақтар аралығында сәулет қағидаты бойынша тиімді көлік-логистикалық инфрақұрылымын қалыптастыру, индустриялық, туристік және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту, сондай-ақ энергетикалық секторды нығайту бағдарламаның басты мақсаты екені екінің біріне мәлім. Іске асыру барысында оған бірқатар өзгерістер те енгізілді – 2017 жылы тұрғын үй құрылысы бағыты «Нұрлы жер» жаңа мемлекеттік бағдарламасына ауыстырылды. Бұл – геологиялық барлауға қатысты, басқа да нормативтік-құқықтық актілерде де көрініс тапты. Осылайша «Нұрлы жол» көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай бағдарламасы болып бекіді. Алайда оның жолдар құрылысы, инфрақұрылымды білім беру нысандарына және арнайы экономикалық аймақтарға жол жүргізу, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында табиғи монополиялар субъектілерінің инфрақұрылымын жақсарту, сондай-ақ экспортты қолдау бағыттары бұрынғы күйінде өзгеріссіз қала бермек.
2017 жылғы қаңтар айында Мемлекет басшысы «Үшінші жаңғыру: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында өткен екі жылда «Нұрлы жол» бағдарламасы өзін толықтай ақтағанын айтып, оны экономиканың басты қозғаушысы ретінде одан әрі іске асыруды жалғастыру міндетін алға қойған болатын. Еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет-ақ. Жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісі қамтамасыз етілуге тиіс. Көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аударылғаны жөн.
Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы біздің өңірімізде де қарқынды жүзеге асырылуда. Автомобиль жолдары саласына былтыр бағдарлама аясындағы 8 жобаның іске асырылуына барлығы 2 927 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 1752,2 миллион, облыстық бюджеттен қосымша қаржыландыруға 1 174,8 миллион теңге қарастырылды. Бөлінген қаржы есебінен 1 нысан жаңа көпір құрылысымен қамтылса, 1-еуі күрделі және 5 нысан орташа жөндеуден өткен. Атап айтқанда, олар: «Облыстық маңызы бар «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» автомобиль жолының 54 шақырымындағы көпірдің құрылысы», «Ақкөл-Үшарал-Тоғызкент» автожолының 0-56,51 шақырымын күрделі жөндеу» (2019 жылға өтпелі), «Қарасу-Масаншы-Сортөбе» автожолының 15-45,5 шақырымын орташа жөндеу» (бұл да биылға өтпелі), «Сортөбе-Аухатты-Қызылсай» автожолының 0-13,8 шақырымын орташа жөндеу»,«Андас батыр-Гранитогорск» автожолының 0-12 шақырымын орташа жөндеу» (биылға өтпелі), «Талапты-Алатау-Застава» автожолының 0-12,3 шақырымын орташа жөндеу» (биылғы жылға өтпелі), «Ойық-Бөлтірік шешен-Көшек батыр-Үшарал» автожолының 0-20,192 шақырымын орташа жөндеу» жобалары. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 3 нысан пайдалануға берілсе, 4 нысан 2019 жылға өтпелі болып табылады.
Ал жолаушылар көлігі саласында аталмыш бағдарлама аясында облыста 1 автовокзал, 10 автостанса және 3 жолаушыларға қызмет көрсету пункті тізілімге енгізіліп, олар бүгінде 80-нен астам бағытта қызмет көрсетуде. Оның ішінде 1 автовокзал, 3 автостанса Тараз қаласында, 6 автостанса Мойынқұм, Байзақ, Сарысу, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында және 2 пункт Жуалы және Қордай ауданында орналасқан.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында 2018 жылы тұрғындар саны 100 адамнан асатын елді мекендерді қоғамдық көлік қатынасымен 93 пайызға қамту көзделген. Қазіргі уақытта облыс бойынша 376 елді мекеннің 355-інде тұрғындар саны 100 адамнан асатыны анықталып отыр. Былтыр өңірдегі 355 елді мекеннің 331-ін немесе 93,2 пайызын қамту жоспарланып, бұл көрсеткіш толығымен орындалды. Сонымен қатар облыс орталығында халықтың көп шоғырланған орындарында 51 такси тұрағы орнатылды. Қазір жұртшылық тарапынан бұл қызмет түрі де жиі пайдаланылуда.
Осылайша іске асырылған бес жылда өзінің табыстылығын және Қазақстанның экономикалық өсімі үшін маңыздылығын көрсеткен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бүгінде іскерлік белсенділіктің, өнімділіктің және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірден-бір кепілі де болып отыр. Аталған үдерістің қарқыны жылдан-жылға еселеп арта бермек.

Бақытжан ЖӘНІБЕКОВ,
облыстық жолаушылар
көлігі және автомобиль
жолдары басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар