«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақ түтек боранда адасып, аяқ-қолын үсіткен малшы

Ақ түтек боранда адасып,  аяқ-қолын үсіткен малшы
ашық дереккөз
Ақ түтек боранда адасып, аяқ-қолын үсіткен малшы

Газетімізде бұған дейін де малшы құқығы мен мүддесін қорғау жөнінде жазылудай-ақ жазылды. Өкінішке қарай, бұл әлі күнге әр адамның жеке басының мәселесі күйінде қалып отыр. Қалай болғанда да малшыларға жанашырлық таныту, олардың мәртебесін заңмен бекіту керек сияқты. Өйткені соңғы кездері малшыға «малай» ретінде қарайтын тоңмойындардың қатары өспесе, кемімеген секілді. Соның бір көрінісі боранды күні адасып кеткен Асубайдың аянышты тағдыры дер едік. Қожайынының малын бағып жүріп, адасқан жігіт аяқ-қолын үсітіп, жарымжан болып қалған. Ал сол күні қойын түгендеп мазасы кеткен қожайын малшысын неге іздемеді?

Асубай Майбасовтың Жуалы ауданына келіп, мал бағуға жалданғанына бар-жоғы 22 күн болған екен. Алғашында картоп қазысқан, соңғы аптаның ішінде мал қыстауындағы қойшыларға қолғабысын тигізген. Ал малды өріске айдап шыққан күні боранға тап келіп, иен далада адасып, тіршілік үшін арпалысқа түседі. Таулы өңірдің алапат боранын бастан кешірген жігіт көңілінде үрей басым болса да, өмірден күдерін үзбегені – батырлық. «Білмеген жердің ой-шұңқыры көп» демекші, жер жағдайынан хабары жоқ ол «Шөкей» сайындағы қыстаудан қалай ұзап кеткенін де аңғармай қалған екен. Табиғаттың дүлей боранына қарсы тұрып, қайрат көрсеткен жігіттің ойы онға, санасы санға бөлінгені бір өзіне ғана аян.
Жалпы оқиғаның барысын өз аузынан естімек болып, Тараз қаласындағы әлеуметтік бейімдеу орталығының қамқорлығына алынған Асубайға жолығу мақсатымен хабарласқан болатынбыз. Сөйтсек, ол сол күні-ақ мұнда қалмайтындығын айтып, тілхатын жазып, Шымкент шаһарына жолға шығып кетіпті. Онымен ұялы телефоны арқылы хабарластық. Тұтқаны күтушісі Жанбота Боранбаева алып, сұрақтарымызға жауап берді.
– Асубай қазір менің қолымда. Таразда қалуға қорықты. Қалмаймын деп жыламсырап тұрған соң, көңілін қимай алып қайттым. Өзім қаратып, емдетіп жатырмын. Бұрынғыға қарағанда, жағдайы біршама жақсарды. Өзі балалар үйінде өскен. Өмірде маңдайынан сипаған жақын адамы жоқ. Шымкенттегі базарды жағалап күнелтетін. Мен өзім III топтағы мүгедекпін. 2005 жылдан бері оны жақсы танимын. Биыл екеуміз шаңырақ көтеруді жоспарлап жүргенбіз. Қыста фермерлерге жалданып жұмыс істеп келетін. Бұл жолы оны Арман деген жігіт Машаттан жұмыс тауып беремін деп алып кеткен. Сөйтіп ол Көпжан деген біреуге «сатқан». Көпжан болса, жуалылық Нұрғиса дегенге «сатып» жіберген. Сондағысы әрқайсысы әлгі «сауданың» үстінен бар болғаны 5 мың теңгеден ғана пайда көріп отырған. Осылайша арыстай азаматтың құл ретінде басын саудаға салған қалталы азаматтардың бұл әрекетін мен әлі күнге түсіне алмай келемін, – деді жыларман болған Ж.Боранбаева.
Ал Асубай бастан өткерген сол бір күнгі оқиғаны былай әңгімелеп берді: «Алдында екі күн жаңбыр жауған. Сол күні түске жақын жаңбырдың соңы қарға ұласып, ақ түтек боран соғып қоя берді. Үстімдегі киімім әбден су болды. Жыртық күртешем аязға күлдіреп қата бастаған соң, шешіп тастадым. Түтеген дауылдан айналаны көруден қалдым. Оның үстіне көзім де нашар көруші еді. Мал болса ығып ұзап кетті. Қайда жүргенімді білмеймін. Қыстың кеші тез түседі ғой. Демде маңайды қараңғылық жапты. Уақыт деген жылжып өтіп жатыр. Әр 60 минут сайын қол сағатым уақыттан хабар беріп қояды. Әбден тоңдым. Арасында жатып демалған боламын. Қолым күп болып ісіп, икемге келмей қалды. Әйтеуір түннің бір уағында боран да тоқтады-ау. Алыстан көмескіленіп бір жарық көрінді. Соны бетке алып сүйретіле жылжи бердім. Бір жығылам, бір тұрам. Сол жерге жетсем, аман қаларыма сендім. Жолдан өтіп ауылға жақындай түстім. Ауыл шетіндегі мешітті көргенде іштей Аллаға сыйынумен болдым», – деді ол қамыға. Үнінде діріл бар.
Малшының адасып, тау асып келген жері Билікөл ауылдық округіне қарасты Әбдіқадыр ауылы екен. Мұнда оны ауыл тұрғыны Нұрғали Ералиев байқап қалып, алдынан шығады. Жөн сұрайын деп, бейтаныс жанға «Ассалаумағалейкум» деп қолын созып, үсік шалған алақанын ұстай алғанда шошып кетеді. «Сол сәтте мен тіл-аузымнан айырылғандай күй кештім. Әлгі бейтаныс жігіттің алақаны аппақ тас секілді. Күп болып ісіп кеткен. Бір әулеттің азаматы ғой деп, жалма-жан үйге апарып, ыстық шай бердім. Қолын, аяғын салқын сумен жудым. Қолымнан келгенінше алғашқы көмегімді көрсетіп бақтым. Қайдан келгенін де сұрап жатырмын. Есі кіресілі-шығасылы. Әбден суықтаған. Қайда келгенін де білмейді. «Кімнің малшысы едің?» десем, «Серік, Нұрмахан» деп қожайындарының да аты-жөнін шатастырумен болды. Жақын маңайдағы қыстаулардағының барлығын жақсы танимын. Бірақ олардан мұндай қойшыны бұрын көрмегенмін. Қайдан келдің деп бір қайтара сұрағанымда, ол тау жақты меңзеді. Тау асып келгеніне қарап, Қошқаратаныкі болды ғой деп топшыладым. Осы төңіректің адамы болса, мұндай үсікке бой алдыра да қоймас еді. Өйткені сол маңайда «Берікқара», «Жүріндісай», «Таусамалы» демалыс орындары, олардан басқа да бірнеше мал қыстауы қол созымдай ғана жерде тұрған жоқ па? Жер танымаған соң жарықты бетке алып келген. Бойы жылыған соң қол-аяғы көкпеңбек болып ісініп шыға келді. Терісі сырылған саусақтарынан шыпшып қан шыға бастады.
Итке тамақ берілмей қалса да уайымдайсың ғой. Үсік шалған адамды өзімнің бірінші рет көруім. Мен де бір кездері малшы жалдап мал бақтырған адаммын. Біле білгенге мал бағу оңай шаруа емес. Оның еңбегі адал. Оған адамгершілікпен қарамаса болмайды. Менің Коля деген орыс қойшым болды. Екі перзенті балалар үйінде тәрбиеленді. Балақайларға әкесін ай сайын апарып, ойыншығын әперіп тұрдым. Кейін маған алғысын айта-айта кетті. Ал мына жігітті осындай күйге түсірген қожайынына қатты ашуым келді. Малшыға осылай да қарауға бола ма? Енді оның мұнысы азаматтық емес», – деді Нұрғали Ералиев.
Жедел жәрдем көлігін шақырып жүрген де осы кісі, «Берікқара» шаруа қожалығының жетекшісі. Қожалығында қой, жылқы және мүйізді ірі қара малын өсіріп отырған еңбек адамы.
Жедел жәрдеммен жеткен аға медбике Райхан Анарбекова аяқ-қолы үсіген жігітті Қарабастау ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға жедел жеткізеді. Онда дәрігер Анна Гладких пен аймақтық медбике Эльмира Юсупова алғашқы медициналық көмек те көрсеткен. Дәрігер жігіттің емханаға түскендегі халін орта дәрежеде деп бағалайды. Сол сәтте ол учаскелік полиция инспекторы мен ауыл әкіміне де хабар беріп үлгереді. Бұл туралы жергілікті учаскелік полиция инспекторы Бақыт Алманбетов ауылда мұндай жағдайдың болғанын журналистерден естіп-білгенін айтты.
Бір айта кетерлігі, үсік шалған адамды жедел жәрдем қызметкерлері жанармайдың болмауынан Тараз қаласына жеткізуге аса асықпаған сыңайлы. Абырой болғанда оқиға демалыс күні орын алғанына қарамастан, Билікөл ауылдық округінің әкімі Ғайни Сапарбеков келіп қалып, өз есебінен жедел жәрдем көлігіне 20 литр жанармай құйып беріпті. Ол мұнымен де шектелмей, бұл жөнінде ауданға және Боралдай ауылдық округіне хабарлаған.
Бар-жоғы 25 мың теңге айлық жалақыға келісіп, 350 қой бағуға міндеттенген малшының қазіргі жағдайы шынымен де аянышты-ақ. Тағдырдың басқа салғанына амал бар ма? Мойынсұнасың. Одан басқа шара жоқ. Тараз қалалық ауруханасында оның аяғы мен қолына ота жасатуына тура келген.
Тараз қалалық №2 ауруханасы күйік бөлімінің меңгерушісі Әбілсейіт Сыдықов: «Жедел жәрдеммен жеткізілген Майбасовтың денсаулық жағдайын біз 3 және 4 дәрежелі үсік шалған деп бағаладық. Аурудың оң аяғы мен қолының саусақтары жансызданып, еті қарайып кеткен. Оның алдағы өміріне қауіп төндірмес үшін жедел ота жасап, жансызданған саусақтарын кесуге тура келді. Емделуші бізде 19 күн жатып, толық емін алды», – деді.
Айт-айтпа, малшысын үсітіп, жағдайын жасамаған қожайынға қояр сауалымыз көп-ақ. Ол неге малшысының ұялы телефонына жеткілікті көлемде бірлік салып бермеген? Киімін неге бүтіндемеген? Қыс – резеңке етік киетін уақыт па?! Малшы неге жауын жауып тұрған күні мал жайған? Осы сауалдардың жауабын іздеуге тырысып көрдік. Ал малшының өзі: «Бірнеше рет ұялы телефоныма бірлік салып бер деп айттым. Киімімді де бүтіндеп бермеді. Бірлігім болмаса кімге хабарласам. Кейін суықтан саусақтарым да жұмыс істемей қалды», – деді мүсәпір халіне күйініп.
– Соқталдай азаматты малшы етіп алған соң, неге жағдайына қарамайды? Ешкімі жоқ деп осылай басынуға бола ма?! Үсік шалғаннан кейін де ауруханаға артынан іздеп келіп, хал-жағдайын біліп қарайласса да болар еді ғой. Енді, міне, бір үйде екі мүгедекпіз. Асубай суыққа шыға алмайды. Аяғы ауырады. Мына түрімен жұмыс та істей алмайды ғой бұл байғұс. Ертеңгі күні не болмақ?! – деп шырылдайды Жанбота.
Бізді де толғандырған осы сұрақтар еді. Алдымен Боралдай ауылдық округінің әкімі Ғани Қуанышқа қоңырау шалдық.
– Мал иесі тіпті де тасжүрек жігіт емес. Боран басталған күні ол малшысы мен малының жоғалып кеткенін айтып, көмек сұрап келді. Болған жайды ауданға хабарлап, төтенше жағдайлар қызметі жедел іздестіру шараларын қолға алды. Өзім де бұл істің басы-қасында болдым. Жігіттер үш «Нива» автокөлігімен мал жайылған өрісті, оның маңайын түгел сүзіп шықты. Сондай-ақ тауда отырған 6 қыстаудың да қойшыларын көтердік. Олар трактормен, атпен шығып, іздесуге атсалысты. Іздеу шарасына боран кедергі келтірсе де, жігіттер аянып қалмады. Жан-жаққа хабар да бердік. Сөйтсек, малшы тікелей тау асып кетіпті. Мұны Билікөл ауылдық округінен хабар түскенде бір-ақ білдік. Ал мал «Берікқара» шатқалынан күндізгі сағат 11 шамасында табылды. Алғашында әлгі жігіт малды тастап қашып кетті ме деген де ой келді. Қожайынына айтып, таныстарына қоңырау да шалдырдық. Іздеуді бір сәтке тоқтатқанымыз жоқ. Біздің тарапымыздан тиісті шаралардың бәрі де жасалды, – деді округ әкімі.
Ал Нұрғиса Сұрамысов өзін айыпты санайды. Бұлай болғанына қатты өкінетін сияқты. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, бір сәт мал иесінің сөзіне құлақ салып көрейікші.
– Бұл жағдай маған да оңайға соғып отырған жоқ. Мен де бұлай болғанын қаламаған едім. Мейлі, қойшы оны. Болар іс болды. Мен кінәлімін.
Асубайдың қамқоршысы айтқандай, мен оны сатып алғаным жоқ. «Қандай жұмыс берсең де істеймін. Қысты өткерсем болды. Бұрынғы қожайыным 25 мың теңге төлейтін. Соны берсең жетеді» деп тұрған соң, жұмысқа алып, ұсақ-түйек жұмыстарды істеттім. Оқиға болатын уақытқа дейін ол картоп жинасуға қолғабыс жасады. Ал таудағы мал қыстауына барғанына 3-4-ақ күн болған-ды. Сол күні түлен түртті ме, білмеймін, күндізгі сағат 10-дар шамасында қыстау маңайына малды айдап шығара қойғаны. Қой баққан адам біледі, қорадан шыққан мал жерден басын алмай, әбден тойынғанша жүре жайылып кете береді. Меніңше, ол мал қайыру білмей, қыстаудан ұзап кеткен. Боран соғып, қар жауа бастағанда, 12-лер шамасында қыстаудағылар оның ұялы телефонына бірнеше рет қоңырау да шалған. Жігіт телефонды көтермегеннен кейін іздеуді бастапты. Таппаған соң көршілес қоныстанған малшыларға айтып, атқа мініп сай-саланы, жота-өзекті түгел сүзіп, қарап та шыққан. Қойшылар өз беттерінше іздеп таппаған соң кешке қарай маған хабарласты. Ол кезде мен Таразда едім. Боралдай ауылдық округінің әкіміне хабар бердім де, жедел ауылға қайттым. Ауыл әкімі бұл жөнінде аудан басшыларын хабардар етіп үлгеріпті. Жан-жақтан адамдар жиналып, боранға қарамастан, бірнеше топқа бөлініп іздеп кеттік. Үш бірдей «Нивамен», қыстаудағы шопандар тракторларымен, аттарымен із кесуге шықты. Іздеуді бір сәтке де тоқтатқан жоқпыз.
Қаратаудың бір жотасына көтеріліп келе жатқанда, таудың жаңқа тасы доңғалағымызды жарды. Он бес минуттай уақытымыз доңғалақ ауыстыруға кетті. Ол кезде боран тоқтап, айнала төңірек шайдай ашылған-тұғын. Бірақ аяз қатты еді. Сол уақытта өзіміз де қатты тоңдық. Менің уайымым күшейді. Алладан бар ниетіммен «малы құрысын, адам аман болса екен. Мына аязда үсіп, өліп қалмаса екен» деп іштей жалбарынумен болдым. Таңғы 5-тер шамасында қыстаққа оралып, жігіттер екі сағаттай көз шырымын алды. Мен Асубайды ойлап ұйықтай алмадым. Сол сәттегі менің уайымымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Таңғы 7-де іздеуді қайта жалғастырдық. Ауданда төтенше жағдай жарияланып, біздің қатарымызға тағы біраз құтқарушылар келіп қосылды.
Басты сан алуан ойлар шырмап алды. Малды тастап қашып кетті ме деген күдік те болды. Табылды дегенде аман екен ғой деп қатты қуандым. Әрі таңғалдым. Берікқара қайда, Әбдіқадыр қайда. Арасы 10-15 шақырым.
Сол күні артынан іздеп барып, дәрі-дәрмегін әперіп, қолымнан келгенше көмек бердім. Ауданда төтенше жағдай жарияланып, іздеу шаралары ұйымдастырылды. Қалай десем екен, мен боранда адасып, аязда үсікке ұрынған қойшымды іздемеген сияқты болып қалдым. Ол жаңбыр жауып тұрғанда аяғына етік, үстіндегі киімі су болмас үшін сулық киген. Жалпы малшыларымның бар жағдайын жасап отырмын. Бірақ бұлай болады деп кім ойлаған? Мынадай аянышты халге ұшыраған Асубайдан еш көмегімді аяған жоқпын. Әлі де көмек беріп тұрамын. Мүгедектігіне байланысты зейнеткерлікке шығуына да көмектесемін дедім. Қолымнан келгенін жасап жатырмын, – деді Н.Сұрамысов.
Бүгінгі таңда екі тарап татуласқан. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова мәлімдеді.
– Кәсіпкер Нұрғиса Сұрамысов пен жұмысшы арасында ешқандай заңды құжат болмаған. Яғни жұмысшы құқығы мен міндеттерін, жауапкершілігін көрсететін келісімшарт жасалмаған. Аталған оқиға ҚР Қылмыстық кодексінің 119-бабында көрсетілген қылмыс құрамының және адамды қасақана қауіпті жағдайда қалдыру дерегі орын алмауына байланысты, екі тарап арасындағы материалдық және моральдық шығынның өтелуі бойынша азаматтың сотқа жүгінуге құқықтары бар. Бірақ бүгінгі таңда екі тараптың өзара келісуімен іс тоқтатылып отыр, – деді ол.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз-Шымкент-Жуалы-Тараз.

Ұқсас жаңалықтар