«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлтын сүйген ұлы тұлға

Ұлтын сүйген ұлы тұлға
ашық дереккөз
Ұлтын сүйген ұлы тұлға

Журналист-жазушы Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫНЫҢ «Алты Алаштың ардақтысы» атты кітабын оқығанда

Тұрар Рысқұлов жайлы аз жазылған жоқ. «Редакторлардың редакторы» атанған қайсар қаламгер Шерхан Мұртаза да ұзақ уақыт Алты алаштың мақтанышына айналған белгілі тұлға Тұрардың өмірі мен қызмет жолын зерттей келіп, бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе» романын жазды. Адамдық, азаматтық бейнесін қалыптастырды. Басқа да тарихшылардың, журналистер мен жазушылардың ұлт қайраткері туралы зерттеу жұмыстары мен шығармалары, мақалалары баршылық.

Өкінішке қарай, соңғы кезде Т.Рысқұлов төңірегінде қисынсыз сөздер көбейіп, қолына қалам ұстаған кейбіреулер оның қызметінен «саяси қателіктер» тауып жүр. Олардың өткен-кеткен тарихты қозғай отырып, болған жайды бұрмалап жазуы жанға батады. Түпкі мақсаттары не? Сірә, «қазақтың жауы – қазақ» деген ащы сөз осындайдан туған болар. Әйтпесе әлемдік тарихшылардың берген әділ бағасына қарамай бүйректен сирақ шығарғандай етіп, жөн-жосықсыз қаралағаннан басқа елдердің тарихшыларына күлкі болудан артық не ұтамыз? Мұндай қайталанбас қайраткердің есімін тарихтан сызып тастаймыз деу бекершілік. Қайраткердің болмысы қазақ тарихына алтын әріптермен жазылған. Бүгінде оның есімі Түркістан облысы Түлкібас ауданының орталығы Ванновкаға, Жамбыл облысының бұрынғы Луговой ауданына берілген, еңселі ескерткіштері орнатылған, Қазақстанның біраз қалалары мен ауылдарында Тұрар Рысқұлов атында көшелер бар. Алматыда беделді Тұрар Рысқұлов атындағы экономикалық университетінде талапты жастар білім алуда. Әр қазақ перзенті халқына Тұрардай ерен еңбек етіп, бойындағы барын беріп жатса, қанеки?
Таяуда Алматыдағы «Толғанай Т» баспасынан белгілі жазушы-журналист Көлбай Адырбекұлының Тұрар Рысқұлов жайлы «Алты алаштың ардақтысы» деген атпен жарық көрген тарихи-танымдық кітабы көпшілікке жол тартты. Автор бұл зерттеу еңбегінде Т.Рысқұловқа қатысты тарихи-танымдық жағынан әлі ғылыми айналысқа түспеген архив материалдарының толық мәтінін келтіре отырып, нақты деректер арқылы жала мен шындықтың ара-жігін ажыратуға ерекше көңіл бөлген. Сонымен қатар белгілі геолог-картограф, Рысқұлов өмірін зерттеуге зор үлес қосқан абзал азамат Молдияр Серікбаевтың ой-пікірлері мен сұхбаттары арқылы Тұрардың бет-бейнесі, іс-әрекеті барынша ашыла түскен.
Кітап авторы Көлбай Адырбекұлы журналистикадағы саналы өмірін еліміздің белгілі тұлғаларының (Е.Бекмаханов, Ә.Лекеров, К.Мыңбаев, Ә.Бүркітбаев, Д.Қонаев, А.Асқаров, Т.Тәжібаев, Ө.Жолдасбеков, М.Есенәлиев, К.Аухадиев, С.Әшімбаев, Т.Қожакеев, Р.Хобдабергенов, З.Темірғалиев және т.с.с.) қилы тағдыры мен еңбек жолын, олардың қайраткерлік іс-әрекеттерін архив материалдарына сүйене отырып зерттеуінің нәтижесінде «Түркістан», «Ана тілі», «Айқын» және басқа газеттерде құнды материалдар жариялап келеді. Тәжірибелі қаламгер не жазса да архивте сақталған материалдарға, деректерге сүйеніп, шығармаларының шынайы болғанына ерекше мән береді. Еңбектері әрдайым тарихшылар, әдебиетшілер мен өзге де оқушылардың көңілінен шығып, тұлғатанушыларды қызықтыруда. «Казахское дело» еңбегі кезінде Журналистер одағы мен Президент сыйлығына лайық деп танылған.
Көлбай Адырбекұлының жаңа кітабында сталиндік репрессияның құрбаны, күрескер Тұрар Рысқұлов жайлы көптеген тың деректер келтірілген. Әрине, бір кітапта тұлғаның бойындағы барлық адами қасиеттерді (психологиялық, дипломатиялық, өндірістік және аграрлық саясатқа көзқарастары, саяси ұлттық мүдде мен принципшілдігі және де басқа) сыйдыру мүмкін емес. Соған қарамай, автор Тұрардың ақыл-парасаты мен қайсарлығын, ұйымдастырушылық қабілеті мен принципшілдігін барынша аша түскен. Тіпті кейде пролетариат көсемдері Ленин мен Сталинге мемлекет құрылымында атқарылып жатқан істердің олқылықтарын ашып көрсетіп, өзінің реформаторлық ұсыныстарын батыл жеткізіп, принципшілдігімен таныла білген. Бұл – кез келген саясаткердің бойынан табыла бермейтін асыл қасиет. Мысалы, ТүркАткомның 1919 жылғы 29 қыркүйекте өткен VIII съезінің қорытынды мәжілісінде Т.Рысқұлов ұлттық мүддені жоғары қойып, экономикалық шараларға көңіл бөліп, аштықтан қырылып жатқан жергілікті тұрғындардың жағдайына жүрдім-бардым қараған, шовинистік пиғылдағы А.Казаковты, К.Соркинді, Г.Темлянцевті өткір сынға алып, республика территориясынан тез кетуін, партиядан шығаруды талап еткен. Оларды жақтаушылар табылса да, Тұрардың талабы орындалып, партиядан шығарылып, республикадан аластатылды. Елдегі аштықтан, жұқпалы аурулардың таралуынан халықты сақтап қалуға ол аянбай еңбек етті, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары дәрежеде екенін көрсете білді. Тіпті іс-қағаздарын ана тілімізде жүргізу керектігі жайлы ұсыныс жасап қана қоймай, жүзеге асырған.
Тұрар Рысқұлов 1920-1924 жылдары Түркістан республикасының Халық Комиссарлар Советінің төрағасы қызметін атқарды. Ол жоғары қызметін мансап үшін пайдаланған жоқ, түркілерге, оның ішінде қазақтардың елдігіне арнаған. 1920 жылғы Мұсылмандар бюросының төтенше ІІІ конференциясында Тұрар «Түркістанның автономиялығы туралы» баяндама жасап, оны алдағы кезде «РСФСР-ның Түрік республикасы» деп атауды ұсынып, оның 10 баптан тұратын тезистерін жариялады және ол көпшілік дауыспен қабылданды. Бұрын Ресейден қоныс аударған шаруаларды қарусыздандыруда оларға берілген жерді қайта қарап, жергілікті халыққа тиесілісін қайтаруда әлеуметтік әділеттік орнатып қана қоймай, келімсектердің нәсілшілдік көзқарастарына да мемлекеттік тұрғыда қатаң тыйым салды. Айта берсек оның қазақ үшін, жалпы түркі халықтары мүдделерін қорғауда атқарған істері ұшан-теңіз. В.Ленин басқарған компартия бұл істің астарын сезіп, біраз әбігерге түсті. Оны қалайда болдырмауға барынша күш салды. Сол мақсатпен Орталықтан арнайы жіберілген В.Куйбышев пен М.Фрунзе В.Ленинге жазған хаттарында жаңашыл-реформатор Тұрар Рысқұловты ұлт мәселесінде «панисламшыл», «пантүрікшіл», «ұлттық ауытқушы», «ұлтшыл» дей келіп, оған «аса қауіпті адам» деп саяси айдар тақты. Түркі халықтарының мүддесін айқын көрсеткен бес ұсынысын В.Ленин қабылдамай қойған соң, Тұрар ары қарай мемлекеттік қызметтен бас тартып, өз еркімен биліктен кетеді.
Рысқұловтың коминтернге қызметке шақырылып, Моңғолия мемлекетін қалыптастыруға сіңірген еңбегі де өз алдына бір бөлек әңгіме. Сол елдің астанасына Ұланбатор деп ат берген де Тұрар болатын. Т.Рысқұловтың ой-өрісінің терең екенін білетін Кремль басшылары көп ұзамай оны қызметке қайта шақырып, РСФСР Халық комиссарлары Кеңесі төрағасының ұлт жөніндегі орынбасары етіп тағайындады. Бұл қызметті (1926-1937 жылдар) ол үлкен жауапкершілікпен атқарып, өзінің қабілетін көрсетіп, 11 жыл тапжылмай еңбек етті. Оның іскерлігі мен парасаттылығы арқасында реформалық тиімді ұсыныстары, ой-тұжырымдары сол кездегі РСФСР Үкіметінен қолдау тауып, көбісі іске асып жатты. Осы орайда айта кететін жайт, ол Түркістан-Сібір темір жолын, Қарағанды көмір бассейнін игеруге, Шымкенттегі қорғасын зауыты мен Балқаш мыс комбинатын салуға, Жезқазған кенішін барлауға ықпал етіп, белсене қатысты. Қазақстан өнеркәсіптері мен экономикасының, ұлт мәдениетінің дамуына ерекше үлес қосты.
Өкініштісі, ол да Алаш арыстары мен ел басқарған қазақ азаматтары секілді «халық жауы» деген жалаға ілігіп, репрессияға ұшырады. 1937 жылы 21 мамырда тұтқындалып, 1938 жылы 10 ақпанда ату жазасына кесілді. 1956 жылдың желтоқсан айында қажырлы қайраткердің ісі қайта қаралып, КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының шешімімен толық ақталды.
Тұрар Рысқұловтың 1956 жылы толық ақталғанына қарамай, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1960 жылдың 20 желтоқсан күнгі нөмірінде Партия тарихы институтының «Тарихи шындықты бұрмалауға болмайды» деген мақаласы жарияланып, онда соның алдында ғана жарық көрген Рахмалы Байжарасовтың «Тұрар Рысқұлов» атты мақаласы қатты сынға алынады. Тұрарға шүйлігіп, «ол өз қызметінде көп саяси қателік жіберді», «пантюркистік идеяларын тықпалады», «өз ұлтына сатқындық жасады», «ұлтшыл көзқарастағы адам», «Қазақстанның партия ұйымының жұмыстарына үлкен кесел келтірді» деген сарында аяқтан шалатын, теріс пиғылда жазылған қаралау мақаласы шықты. Ол мақалалар сол тұстағы Қазақстан Компартиясының ОК бюро мәжілісінде талқыланып, тағдыры күрделі Т.Рысқұловтың қызметінде «антипартиялық істер мол болды» деген теріс баға берілді. Институттың сын мақаласы Қазақстан Орталық комитетінде де қаралып, газеттің бас редакторы Қ.Шәріпов қызметтен алынып, Р.Байжарасов қатаң жазаланған. Сөйтіп, Т.Рысқұловтың ерлікке тең еңбектері, халқы алдындағы адалдығы қайта жоққа шығарылды. Бұл қитұрқы айыптау сол тұста кімге керек болды десеңізші. Содан біраз жыл бойы баспасөздерде Тұрар төңірегінде тек қаралау материалдар жарияланып, оның ұлтына жасаған жақсылығы, қажырлы еңбегі көлеңкеленіп, ескерусіз болып келді. Бірақ Рысқұловтың халық үшін атқарған жанкешті еңбегін білетін ардагер коммунистер Орталық Комитеттің шешіміне өз наразылықтарын білдіріп, хат жолдайды. Орталық Комитет олардың пікірлерін ескерусіз қалдырған жоқ. Тұрар Рысқұловтың 80 жылдығы қарсаңында арнайы комиссия құрып, Тарих институтының белгілі ғалымдары С. Бейсембаев, Б.Сүлейменов С.Көлбаевқа тұлғаның өмірі мен саяси қызметін қайта зерттетіп, еске алу мерейтойында ақтап шықты.
Бұл күндері АҚШ-та тұратын белгілі қазақ жазушысы Мұхтар Мағауин 2012 жылы 23 мамырда «Дат» газетінде жарияланған «Ғаламат алапат шындығы» деген мақаласында Т.Рысқұлов ұлтына сатқындық жасап, Сталинге М.Дулатов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов пен тағы көптеген Алаш арыстарын қаралап хат жазып, «шала сауатты большевик» халқымыздың беткеұстар азаматтарын қаралауда ерекше белсенділік көрсетті деп жазады. Әрине, әр қаламгердің өз ой-пікірін сыйлаймыз. Бірақ тарихи деректерге сүйенсек, Алаш арыстарына Рысқұловтай қолұшын бергендер кемде-кем. Шындығында, Тұрар Рысқұлов от пен жалын ортасында жүріп, түркі елдерінің бірлігін, Алаш арыстарының ұлттық мүддесін қолдап, ұлт болашағы үшін күресте жанын аяп қалған жоқ. Ұлт жанашырларының біразын (Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов, татарстандық Мірсайт Сұлтанғалиев және басқаларды) қорғап, жаладан арашалап алудағы Сталиндей тиранға батыл қарсылық көрсеткенінің өзі неге тұрады?! Кремльдің шовинистік пиғылына көнбей, парасаттылығымен ерекшеленіп, өз ой-пікірін бүкпей, батыл, ашық айтып, қарсылық таныта білді. Оған тарихи деректер (жазған мақалалары мен іс-әрекеттері) куә.
Сол мақалада 1932-1933 жылдардағы аштыққа да Рысқұлов кінәлі етіп шығарылған. Иә, 1930 жылы 30 желтоқсанда БК(б)П Орталық Комитетінде болған мәжілісте Рысқұловтың «коллективтендіруді жеделдетуге болады» деген сөзі бар. Бірақ ол Кеңестер Одағының қай бөлігін айтқан? Сол сөзіне ден қойсақ, ол Волга бойындағылар мен Кавказдың солтүстік жағындағы елдерді ауызға алыпты. Демек, сан ғасырлардан бері отырықшы елге айналған Ресей территориясын тілге тиек еткен. Онда «Қазақстан мен Орта Азия туралы сөз жоқ. Содан бір жыл бұрын Рысқұлов мерзімдік баспасөзге мақала жариялап, Қазақстанда да коллективтендіруді жүргізуге болады, бірақ ол ұзақ жылдарға созылатын процесс» деп жазғанынан тарихшы қауым хабардар.
Сондай-ақ Рысқұлов «саяси сауатсыз» болса Мәскеудің Түркістан республикасына басшылық қызметтерге жібергендеріне тосқауыл қою үшін «Мұсылман бюросын» құрып, билікке жергілікті ұлт өкілдерін көптеп тартар ма еді?! Солай «Мұсбюро» бүкіл түркістандықтардан қолдау тауып, Рысқұлов ел мақтанышына айналғанын қалай жоққа шығарамыз? Содан Мәскеудегі Ленин мен Сталинге Рысқұлов Түркістанды Кеңес өкіметінен бөліп алмақшы болып әрекеттенуде деген хабар жетіп, олардың «Мұсбюроны» белден басып таратуына тура келді. Франциядағы Мұстафа Шоқай да Рысқұлов туралы оғаш сөз айтпаған. Қайта оның шындықты жазған мақалаларынан деректер алып, «Жас Түркістан» секілді газеттерде сараптама жасап отырды. Жалпы Түркістан мәселесінде Шоқай мен Рысқұловтың мақсат-мүддесі бір болғанын атап айтқан жөн.
Т.Рысқұлов – түркі халқына адал қызмет еткен, ұлтын жанындай сүйген жанкешті, жаны таза азамат. Мұны түбі бір түркі елдерінің белгілі саяси қайраткері мен тарихшылары келелі жиындарда айтып, еларалық басылымдарда жазып та жүр. Тіпті оның есімін Америка секілді елдердің белгілі ғалымдары өз еңбектерінде жиі пайдаланып, оның қазақ халқы үшін, ұлт ретінде жойылып кетпеу үшін атқарған ерен еңбегін тайға таңба басқандай етіп көрсетуде. Өкінішке қарай, кейбір тарихшыларымыз бен әдебиетшілеріміздің бүйректен сирақ шығарып, Тұрардың адал еңбегін теріс айналдырып, бұра тартып, қолдарынан келгенше қаралап, барынша даттағаны нені меңзейді? Одан қазақ не ұтады? Тарихқа, халықтық тұлғаға қиянат жасауға бола ма?!
Міне, журналист-жазушы Көлбай Адырбекұлы осы сұрақтардың барынша байыбына барып, сабырлылықпен деректі материалдар арқылы дәйекті жауап береді. Әр жылдары жарияланған құжат, жазбаларды, әлі де ғылыми айналымға түсе қоймаған тарихи деректерді пайдаланып, халқымыздың ардақты ұлы Т.Рысқұловтың қайраткерлік еңбегін жаңа қырынан көрсеткен. Кітапты оқыған жандардың солай ой түйері анық.
Көлбай Адырбекұлының «Алты алаштың ардақтысы» атты бұл кітабы тарихшылардың және рысқұлов-танушылардың ой-өрісін одан әрі кеңейте түсіп, шындықты нақты деректермен жайып салатынына күмәніміз жоқ.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар