«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әр тұрғын өз қауіпсіздігіне көңіл бөлсе

Әр тұрғын өз қауіпсіздігіне көңіл бөлсе
ашық дереккөз
Әр тұрғын өз қауіпсіздігіне көңіл бөлсе

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Газдан уланудың алдын алу және өрт қауіпсіздігін сақтау» тақырыбындағы баспасөз мәслихаты өтті. Жалпы облыста өткен жылы төтенше жағдайларға жататын улы газдан зардап шеккен 22 оқиға тіркелген. Соның салдарынан 44 адам уланып, 9-ы қайтыс болды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда улану оқиға мен қаза болғандар саны артқан. Ал биыл бір жарым айдың ішінде 5 оқиға орын алған. Уланған 7 адамның 3-еуін құтқару мүмкін болмады. Улану деректерінің жартысына жуығы табиғи газды дұрыс пайдаланбауға байланысты болып отыр.
Өңірде жылыту маусымы басталғалы бері үй мұржаларының бітелуі мен пеш ақаулары салдарынан көміртегі тотығымен уланудың 10 дерегі тіркеліп, 23 адам зардап шексе, оның 3-еуі қайтыс болыпты. Атап айтқанда, Шу ауданында екі апта бұрын жеке тұрғын үй секторында қатты отынға арналған пештің бұзылуы салдарынан екі зейнеткер көміртегі тотығымен уланып, оқиға орнында көз жұмған. Ақпан айының алғашқы күнінде Тараз қаласындағы жер үйлердің бірінде осындай жағдайда тағы бір азамат қайтыс болып, екі адам уланып ауруханаға түсіпті. Бұл мәліметтер баспасөз мәслихатында айтылды.
Қазіргі кезде Қарағанды қаласында улану оқиғалары жиілеп кетті. Сондықтан алдын алу шаралары біздің өңірде де жіті қолға алынуда. Жалпы өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаев кеңінен тоқталып өтті. Қазіргі кезде департаментке қарасты басқарма қызметкерлері 4 мың тұрғын үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Көптеген тұрғын үйдің қожайындары жұмыс күндері үйінде болмағандықтан, мұндай шараларды демалыс күндері де ұйымдастыруларына тура келіпті. Соның ішінде 500 тұрғын үйдің иесі пештерін көрсетуден бас тартқан.
Басқарма басшысы бұл шараға жеке тұрғын үй иелері түсіністікпен қараса, ең алдымен өз қауіпсіздіктеріне мән берсе екен дейді.
Одан кейін «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының өндірістік техникалық бөлімінің басшысы Абыл Юсупов баяндама жасап, улану оқиғаларының басым бөлігі үй мұржаларының уақтылы тазаланбауынан, қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан орын алып отырғанын жеткізді. Мекеме жылыту маусымы басталғалы бері улану оқиғаларының алдын алу мақсатында өз тұтынушыларына 80 мың нұсқамалық бүктеме парақтар таратқан. Ал телеарналардан екі жүзден астам бейнеролик көрсету жоспарланса, бүгінгі таңда оның 176-сы көрермендерге ұсынылып, мерзімдік басылымдарда 12 мақала жарық көріпті. «Түсіндіру жұмыстары әлі де өз жалғасын табуда», – дейді бөлім басшысы.
Ал «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ЖӨФ директорының кеңесшісі Айтқазы Қарабалаев бүгінде өңірдегі төтенше жағдайлар, өрт және газ мекемелері бірлесіп жұмыс істеп жатқандығын жеткізді. «Біздің мақсат – адам өмірін сақтау, улану оқиғаларының алдын алып, әрбір тұрғынның өз қауіпсіздігіне назарын аударып, қайғылы оқиғаның орын алуына жол бермеу. Сондықтан түсіндіру шараларын ұйымшылдықпен өткізудеміз. Тұрғындар да қолдау көрсетсе», – деді ол.
Басқосуда журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті сала өкілдері жауап берді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар