Атқарылған жұмыс та, жоспарланған шаруа да ауқымды

Атқарылған жұмыс та, жоспарланған шаруа да ауқымды
ашық дереккөз
Атқарылған жұмыс та, жоспарланған шаруа да ауқымды

Өткен жылы аудандағы кәсіпорындар 15 миллиард 96 миллион теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексі 104 пайызды құраған. Нәтижесінде облыс әкімі бекіткен индикаторлық деңгей 3,8 пайызға артыпты. Жалпы қазіргі экономикалық-әлеуметтік жағдайды аудан әкімі ауылдық округтердегі есеп беру кездесулерінде айтқан болатын. Өтеген батыр атындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен қорытынды жиында да Болатбек Байтөле негізгі көрсеткіштерге тоқталып, азаматтардың өтініш-тілектеріне қарай шешімін тапқан түйткілді мәселелерге тоқталды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысты. Аудан басшысы қазіргі қалыптасқан қоғамдық-саяси ахуалмен қатар, өндіріс саласының беталысы туралы нақты мысалдар келтіріп, өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің қалай орындалып жатқанын баяндады.
Негізі ауданда өндірісті дамытуға 26 кәсіпорын үлес қосып отыр. Солардың ішінде «Ақтас», «ВетроИнвест», «Виста Интернейшнл», «СП Синемедасстрой», «Камшат-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сынды ірі кәсіпорындары бар. Дегенмен өнеркәсіп орындарының 24-і шағын бизнеске құрылған. Ал былтыр екі жаңа жоба – «Қордай Агротех» ЖШС және «Қордай Корм» агроөнеркәсіптік кешені (құрама жем өндірісі, жоба құны 54 миллион теңге), сондай-ақ жұмысы тоқтап тұрған «Мастер РТИ» және «Пош Ерасыл Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қайта іске қосылды. Халықтың әл-ауқатын арттыруда ең алдымен азық-түлік бағаларының тұрақты және қолжетімді болуын бақылауда ұстаудың маңызы зор. Сондықтан Үкіметтің қаулысымен негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 33 түрінің шекті бағалары бекітілген. Ауданда бағаны тұрақтандыру мақсатында арнайы штаб құрылып, бөлшек сауда ұйымдары мен ауыл әкімдері арасында барынша төмен сауда үстемелерін қолдану туралы 196 меморандум жасалған. Тұрғындарға базар бағасынан 10-15 пайызға төмен азық-түлік тауарларын ұсыну мақсатында жыл ішінде 8 мәрте ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 11,7 миллион теңгеге 92,6 тонна азық-түлік тауарлары сатылды. Сондай-ақ ауданның тауар өндірушілері Тараз қаласында өткен 3 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысып, 3,7 миллион теңгенің тауарын арзандатылған бағамен сатты.
Тағы бір атап өтетіні, 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында аумақтық индустрияландыру картасына енгізілген жалпы жобалық құны 49 миллиард 773 миллион теңгені құрайтын 6 жоба осы ауданда іске асырылуда. Осы жоспар-жобаларға айрықша тоқталған аудан әкімі экономиканың жетекші салалары қатарындағы агроөнеркәсіптік кешен бойынша былтыр 47881,3 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, оның нақты көлем индексі 106,1 пайызды құрағанын атап өтті.
Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, былтыр құрылыс саласындағы жұмыс қарқыны да айтарлықтай артып отыр. Оның жалпы көлемі 20554,3 миллион теңгені, нақты көлемі индексі 84,1 пайызды құраған.
Ал ауылдық жерлерді таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен 864,8 миллион теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде Ауқатты ауылындағы сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Әлжан ана ауылындағы су құбырының құрылысы басталды.
Жалпы, ауданда әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салалары бойынша атқарылған жұмыстар, алға қойған міндеттер де көп. Жиында жарыссөзге шыққан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет осыны айтып, аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға беруге болатын басты жайларға тоқталды.
– Егер осыдан бес-алты жыл бұрын аудан бюджеті 1 миллиард теңгені құраса, былтыр 17 миллиардтан асып түскен. Осының өзі-ақ көп жайды аңғартады, ауданда жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде, тұрғындардың тұрмыс дәрежесі артуда. Ортақ табыста барша қордайлықтардың, оның ішінде ардагерлер ұйымдарының да үлесі бар. Көкірегі қазына қарттардың жастарды ұлттық салт-дәстүр негізінде және патриоттық рухта тәрбиелеуде атқаратын орны ерекше, – деді. Полиция қызметі жақсы жобаларды қолға алып, жуырда аудан орталығының басты көшелерінде төрт жерде «Ураган» бейнебақылау құрылғыларын орнатқанын айтып өтті. «Бұл қылмыстық оқиғалардың алдын алуға ықпал етері сөзсіз. Дегенмен жұмысқа қолбайлау болып отырған учаскелік инспекторлардың жетіспеушілігі және олардың қызметтік көлікпен толық қамтамасыз етілмеуі деген мәселе де бар. Жаяу инспектор жалғыз не тындырады? Өткен жылы бүкіл ауданды шулатқан қарақшылық тонау қылмысының бүкіл облыс болып жұмылып жатып әрең ашылғаны – осының айғағы», – деп өзекті мәселені көтерді.
Жамбыл облысының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай тек ауданда емес, жалпы, облыс көлемінде атқарылып жатқан оңды істерді тілге тиек етіп: «Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен бір жылдың ішінде ғана Тараз қаласы ерекше құлпыра түскен. Басқа да көптеген салаларда ілгерілеушілік бар. Барлық аудандарда, оның ішінде біздің Қордайда да жасампаздық істер жалғасын табуда. Дегенмен әттеген-айлар да жоқ емес. Қыруар қаржы жұмсалып, жылда жөнделетін жолдардың сапасы кей жерде сын көтермейді. Бұған бақылауды күшейтпей болмайды. Екіншіден, менің туған ауылым Қаракемердегі мектептің салынғанына елу жылдан асты, төбесінен су өтіп, едені шіріп, күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Оның жобалық-сметалық құжаттары дайын болған, бірақ қаржы жоқ. Осыған облыс басшылығы тарапынан көмек болса. Биылғы Жастар жылында жас ұрпақ білім мен тәрбие алатын білім мекемелерінің жайына да көңіл бөлінсе абзал болар еді», – деді.
Жарыссөзде, сондай-ақ «Мерей» шаруа қожалығының төрағасы Мэлс Асанқұлов, аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы Баян Қарамолдаева, Өтеген ауылының зейнеткері Тұрған Жасыбаев, «Ақ жол» партиясының аудандағы үйлестірушісі Есболат Нүсіпбаев, «Қазақстан-2030» шаруа қожалығының төрағасы Аманхан Рысымбетов жыл ішінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Ал Мұрат Білдебаев азық-түлік қауіпсіздігі туралы мәселе көтеріп, қанша қымбат болса да біздің базарларға әкелінген өнімдердің сапасын тексеріп тұратын құрылғылар орнатып, санитарлық қадағалау жұмысы жандандырылса деген ұсыныс айтты.
Аудан әкімі ауыл тұрғындарының сүт өткізетін орындардың жоқтығы және «Болашақ» ықшам ауданы мен Қордай ауылын жалғастыратын көпірдің қашан салынатыны туралы қойған сұрақтарына жауап берді.
– Өткен жылы ауданда сүт бағытында екі кооператив құрылғанын баяндамамда айттым, енді биыл барлық он жеті округте осындай кооперативтер құруды көздеп отырмыз. Ал «Болашақ» ықшам ауданындағы көпір құрылысының жобалық-сметалық құжаты дайын. Оған 88 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді, жұмысы биыл аяқталады, – деді Болатбек Байтөле.
Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға бере келе, өңірде қолға алынған шараларға, оның нәтижелеріне тоқталды. Жарыссөзде айтылған тілектер мен ұсыныстар қараусыз қалмайтынын айтты. Сонымен қатар қордайлықтардың облыс әкімінің атына айтылған ризашылық пікірлеріне алғысын білдірді.

Құрманбек ӘЛІМЖАН,
журналист.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар