«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біткен іс көп, мәселе де жоқ емес

Біткен іс көп, мәселе де жоқ емес
ашық дереккөз
Біткен іс көп, мәселе де жоқ емес

Былтыр ауданның әлеуметтік-экономикалық даму динамикасын тұрақтандыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылған. Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерді, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып, жоспарлы шараларды орындаудың арқасында 80 жылдық тарихы бар ауданда барлық салада іс алға ілгерілеген. Бұл туралы Сарыкемер ауылындағы әл-Фараби атындағы Мәдениет үйінде өткен аудан әкімінің тұрғындар алдындағы қорытынды есеп беру жиынында айтылды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысты.

Альмира ОМАРОВА

Жалпы, жергілікті атқарушы органдардың жұмысы Жолдау жүктеген міндеттерді, яғни экономиканы өркендету, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және көпшілікті толғандырған өзекті мәселелерді шешуге бағытталатыны белгілі. Өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі құрылымдардың барлығы жеке меншікке тиесілі болғанымен, әрбір кәсіпкерлік нысанның сол аумақтың әлеуметтік ахуалының жақсаруына әсер ететіні шындық. Былтыр аудандағы кәсіпорындар 3 миллиард 36 миллион теңгенің өнімін өндіріп, өсім 103,7 пайызды құрады. Ал жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 30 миллиард 818 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,7 пайыз болыпты.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 14 097,8 миллион теңгені құрап, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 126,9 пайызға жеткен. Оның ішінде шикізаттық емес секторға салынған инвестициялар 3479,5 миллион теңгеге жетіп отыр. Ал бөлшек сауда айналымының көлемі – 7880,6 миллион теңге. Бұл – алдыңғы жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішке қарағанда 216,3 пайызға артық.
Осындай негізгі көрсеткіштерге тоқталған аудан әкімі Рахметілда Рахманбердиев бірқатар жұмыстардың жоспардан артық орындалғанын жеткізіп, күрмеулі мәселелердің бар екендігін де жасырмады. Соның бірі – ауыл шаруашылығы саласындағы жер игеру жайы екен. Қазір осыған қатысты талдау жұмыстары жүргізіліп, жоспарланған межелерге қол жеткізу үшін нақты шаралар белгіленіп отырған көрінеді.
– Егістік алқаптарын электрондық картаға енгізу – оларды тиімді пайдаланылуын қадағалауға қосымша мүмкіндіктер беріп отырғаны анық. Ауданда шаруашылықтардың иелігіндегі егістік жерлердің 39280 гектары немесе 79 пайызы электрондық картаға енгізілген. Тиісті жұмыстар жүргізілген соң, шаруашылықтардың иелігіндегі жайылым, шабындық және көп жылдық екпелерді де осы картадан көруге болады.
Субсидиялау қағидаларының өзгерістеріне сәйкес, шаруашылық жерлері электронды картаға енгізілмесе, шаруалар арзандатылған дизель отынын, минералды тыңайтқыштар, гербицидтер және тұқым ала алмайды, – деген Рахметілдә Сегізбайұлы ауыл шаруашылығы, жер қатынастары бөлімдерінің мамандарына және ауылдық округ әкімдеріне шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, аталған бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін ескертті.
Ауданда өзге салалардың да жұмысы өрге басқан. Білім беру ісінде де ілгерілеу байқалады. Мәселен, былтыр жалпы білім беретін орта мектептерді 804 оқушы бітіріп, оның 496-сы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Сынақ қорытындысы бойынша, аудан оқушылары 100,6 орташа балл көрсетіп, облыс көлемінде бірінші орынға табан тірепті. Сондай-ақ өткен жылы Сарыкемер мектеп-гимназиясының базасынан IT сыныбы ашылған. Алдағы уақытта білім мекемелерінің базасынан соның тағы біреуін ашу жоспарлануда.
– Бүгінде аумақтағы 6 елді мекенде клуб ғимараты жоқ. Ауыл тұрғындарымен кездесулерде клуб салу туралы ұсыныстар көтерілген болатын. Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен елді мекендерде мәдениет нысандарын салу, сонымен қатар олардың қызмет көрсету деңгейін арттыруға байланысты облыстық карта жасалды. Біздің ауданнан аталған картаның бірінші кезеңінде (2019-2021 жылдар) үш (Бурыл, Амангелді, Жетібай), екіншісінде Кеңес, Тегістік, Ақжар ауылында клуб салу жоспарланып отыр. Олардың жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға жергілікті бюджеттен 11 миллион теңге бөлінді. Құжаттар дайындалған соң, облыс бюджетінен құрылыс жүргізуге қаржы бөлінеді.
Ауыл тұрғындарына Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ қажетті құжаттарды осы орталықтардан алуға мүмкіндіктер жасау үшін биыл 6 ауылдан (Амангелді, Аймантөбе, Байзақ, Көктал, Жетібай, Үлгілі) ақпараттық орталықтар ашуды көздеп отырмыз. Оған бюджеттен 5 миллион теңге қарастырылды. Аталмыш орталықтарды ашу ісін ұйымдастыруды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Сыздықовқа тапсырамын.
«Атамекен» кіші бағдарламасы аясында «Байзақ баба» кесенесіне жүргізілген жөндеу жұмыстары аяқталды. Алдағы уақытта осы жоба шеңберінде Дихан ауылының түлегі, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров туған ауылында жаңа спорт кешенінің құрылысын бастағалы отыр. Бұдан бөлек, Бурыл, Үлгілі, Көкөзек ауылдарында жеке демеушілерді тарту арқылы кіші футбол алаңдарын салу қолға алынатын болады. Кәсіпкер Ләззат Жабатаеваның қолдауымен Сарыкемер ауылындағы орталық саябақта балалар ойын алаңқайы бой көтереді, – деді аудан әкімі.
Ауданда атқарылған жұмыстар көп. Алға қойған міндеттер де ауқымды екен. Осыған байланысты пікір білдірген аудан тұрғындары жарыссөзге шығып, жоспарлы шараларға өз ұсыныстарын қосуды сұрады. Мәселен, Темірбек ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхамеджан Садырқұлов жер пайдаланушыларға агрооқыту қолға алынса деді. Шахан ауылы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп директоры Елемес Есімов Абай, Амангелді, А.Сухамбаев атындағы мектептер күрделі жөндеуден өткізіліп, ауыл-аймақтардағы денсаулық сақтау мекемелеріне арнайы дәрігер мамандар тартылса деген мәселе көтерді. Ал Гүлбану Байқанова Ботамойнақ ауылдық округіндегі Байзақ ауылының Аймауытов көшесі түнгі уақытта жарықтандырылса және Үшбұлақ ауылына газдандыру жұмыстары жүргізілсе деген ұсынысын жеткізді. Бұл сұрақтарға қатысты аудан әкімі аталған елді мекенді жарықтандыруға 5 миллион 142 мың теңге бөлінгенін, Үшбұлақ ауылын газдандыру жұмыстары биыл жүргізілетінін атап өтті.
Жарыссөзде балық шаруашылығын дамыту, көшедегі жол қозғалысының қауіпсіздігіне қатысты мәселе көтеріп, А.Сухамбаев саябағын абаттандыру жұмыстары жалғасын тапса, қарттар мен мүгедектер үшін Үлгілі ауылындағы амбулаторияға арнайы көлік бөлінсе деген ұсыныс-пікірлер де айтылды.
Бұдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз сөйлеп, өткен жылы өңіріміз әлеуметтік даму көрсеткіштері бойынша бесінші орыннан көрінгенін айтты.
– Мұны өңір азаматтары мен басшылардың бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деуге толық негіз бар. Әрине, жұмыс кемшіліксіз болмайды. Оған жұрттың өзі сыншы. Ал Байзақ ауданына қатыстысын айтсақ, мұнда ең күрделісі – жер мәселесі мен өндіріс саласы. Одан кейін ауызсу, тұрғын үй, газдандыру мен жол десек, ауылдық жерлерде ең күрделі мәселе – жұмыссыздық, – деген Бекболат Серікбекұлы өзекті мәселелердің шешімін табуды тапсырды.
Есептік жиында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың барлығына жауап берілді. Жазбаша түскен ұсыныс-пікірлер де ескерусіз қалмады.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар