«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бизнесті қолдау да, жауапкершілік те артуда

Бизнесті қолдау да, жауапкершілік те артуда
ашық дереккөз
Бизнесті қолдау да, жауапкершілік те артуда

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында журналистерге облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандары және олардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуы, оларға көрсетіліп жатқан қаржылай емес қолдаулар туралы тарата айтып берді.

Оның айтуынша, өңірімізде «Атамекен» ҰКП бастамаларына сәйкес бірқатар игілікті істер жүзеге асырылған. Облыста құны 15,6 миллион теңгені құрайтын, инженерлік инфрақұрылымы, бас жоспары бар, егжей-тегжейлі жоспарланған геокарта әзірленуі соның бір айғағындай. Өңіріміздегі жер қорларының электрондық картасы да палата тарапынан қайта қаралуда екен. Сондай-ақ облыстың электр желілері жүйесін дамытудың карта-сызбасын әзірлеу жұмыстары да басталған. Баяндамашы облыс орталығында шағын индустриялық аймақ құру бастамасының қалай жүзеге асырылып жатқанына да тоқталып өтті.
– Біздің тарапымыздан бос тұрған ғимараттарды түгендеу жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде барлығы 46 үй-жай анықталды. Құрылуы көзделген индустриялық аймақ жобасына қатысуға ниетті 40 кәсіпкердің өтініші тіркелді. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы–2020», «Бизнес-Бастау» бағдарламалары шеңберінде қаржыландырылған жобалар бар. Бұдан тыс жергілікті атқарушы органмен бірлесе бизнесті өрістету үшін бос орындар бөлуге байланысты Тараз қаласында «100 орын – көше саудасы» бағдарламасы әзірленді. Бүгінгі күнге дейін төрт аукцион өткізіліп, көше саудасы үшін 25 жер телімін беру келісімшарты жасалды, – деді.
Палатаның кәсіпорындардағы кадрларға ділгірлік қаншалықты деңгейде екенін зерделеуге атсалысуы да әбден құптарлықтай. Осыған байланысты палата өңіріміздегі жұмыс берушілердің мамандарға деген сұраныс қандай деңгейде екенін анықтау мақсатымен былтыр алғашқы тоқсанда облыстық білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, жастар саясаты мәселелері басқармаларымен, аудандық әкімдіктермен бірлесіп, барлық аудандарда зерделеу жұмыстарын жүргізген. Өңірдегі 4 299 кәсіпорын сауалнамалармен қамтылып, 2018-2023 оқу жылдарында қажетті кадр даярлау 18 903 орынды құрайтыны анықталыпты.
Мәріпбек Шәкербекұлы өңірдің барлық кәсіпкерлік нысандары арасында олардың проблемалық мәселелерін анықтау және шешу мақсатымен сауалнама жүргізу басталғанын, сондай-ақ ағымдағы жылдың соңына дейін облыстық әкімдікпен бірлесе шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жұмысына талдау және скрининг жүргізу жоспарланып отырғанын да атап өтті. Скринингтің нәтижесі өңірдің даму әлеуеті мен халықтың табысын арттыруға бағытталған нақты шараларды әзірлеуге де негіз болмақ.
– Біз барлық саланы қамтып жұмыс істеудеміз. Бүгінде палатаның сүйемелдеуінде жалпы құны 2,3 миллиард теңгені құрайтын 615 жоба бар. Қаржыландыру мен бизнес жүргізуге қажетті рұқсат беру құжаттарын алу бойынша да оң нәтижеге қол жеткіздік. Сервистік қолдау аясында 2 287 шағын және орта кәсіпкерлік нысанына 3 070 қызмет көрсетілді. Ал «Бастау» жобасы бойынша оқыту 10 ауданды қамтып, барлығы 1745 тыңдаушы оқытылды. 2,4 миллиард теңгенің 667 жобасы қаржыландырылды, – деп түйді сөзін Мәріпбек Шәкербек.
Басқосу соңында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жан-жақты жауаптар қайтарылды.

Баймаханбет АХМЕТ

Ұқсас жаңалықтар