Елімізде экономиканы өркендетудің негізгі буыны саналатын шағын және орта кәсіпкерлік ісі құлашын кеңге жаюда. Бүгінде дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтінгісінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-орынға көтеріліп отыр. Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Үкіметке бизнес өкілдерін шағын несиемен қамту аясын кеңейтуді, жеке инвестицияны ынталандыруды, нарық еркіндігін қолдай отырып, отандық өнім өндірісін дамытуды, бір сөзбен айтқанда, жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіруді тапсырғаны белгілі.
Біздің алға қойып отырған стратегиялық басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Инновациялық-индустриялық даму заманауи нарық талабының сұранысына сәйкестендірілген жаңа технологиялар мен техникаларға, ғылыми ізденістер мен жаңашылдыққа негізделген экономикалық өсудің негізі болып табылады. Облысымызда жыл сайын дерлік жаңа өнеркәсіптік өндірістер іске қосылып, индустриялық-аграрлық өңірге айналып келеді.
Елбасы өзінің былтырғы Жолдауында «Біз 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске қостық. Өңірлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиімділігіне көз жеткіздім. Бағдарламаның қолдану мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет», деп атап көрсеткен. Мемлекет басшысының бұл бастамасы әбден құптарлық. Өйткені аталған бағдарламаның тың жобаларды жүзеге асыруға тигізер септігі де, мүмкіндігі де мол.
Бизнесті қолдау мен дамытудың осынау бірыңғай бағдарламасы енгізілген сәттен бастап облысымызда 98,9 миллиард теңгенің 1355 инвестициялық жобасы іске асырылыпты. Оның ішінде, бағдарламаның бірінші және екінші бағытындағы «Пайыздық баға мөлшерлемесін субсидиялау» тетігі бойынша 83,1 миллиард теңгенің 873 жобасы іске қосылған.
Қаржыландыру тетігіне келетін болсақ, екінші деңгейлі банктердің ішінде «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы 206 жобаға қаражат беру арқылы банктер ішінде көш басында келеді. Бүгінгі таңда банктер тарапынан кепілдік сомасы 3,8 миллиард теңгені құрайтын 334 жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде 249-ы субсидиялау арқылы қолдау тапса, 22-сі тек кепілдікпен жұмыс істеуде.
Елімізді индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында өңірімізде жалпы құны 601,5 миллиард теңгені құрайтын 46 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде құрылыс жұмыстарына барлығы 7221 адам жұмылдырылып отыр. Ал олар нақты іске қосылған кезде 6601 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Алдыңғы жылы өңірімізде 13 миллиард теңгені құрайтын – 10, ал өткен жылы жалпы құны 10 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Мұнда аудандарға қарағанда Тараз қаласы кәсіпкерлерінің белсенділігі жоғары. Атап айтсақ, былтыр қалада 444 жоба қолға алынды, 416 жоба аудандардың үлесінде. Нәтижесінде 481 жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл жалпы құны 31,1 миллиард теңгені құрайтын 8 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарлануда. Олар жүзеге асса, 799 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылмақ.
2020 жылы жалпы құны 118 миллиард теңгені құрайтын – 6, 2021 жылы жалпы құны 403,7 миллиард теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде. Соның нәтижесінде 1900 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Бүгінде өңірімізге сырттан көптеп инвесторлар тарту мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Бізде жер қойнауында ашылған пайдалы қазбалардың мол қоры бар. Мәселен, облыста фосфориттің – 72, ал плавикошпаттың 80,6 пайыз шикізат қорының бары анықталған. Бұл облысымызда химия өнеркәсібін, кен-металлургия кешенін, ауыл шаруашылығы және құрылыс материалдары индустриясын дамытуға кең жол ашады. Сондай-ақ өңірде химия саласын дамыту бағытында «Қазфосфат», «ЕуроХим-Тыңайтқыш», «Тараз химиялық паркі» және «Taraz Investment» ЖШС-лары жүйелі жұмыс істеуде.
Инвестициялар тарту мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету шеңберінде «Жамбыл облысының инвесторларына қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» құрылды. «Taraz Invest» инвестицияларды тарту жөніндегі жетекші агенттіктердің озық тәжірибесі негізінде Өңірлік даму институты ретінде әрекет етеді.
2017 жылдан бастап «Taraz Invest» тарапынан облыс аумағында жаңа жобаларды іске асыру бойынша шетелдік және отандық инвесторлармен 300-ден астам жеке кездесулер өткізілді. 30-дан астам жоба сүйемелдеумен алынды. Өткен жылы 40,3 миллиард теңгені құрайтын 15 жоба іске асырылды. Оның ішінде «Комбайн Сази Иран» Иран компаниясының қатысуымен 480 миллион теңгенің астық жинау комбайндарын құрастыру қолға алынды.
Биыл және 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы құны 114,5 миллиард теңгені құрайтын 22 жобаны пайдалануға беру жоспарлануда. Оның ішінде 3 жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылмақ. Биыл 17,2 миллиард теңгенің 10 жобасы бір мәнді түрде пайдалануға берілетін болады, қалған 12 жоба 2020 жылдың басында іске қосылады деп күтілуде.
Инвестиция тарту және өңірдің инвестициялық климатын жақсарту мақсатында Шымкент және Алматы қалаларында «Роуд-Шоу» іс-шаралары өткізілді. Сонымен қатар 2018 жылдың мамыр айында облыстың инвестициялық порталын әзірлеу жұмыстары аяқталды, онда аймақ, геосаяси жағдай, негізгі қорға инвестициялар, екінші деңгейдегі банктер, экономиканың перспективалы салалары және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша ақпараттар жинақталған. Инвестиция тарту мұнымен тоқтап қалмақ емес. Осы инвестицияларды жүзеге асырудың арқасында облыс экономикасы еселеп артып, жұмыссыздар саны біршама азаяды деген сенімдеміз.
Арнұр Мұхамеджанов,
облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық
дамыту басқармасының басшысы.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді